Жақында Қостанай облысы Амангелді ауданындағы халық батыры А.Иманов атындағы мемориалдық музейге белгілі спортшы, қолөнер шебері Нұрлыбек Бұлжанның Кейкі батырға арнап жасаған шоқпарын аталған мұражайға белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев табыс етті.
Ел ақсақалдары мен батыр ұрпақтары қатысқан мазмұнды іс-шарада Айбек Қалиев құралайды көзге атқан мергенге арнап жасаған шоқпардың тарихына тоқталды.
– Жақында Қостанай қаласында белгілі спортшы, тхэквондодан аты әлемге әйгілі Мұстафа Өзтүріктің шәкірті, сегіз қырлы, бір сырлы Нұрлыбек Рәбілұлымен таныстым. Өзі ел ішіндегі көптеген игілікті іске бастамашы болып жүрген азамат. Бабаларымыз ұстаған бес қарудың біріне жататын шоқпар жасаудың да шебері. Соның біреуіне Кейкі батыр есімін беріпті.
Соны маған ұсынып, ержүрек тұлғаның туған жеріндегі мұражайға тапсырыңыз деп аманат етті. Бүгін соның сәті түсіп, бағалы дүниені Кейкі атамыздың үзеңгілес досы, сенімді серігі Аманкелді Иманов атындағы мемориалдық музейге тапсырып отырмын, – деді ол.
Одан кейін сөз алған музей директоры Сахан Оңжанұлы Кейкі батырға арнап жасалған шоқпардың жерлестері үшін өте құнды екенін атап өтіп, оны жасаған шебер Нұрлыбек Бұлжан мен жеткізген ақын Айбек Қалиевке алғысын айтты.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
журналист
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы