• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Тамыз, 2022

Өмір шындығын жырлаған ақын

6749 рет
көрсетілді

Қазақта сөз ұстап, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ірі ақындардың бірі – Шәңгерей Бөкеев. ХІХ ғасырдың соңғы жартыжылдығы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ақынның елді өнер-білімге үндеген туындылары, философиялық толғаулары, махаббат лирикасы, табиғатты суреттей жазған шығармалары қазақ жұртының рухани қазынасына қосылған үлкен үлес болды.

Ш.Бөкеевтің ақындық қуаты, жаңа­шылдығы, шығармаларындағы ерекше­ліктер азды-көпті зерттеліп те жүр.

Шәңгерейдің туындылары алғаш рет Ғұмар Қараш құрастырған «Шайыр» (1911), «Көксілдер» (1912) жинақтарында, Ахмет Байтұрсынов жинаған «23 жоқ­тау» (1926) кітабында жарық көрген. Шәңгерейдің өлеңдер жинағы бірінші рет 1933 жылы дербес кітап болып шықты.

Шәңгерейдің өлеңдерін зейін қойып оқып шықсаңыз оның философиялық ой-толғамдарына тәнті боласыз. Астарлап, мысалдап, әріден орағытып айтқан ойлары ақынның сөзге жүйрік, тілге бай, білімі кемел, оқығаны мен тоқығаны көп дарын иесі екенін еріксіз мойындатады.

Мәселен, «Өмірдің өтуі» деген өле­ңін­де астарлай сөйлеп отырып, дүние кезек екенін, күштінің әлсізге зорлығы, әлсіздің көрер қорлығы жалған өмірдің ажырамас бір бөлігі болып, заңдылық ретінде қалыптасып кеткенін айтады.

«Құдыққа құлан құлаған,

Құлағанда құрбақа,

Қауіп-қатерсіз ойнаған.

Ойлағанға бұл заман:

Қырда құлан жүрсе аман,

Лаң, түрлі қазадан,

Бақа жаны баз кешер,

Құлағына құланның

Ойнаймын деп бойлаудан.

Сусаған құлан шұбырса,

Аса бір аса құлаудан,

Іздегені қақ болар,

Жолбарысқа жол тосқан

Қазалы құлан тап болар,

Бой жасырып ол жыртқыш,

Шыға бір шапса сайлаудан...

...Буынына түсіп жылы қан.

Қайратына мас болған,

Қайдан білсін ол айуан?!

Бөкен терісін бөрік еткен,

Сексеуілден күрке еткен,

Бауырына тулақ жамаған,

Қаңбаққа жүзін қамаған.

Білтелі қара қолында,

Шақпақтан оған от беріп,

Жолында жатыр бір адам...»,

дейді.

Өмірді жалған дейміз. Өйткені өмір бар жерде өлім, бақи бар. Осы қара­пайым ұғым-түсінікті ақын сөзімен зер­де­лесеңіз, өмірдің жалғандығын, мына тір­­шіліктің өткінші екенін жаныңыз ­ауыра отырып қабылдайсыз әрі баянсыз тірліктің құлақкесті құлы болудан тартынып, пендешіліктен жоғарырақ тұруға ұмтыласыз. Бұл айналып келгенде адами қасиеттерді сақтап, кісілік келбетіңе дақ түсірмей өмір сүруге шақырады.

Мәселен, Шәңгерей Бөкеевтің «Жал­ғаншы, жарық дүние!» деген өлеңінде:

«Жалғаншы, жарық дүние!

Бізден де бір күн қаларсың.

Піл сауырлы қара жер

Қойныңды ашып, қол жайып

Құшағына аларсың!

Ойқай, сонда күн қараң,

Басыңа ақ тас қойылса

Сөзбен түрлі безенген.

Үстіңе топырақ үйілсе

Шөккен нарға меңзеген.

Тіл кесіліп, үн бітер,

Сайраған мұны жыраудан,

Тыңдаған айтар: «не пайда

Мұндай сөзді жырлаудан?»

Дүние қуған көңілім

Нәпісіменен қарайған.

Хақ диуанға* (Құдайдың сөзі) асықтай

Мұрат тапқан құдайдан.

Сонда бір көңілім сап болар,

Жалғыз жатып күңіреніп,

Қазаны ойлап толғаудан», деп өмір жайлы толғаныс-насихатын, өзінің ұғым-түсінігін тереңнен жырлайды. Сондай-ақ ақын өмірдің мән-маңызына байыппен қарап, оның қадіріне жетуге, бағасын біліп, ғұмырды барынша мәнді өткізуге үндейді.

Ш.Бөкеев өз туындыларында қазақ­тың бай әдеби тілін орнықты әрі ретімен қол­­да­нып, айтар ойын дәйекті түрде жет­кізеді.

Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым ака­демиясының корреспондент-мүшесі Ысқақ Тәкімұлы Дүйсенбаев кезінде Ш.Бөкеев туралы: «Шәңгерей, біріншіден, өз халқын өнер-білімге, мәдениетке ша­қырды; екіншіден, шын мағынасында про­фессионал ақын болғандықтан, қазақ өле­ңін мазмұны мен түр жағынан байы­та түсті. Әсіресе ақынның таби­ғат суретт­ерін, философиялық толғау­ла­рын, ма­хаб­бат лирикасын өзіне тән ерек­ше­лігі бар, әшекейлі, өрнегі мол қазына деп баға­лауымыз керек», деп жазды. Ғалым­ның ақын Шәңгерейдің шығармашылығы жөнінде айтқан осы құнды пікіріне біздің қосып аларымыз жоқ.