25 жастағы ер адам жағаға жақын жерде жалғыз шомылып жатқан кезде итбалық оған шабуыл жасағанын айтты. Жануар оны қолынан тістеп, арқасы мен иығына сызат түсірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Барлығы итбалықтарды сүйкімді және қауіпсіз тіршілік иелері деп санайды. Бірақ бұл олай емес, олар да жыртқыштар және теңізде өздеріне қорек іздейді», деп жазады зардап шеккен ер адам әлеуметтік желіде.
Бұған дейін итбалықтың екі қызға шабуыл жасағаны туралы хабарланған еді. 16 қыркүйекке дейін зардап шеккендерге құтырмадан вакцинация жасалады.
Экологтар сүтқоректілердің агрессивті мінез-құлқын өздерінің табиғи ортасын қорғаумен байланыстырады. Таяз суда итбалықтардың пайда болуының тағы бір нұсқасы – балық аулау.
«Зардап шеккендер - итбалықтардың тіршілік ету ортасына енген адамдар. Менің ойымша, мемлекет итбалықтарды өздерін жайлы сезінетін ортамен қамтамасыз етуі керек», деп пікірін білдірді Kaz Eco Patrol қоғамдық қозғалысының жетекшісі Тимур Елеусізов.