• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Тамыз, 2022

Сүт өнімдеріне сұраныс көп

481 рет
көрсетілді

Отандық нарықта 70 жылдан бері іркіліссіз жұмыс істеп келе жатқан Текелі сүт зауыты жуырда стақандағы тұзды айран мен дәстүрлі рецептпен құрт шы­ғара бас­тады. Сөйтіп, зауыттың шығаратын өнім түрлері оннан асты, яғни сары май, сүзбе, қаймақ, майлылығы әртүрлі сүт пен айранның қатары жаңа өнім­­дермен толықты. Сонымен қатар тәжірибе ретінде «Сулугуни» ірімшігін өнді­­руді де қолға ала бас­тады. Алдағы уақытта балмұздақ шығаруды жоспарлап отыр.

Аталған кәсіпорынның іргесі 1953 жылы қаланған. Содан бері қандай қиын кезеңдерді бастан кешсе де, тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын директоры Денис Дёнің айтуынша, жазғы маусымда зауыт өңдейтін сүттің көлемі тәулігіне 13 тоннаға жетеді, ал қыста 7 тонна шамасында болады. Шикізат ретінде «Хильниченко», «Райманов», «СПК» сияқты ірі фермерлік шаруа­шы­лық­тардан күніне 2 тоннадан 3,5 тоннаға дейін сүт қабылданады. Сол сияқты 100-ге тарта жеке ауладан да сатып алынады.

Қабылданатын сүттің бағасы сапасына қарай 160 теңгеден 213 теңгеге дейін бел­гіленеді. Ол алдымен арнайы зертханада тексеріліп, 3 сүзгіден өткізіледі, тек жа­рамды сүт қана әрі қарай пастерлеуге жөнел­тіледі.

Дайын өнімдер негізінен Текелі, Талдықорған және Алма­ты қала­ларында саудалана­ды. Сондай-ақ аздаған бөлігі Ес­кел­ді ауданына қарасты Қара­бұ­лақ ауы­­лында және Көксу ауданының Балпық би ауылында сатылады. Мәселен, был­тыр бір айда Алматы қаласына Те­ке­лі сүт зауытының 3 тонна өнімі өткі­зілсе, биылғы бір айда сатылған өнім көлемі 5 тоннаға жетті. Отыз жылдық тәжірибесі бар маманның бірі, технолог Валентина Курбак кәсіпорынның болашағы зор екенін айтады.

«Мұнда 1990 жылдары жұмыс­қа кел­дім. Бұл еліміз ал­ғаш тәуелсіздік алған жылдары бола­тын. Шыны керек, за­уыттың тағ­дыры қыл үстінде тұрды. Ал­ғашында шебер болып бас­тадым. Содан бері зауытты сақтап қана қоймай, өнім көлемін арт­тыруға да қол жеткіздік. Мем­лекеттік қол­даудың нәтижесінде кәсіп­ор­нымыз жаң­ғыртудан өтті. Бү­гінде жұмыс көлемі артты, сұ­раныс та мол», дейді В.Курбак.

2015 жылы зауыт «Өндіріс-2» мемле­кет­тік бағдарламасының «Даму» бағыты бойынша жеңіл­дік­пен 171 млн теңге несие алған. Бұл қаржыға заманауи құрал­дар сатып алынды. Алынған займ қары­зы­нан келесі жылы кәсіпорын толық құ­тылған.

«Сары май өндірісі қашаннан шығы­ны көп өндіріс саналады, сондық­тан біз сары май үшін субсидия аламыз. Өзде­рі­ңіз аң­дап қарасаңыздар, 1 кило май алу үшін 25 литрдей сүт кетеді. Қазір 1 кило май дайындауға кететін шығын бізде шамамен 5 300 теңге. Бұл – электр энер­гиясын тұтыну мен жолға кететін шығындарды қоспағандағы есеп. Ал мемлекеттік қолдаудың көме­гімен біз дайын майдың килосын 4 мың теңгеден сатамыз. Әрине, бұл да арзан емес, бірақ өнімдеріміздің сапасына зор жауап­кер­ші­лікпен қараймыз. Біздің майымыз – таза сары май, былайша айтқанда, әже­ле­ріміздің ешқандай қоспасыз табиғи жол­мен дайындайтын рецептіндегідей да­йындалады», дейді Д.Дё.

Оның айтуынша, Талды­қор­ған қала­сын­­дағы сауда дүкендері «Теке­лі­нің майы» деп 1 600 теңге мен 2 мың теңгенің аралығында сапасы төмен майларды саудалауда екен. Сатушылардан сұрағанда, олар «Текелі сүт за­уы­тының майы» десе тауар тез өтетінін айтып ақталыпты. Кәсіп иесі бұл жалған ақпараттар зауыт имид­жіне нұқсан келтіріп жатқанына қапалы. Сүт өнім­дерінде тәжірибесі мол өнер­кәсіп бұған дейін сапасыз өнім шығармаған. Оған тұты­ну­шы­лар­дың тілегі дәлел.

Директордың мәліметіне қа­ра­ған­да, өткен жылдан бері зауыт ассор­ти­ментті көбейте түс­кен. Алдын ала жүр­гізілген зерделеу жұмыстарының қоры­тын­ды­сын­да халықтың тұзды айранға деген сұранысы көп екенін анықтаған.

«Өнімнің осы түрін шығару үшін қосымша құрылғы сатып алудың қажеті болмады. Тек рецепті таңдауға келгенде біраз ойландық. Алдымен оның бір­не­ше түрін жасап көрдік. Оған 3 айдай уақыт кетті. Ақыры дәмі неғұрлым үй айранына ұқсас түріне тоқталдық. Жаңа өнімнің құны – 90 теңге. Сол сияқты құрт шығара бастадық. Кәсіпорынға құрт жасауды жақсы меңгерген жер­гілікті әйелдердің бірін ша­қы­рып, ол үй жағдайында құрт­тың қалай жасалатынын тү­гелдей көрсетіп берді. Қазір құрт өндіруде ауқымды көлемге шыға қойған жоқпыз. «Аз болса да саз» дегендей, уақытша эксперимент түрінде шығарып жатырмыз. Әзірге дүкендерге әрқайсысында 30 құрт салынған пластик ыдыс­тар­да өткіземіз», дейді зауыт ди­рек­торы.

Кейінгі жылдары өнімнің сыртқы қаптамасына да көп кө­ңіл бөліне бастады. Дизайнын Алматы қаласындағы жас­тар ұйымы әзірлеген. Бір қызығы, жас­тар жұмысты бастамас бұрын Текеліге арнайы келіп, өнімнің сапасына көз жеткізген. Жастар жақсы әсер алғаннан болар, оларға біздің тауарлар дизайн жасауда жаңаша серпін берген сияқты. Соның нәтижесінде зауыт ұжымы бір­неше нұсқаның ішінде қызылды-жа­сылды түс­тер­мен көркемделген, Теке­лі тау­ларының шыңы мен сүт там­шы­ла­рын әдемі үйлестіре сызған ди­зайн­ға тоқталды. Ұжымның «иә», «жоқ» деп дизайн түрлеріне дауыс берген кезде көтерген плакаттары дирек­тор­дың каби­не­тінде әлі күнге тарих ретінде сақталып тұр.

Жалпы, кәсіпорын сұйық өнім­дерге арналған финпак пен пластик стақан­дар­ды Ресейден сатып алады. Қазір олардың бағасы 2-2,5 есе өскен. Жол тасымалының да шығындары бұрын­ғы­дан едәуір ұлғайды. Сондықтан өнер­кә­сіптің іргесін одан әрі кеңейту үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Қазір зауытта 50 адам жұмыс істейді, олардың ор­таша жалақысы – 90 мың теңге. Жұ­мыс­шыларға тегін таңғы ас пен түскі ас беріледі.

«Біздің өнімдеріміз эколо­гия­лық жағынан таза болған­дық­тан, олардың сақталу мерзімі қысқа. Мәселен, сүт 5 күн, айран 7 күн сақталады. Біз әлі күнге дейін таза айранның ашытқысын пайдаланамыз. Текеліліктердің 90 па­йызы біздің өнімдерімізді тұ­ты­нады десем артық айтқандық емес. Өніміміздің көпшіліктің сұранысына ие болуы ата-баба­ла­рымыздың дайындау тәсілінен алшақ кетпегенімізде шығар», дейді жас кәсіпкер.

Қазір жетісулықтар барынша теке­лі­лік сүт өнімдерін пай­далануға асық. Таза әрі табиғи тауарлар тұтынушы­лар­дың ден­саулығына да зор көмек. Оны жұрт жақсы бағамдайды әрі ба­ғасы да көңілге қонымды. Өзге сау­дагерлердің ауылдан әкеліп, Теке­лі­ден жеткізгендей жел­пінетіні содан. Сондықтан зауыт мамандары өңір тұр­­ғын­дарына алданып қалмауды ес­кертеді.

 

Жетісу облысы