АСТАНА. 9 мамыр. Бүгін Президент Жеңістің 69 жылдығына орай Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойып, сол бір сұрапыл соғыста қаза тапқан боздақтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды. Содан кейін Мемлекет басшысы бүкіл қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Жиында Нұрсұлтан Назарбаев: «Құрметті қазақстандықтар, баршаларыңызды бүгінгі ұлық мереке – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіспен шын жүректен құттықтаймын! Біз - ардагерлерімізді ардақтайтын, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз», – деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ардагерлердің кешегі ерен ерліктеріне тоқтала келе: «Ұлтшылдық пен фашизмнің не екенін біздің аталарымыз, ағаларымыз жақсы біледі, соған қарап жастарымыз бірлікке, Отанды қорғауға үйренсе екен дейміз», – деді.
Астанада ардагерлер мен қала тұрғындары «Отан қорғаушылар» монументіне жиналып, Жеңіс күнін атап өтуде. Жиналған қауым сарбаз ботқасының дәмін татып әрі соғыс кезінде шырқалған әндер айтылды.
Бүкіл әлемді шарпыған, үзіліссіз 1418 күнге созылған бұл сұрапыл соғыстың бел ортасында қазақстандықтар майданда да, тылда да ерліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Елімізден майдан даласына 1 млн. 200 мыңнан астам жауынгер аттанды. Олардың 600 мыңы майданнан елге қайтып оралмады.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: «ҚазАқпарат».