• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Тамыз, 2022

Шала ұйқылы шаруа арзан жанармайға жарымай жүр

306 рет
көрсетілді

Диқан мен шаруаның шала ұйқылы болатын шағы келді. Қырда шалғы сырылы, етекте орақтың дауысы естіліп, шөп шабу мен егін ору науқаны қызып тұр. Осы беймаза кезеңдегі елдің тілеуі күн райы құбылмай, техника тоқтаусыз жүріп, қажетті жанар-жағармай жеткілікті болса дегенге саятыны да рас.

Қуанарлығы, қазір Алатау аймағындағы ауа қысымы қалыпты, орақшыларға табиғат көмектесіп тұрғандай. Техниканың да тілін тауып, жұмыс істеп жатқан бесаспап жандар жарап тұр. Алайда мемлекет қолдауы­мен бөлініп, арзан бағада берілетін жанармайдың жетіспеушілігі туындады. Жалпы, былтыр аймақта егін егу жұмыстарына барлығы 29,5 мың тонна дизель отыны бөлініп, диқан мен шар­уа оның 15,3 мың тоннасын немесе 51,8 пайызын ғана игерген көрінеді. Бұл қисынсыздау үрдіс биыл байқалыпты. Мәселен, осы жылы облысқа 24,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның ішінде көктемгі егін жұмыстарына берілген 14,4 мың тонна дизель отынының 6,9 мың тоннасы ғана пайдаланылған.

Ауыл шаруашалығы басқармасының ма­ман­дары мұны шаруа қожалықтарынан өті­­нім­­нің аз мөлшерде болғанымен түсін­­­ді­реді. Яғни алдын ала тапсырыс берілме­­ген­­нен кейін қажетті мөлшердегі жанар­май­­ды төмендетілген бағада алу мүмкін емес.

Бірақ осы бағыттағы жұ­мысқа тал­дау жасаған Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бо­йын­ша экономикалық тергеу де­пар­та­менті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бөлінген дизель отынын кепілді бағамен бөлу және же­ңіл­дікпен берілетін дизель отынын жос­парлау заңмен реттелмегенін анық­тады. Эко­но­микалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Төлеуовтің ай­туынша, маусымдық жұмыс кезінде арзандатылған дизель отынының тапшылығы туындаған. Қазір жанармай бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу, оны бөлу, тарату, игеру және орын алған кемшіліктерді заң аясында шешу жолдары қарас­ты­рыл­ды. Осы орайда шаруалар мен мамандар пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін ортаға салуы да маңызды. Құзырлы органның тексеруінен кейін күзгі жиын-терінге бөлінген 10,1 мың тонна дизель отыны кес­теге сай игеріле бастаған. Қазір жеңілдетілген ресурс­тарды пайда­лану кезінде заң талап­тарының сақ­талуын қамтамасыз ету жұмысы жал­ғасуда.

Айтпақшы, жеңілдікпен берілген жанармай жергілікті шаруаларға үлкен демеу. Мұны сезінген шаруа қожалықтары екпінді еңбекпен орақ науқанына үлес қосуда. Мысалы, Балқаш ауданындағы мал өсіруші шаруашылықтар жемшөп дайындау жұмысына қызу кірісті. Биыл аудан көлемінде 14 877 гектар суармалы жерге көпжылдық жоңышқа егілген. Бүгінде екінші орылымның 6 836 гектары шабылып, 5 498 гектары бас­тырылды. Мұның сыртында 236 гектар жерден 12 828 тонна пішендеме дайындалған. Осы аудандағы «Өтес-Ақдала» серіктестігінің шабындық алқабында шалғының үнінен құлақ тұнады. Шаруашылық бригадирі Әбіш Бірлікбаев өздеріне тиесілі 1 548 гектар жерге көпжылдық шөп еккенін, бүгінде алқапқа екінші орақ түскенін айтады. Шабындықтың 140 гектарын шауып, 60 гектарын бастырған. Шөп шабуға қажетті техникалар да сақадай сай жұмыс істеп тұр екен.

– Қысқы мал азығын уақтылы да­йындауды мақсат еткен пішеншілер, таң бозынан кешке дейін маңдай терлетіп, еңбек көрігін қыздыруда. Жоңышқа жапырағы көк майса кү­йінде тиісті жерге жөнелтіліп жатыр. Шөп ору науқаны басталғалы жұмыстарын тиянақты атқарып жүр­ген Құрыш Қиқаев пен Ерғанат Асанбай сияқты механизаторларды мақ­тан етеміз, – дейді шаруашылық бригадирі Әбіш Бірлікбаев.

 

Алматы облысы