• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2014

Медаль

523 рет
көрсетілді

«Ерлігі үшін» медалі бар төсінде, Майдангермен сырласқаным есімде. Бір мың төрт жүз он сегіз күн және түн Осынау жан жүрген жорық көшінде.   Осынау жан өмір үшін күрескен, Өмір үшін өлімменен тірескен. Жанардағы жан шырағы – жарығы Жел өтінде мың тіріліп, мың өшкен.   Қанды майдан, жорықты жол, сыз окоп, Жүрегінде жауға деген ыза-кек. Туған жерде жат тұрғанын ойласа, Бойы суыр салғандай-ақ мұз әкеп.   Қарт мінезі әшейінде қатал-ақ, Немереге отырар тек боталап. Қарт жүрегі елжірейді, медалін Сәби саусақ сипағанда «аталап».   Ордені жоқ, жалғыз ғана медалі, Мақтаныш қып өңіріне тағады. «Медаль ма?!» деп менсінбесе кей шіркін, Қыран қабақ қырауланып қалады.   Мұндай ойға қайран көңіл жабырқап, Ондайларға қарай қалар таңырқап. «Ерлігі үшін» деген сөздің бағасын Бастан кешкен біледі ғой аға ұрпақ.   Мәскеуіңнен жолды тартқан Берлинге, Толған небір қырғын менен сүргінге, Осы қазақ жауынгердің ерлігі Дастан болып жазылған-ды әр күнге.   Ерлік жасау ойында еш болмаған, Бар білгені – елін жаудан қорғаған. Сондықтан да әр қадамы жеңіс боп, Отанына бейбітшілік орнаған. Соғысып па ерлік жасау үшін ол, Туған елге сатпайды әсте күшін ер! Отан бірақ ерлігі үшін деп берген, Сол медальдің салмағын жұрт түсінер...  Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.