• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2014

Ржев иіні

497 рет
көрсетілді

Мәскеу-Волоколамск тасжолынан солға бұрылған соң, қазақ өлеңінде «орманы жас, жері кәрі, ата қоныс санайды жұрттың бәрі» деп жырланатын көне Тверьге қарай маңдай түзейсіз. Бұл ХХ ғасырдағы ғаламат қанды қасап құрбандарының қаны мен тері сіңген қасиетті жер. Еділдің бастау жағасына орналасқан, 1929 жылға дейін Тверь губерниясының орталығы болған, 1931-1990 жылдары Калинин атанған қала. ХІІ ғасырда пайда болған Тверь осы байырғы тарихи атауына 1990 жылы ғана қайта оралды. Сол себепті соғыс жылдарындағы құжаттарда Тверь Калинин қаласы, осы өңірдегі ұрыс алаңы  Калинин майданы болып көрсетіледі. Бұрын да, қазір де Тверь – тоғыз жолдың торабы әрі Санкт-Петербург пен Мәскеуге қарай шығатын жолдардың тоғысқан жері. Сондықтан немістің «Орталық» әскер тобы 1941 жылғы 17 қазанда қаланы жаулап алып, қала халқы екі айға жуық жау қолы астында болды. Өршелене ұмтылған неміс әскерінің алдын тосқан кеңес әскері оларды бұдан әрі алға жібермеді. Сол жылғы 6 желтоқсанда Калинин майданының жауынгерлері қарсы шабуылға шығып, 16 желтоқсанда Тверьді азат етті. Сөйтіп, Мәскеуден 170 шақырым жердегі Тверьдің 1941 жылы жаудан босатылуы қызыл әскердің елеулі стратегиялық жеңісі болып соғыс тарихына енді және кезінде ел астанасына төнген қауіпті біршама сейілте алды. Мәскеуге тиіп тұрған Тверьдің жаудан босатылуы және осы бағытта тегеурінді қорғаныс шебі орнығып, қарсы шабуылдау әдісі қолданыла бастаған соң, Мәскеуге Смоленск жағынан төнген жау әскерінің жаңа күшін тойтару міндеті туды. Енді Смоленск облысындағы Вязьма қаласы мен Тверь облысындағы Ржев қаласы арасындағы тура сызықтай созылған жаңа шептің стратегиялық ерекшелігі күшейді. Ржев-Вязьма иінінде 1941 жылдың аяқ кезінен бастап 1943 жылғы наурызға дейін үздіксіз, үзіліссіз қантөгісті шайқастар өтіп жатты. Кейбір жарияланымдарда нақ осы майдан алаңында бір миллионнан астам кеңес әскері құрбан болды деп тұжырымдалады. Ал екі жақтың адам шығынын қоса есептегенде, қаза тапқандар саны 2,5 миллионнан астам деседі. Сол миллиондардың тағдыры мен тарихы енді-енді ашылып, заманның жаңа сәулесіне шалынып жатыр... 2007 жылы ғана Ржевке «Әскери даңқ қаласы» құрметті атағы берілді. Өйткені, ел аузында әдетте «қолбасшылықтың қателігі», «еттартқыш», «өлім аңғары», т.б. деп айтылатын Ржев қырғынының нағыз шындығы соңғы жеті-сегіз жылдың жүзінде белгілі болды. Ржев-Вязьма шебіндегі шайқастар – екінші дүниежүзілік соғыс шежіресінде ештеңемен салыстыруға келмейтін қантөгіс. Атақты қаламгер Илья Эренбург Отан соғысының қай шайқасы өмірде ұмытылмастай болып есіңізде қалды деген сауалға «Ржев» деп жауап берген екен. Даңқты жазушы Константин Симонов осы қанды қырғынды «өлім аңғары» деп атапты. Қиян-кескі ұрыстар туралы аса көрнекті орыс ақыны (суретте – ред.)Александр Твардовский «Я убит подо Ржевом» деп өзектен өтетін өткір өлеңін жазып қалдырды. «Я убит подо Ржевом, В безыменном болоте, В пятой роте, на левом, При жестоком налете…. Фронт горел, не стихая, Как на теле рубец. Я убит и не знаю, Наш ли Ржев наконец?..» – деген жолдар бүгінде Ржевтегі соғыс тарихы мұражайына кірген адамның көзіне бірден түседі. 1942 жылдың сұрапылын суреттеген бұл өлең 1946 жылы жазылған. Оның тарихы да қызық. Ржевтің қанды шайқасына қатысқан Владимир Петрович Бросалов деген жауынгердің анасы «ұлыңыз 1942 жылғы 25 қыркүйекте ерлікпен қаза тапты, Калинин облысының Зубцовск ауданындағы Бершево деревнясының шығыс жағына жерленді» деген «қара қағаз» алады. Бірақ артынша жауынгер Бросаловтың тірі екендігі, госпитальда емделіп жатқаны белгілі болады. Жауынгердің анасымен сөйлесіп, «қара қағазды» оқыған ақынды осы жайт қатты толғандырыпты… Нәтижесінде атақты «Я убит подо Ржевом» деп аталатын ұзақ өлеңі өмірге келеді... 17 айға созылған Ржев-Вязьма бағы­­­тындағы шайқастарға жиһангерлік соғыс­тың ешбір ұрысы теңдесе алмайтынын зерттеушілер жиі айтады. Шайқастардың ауқымы да зор болды: ол бес майданды, отыздан астам армия мен корпус­ты қамтып, тұтастай соғыс тағдырын айқындайтын шешуші ұрыстарға айналды. Ржев азат етілгенде қаланың түгелдей қирағаны белгілі болды, жау қолы астында болған 20 мың халықтан тірі қалғаны 200-дей ғана адам екен! Кеңестік әскери тарих 1942 жылдың басынан 1943 жылдың наурыз айының соңына дейін Ржев-Вязьма бағытында төрт шабуылдаушы операция өткізілгенін айғақтайды. Әр операция нақты страте­гиялық мақсатты көздеген, сәтсіз шай­қастар да болған. Мысалы, Ржев плацдармын жоюға бағытталған 1942 жылдың басындағы және аяғындағы екі операция сәтсіздікке ұшыраған. Қызыл әскердің жалпы шабуылы аясында жүзеге асырылған бұл операциялар бірақ қалайда Ржев өңірін жаудан азат ету мақсатында әрі қарай жалғастырыла берген. Ржев шайқастарының маңыздылығына қатысты тарихтан мынадай дерек келтіруге болады: Ұлыбританияның премьер-министрі Черчилль Ржевтің азат етілуіне орай Сталинге құттықтау жолдапты. Бұл әдетте тарихта көп кездеспейтін жайт. Сондай-ақ, соғыс жылдарында И.Сталин жалғыз рет қана соғыс даласына барған. Ол Ржев өңірі екен. Жоғарғы Бас қолбасшы Ржев жерінде 1943 жылғы 3-5 тамызда болыпты. Соғыс тарихында айрықша ма­ңызы болғанына қарамастан, кеңестік заманда Ржев иініндегі қанды шайқастардың шындығы құпияланып, ұзақ уақыт бойы зерттелмей де, айтылмай да келді. Әскери тарихта да, қолбасшы командирлердің соғыстан кейінгі естеліктерінде де Ржев шайқастары «жергілікті ұрыстар» деңгейінде ғана аталып өтті. Екі жақ үшін, әсіресе, Мәскеу түбінде меселі қайтқан неміс әскері үшін Ржевке берік орнығу КСРО астанасына қауіп төндіре түсудің төте жолы еді. Немістің «Орталық» тобы 1941 жылғы қазанда басып алған Ржев қаласы мен оның төңірегі сол кезден бастап ұлы шайқастардың төріне айналды. Гитлер өз әскерлерінен қандай жағдайда да Ржевтен айырылмауды талап етті. Олар үшін «Ржев – Шығыс майданның ең маңызды негізгі шебі» болды. Бұған неміс генералы Хорст Гроссманның осы аттас кітабы («Ржев – краеугольный камень Восточного фронта». Ржев, 1996) дәлел бола алады. Бұл кітапты кезінде осы өңірде соғыс­қан немістер Ржевке 90-жылдардың орта шенінде ала келіпті. Кітап Ржевте орыс­шаға аударылып, үш мың дана таралым­мен басылып шығады. Неміс жаяу әске­рі генералының кітабы «қырғиқабақ соғыс» жылдарында жазылғанын еске сал­ған шығарушылар, соған сәйкес бұл жаз­балардағы кейбір цифрлар мен бағалау­лардың таңданушылық тудыраты­нын және оның Ресейде басылып шығуы әскери тарихшылардың Ржев шайқас­­­тарын тереңірек таразылауына ықпал ете ме деген үмітте екендігін атап көрсетеді. Әрине, «жеңілген елде желке жоқ» демекші, неміс генералы әрбір ұрысты өз әскерінің қабілетін көрсете отырып баяндаса да, сәтсіздіктердің себебін қатты қыспен, боранды аязбен, әскердің жылы киім-кешекке зәру болғанымен байланыс­тырады. «Сібірдің 45 градус аязы» деген сөзді жиірек қолданады. Сонымен бірге, кеңес жауынгерлерінің қайсарлықпен батыл қорғанын, көзсіз шабуылдарын да айтпай қала алмапты. Кеңес әскері Ржев түбінде жаудың бетін қайтарып, алысқа шегіндіріп, елеулі күш-құралын талқандап, Ржевті және басқа көптеген елді мекендерді азат етіп, майдан шебін Мәскеуден жүздеген шақырымға алыс­татса да, неміс генералы енді қайтып оралмастай болып кері шегінгендерін әскери операцияның мүддесіне орай деп түсіндіріп, кітабының соңғы сөзін «Неміс солдаты Ржев даласынан жеңілмей кетті» деп түйіндепті. Өзі білсін, «жеңілмесе, неге кетті екен?» деп қазір кімнен сұрарсың... Неміс ставкасының соғыс ахуалына орай және ауыр ұрыс қимылдарын бағалай келіп, Қызыл әскердің енді жеткілікті күші жоқ деп санағанына қарамастан, Жоғарғы Бас қолбасшының Ставкасы осы кезде бір мақсатқа бағынған әрі алға қойған міндеті өзара ортақ үш стратегиялық операция әзірледі. Әскери операцияның біреуі солтүстікте, екеуі оңтүстікте жоспарланды. Олар шартты түрде «Марс», «Уран» және «Сатурн» деп аталды. Мәселен, «Уран» фашистердің Сталинград түбіндегі әскерлерін қоршап, талқандау мақсатын көздесе, «Сатурн» операциясына Кавказдағы шайқастарда толық жеңіске жету жүктелді. Ал «Марс» Калинин және Батыс майдандар әскер­лерінің екпінді соққыларымен жаудың 9-армиясын талқандап, шабуылды Смоленскіге қарай өрістетіп, Ржев-Вязьма иінін босатуды мақсат тұтты. Бұл ретте қалайда жаудың қорғанысын бұзу, оны әрбір учаскеде бөлшектеп жою, Ржев, Сычевка, Вязьма қалаларын азат ету, сөйтіп, Мәскеуге төнген қауіп-қатерді түпкілікті жою міндеті қойылды. Былайша айтқанда, Ржев түбіндегі қанды шайқастар Сталинград пен Кавказдағы соғыс қимылдарымен тығыз байланыс­ты болды және осы соғыстардың барысына елеулі ықпал етті. Сондықтан Ржев шайқастарын «басшылықтың қателігі», «кеңес әскерінің кемшілігі», т.б. деп бағалағаннан гөрі, оның аса қантөгісті болса да, ел тағдырын айқындаған ұлы ұрыс­тармен стратегиялық бірлікте жүргізілгенін, кеңес әскері жүргізген солтүстіктегі соғыстар мен оңтүстіктегі соғыстардың өзара тамырлас екендігін атап көрсеткен жөн. Бір мезгілде төрт бағытта шабуылдаған неміс әскері күш-құралының тапшы­лығынан, кеңес әскерлерінің қатты қарсылық көрсетуі мен қарсы шабуылдарынан кейін, ілгері жылжи алмай, 1941 жылғы қазанда барлық майданда қорғанысқа көшкені белгілі. Бұл Ржев төсіндегі Калинин және Батыс майдандары жауынгерлерінің алғашқы стратегиялық міндетті орындағанын, яғни жаудың бетін қайтарғанын, әскері мен техникасының Сталинградқа қарай жүруін тоқтатқанын көрсетеді. Бірақ осы әскери қимылдардың барысында жоспарланған стратегиялық операцияның мазмұнын біршама өзгертуге тура келіпті. «Орталық тобына қарсы кеңес әскері ірі қысқы операция жасағалы жатыр» деп есептеген жау осы кезде Калинин майданына Германиядан, Франциядан, Ленинград түбінен, Воронеж маңынан қосымша әскери күштерін төге бастайды. Және әскерлерді негізінен соғыс тәжірибесі бар әрі 25-35 жас арасындағы солдаттармен толықтырады. Сөйтіп, Калинин майданындағы кеңес әскері алдында немістің екі күшті әскер тобы қарсы тұрады. Бұл жаудың осы бағытта барынша белсенді іс-қимыл жасауға әзірленіп жатқанын аңғартатын еді. Егер күші басым жау күрт шабуылға шығатын болса, онда жобаланған «Марс» операция­сына сөзсіз қатер төнетін; оның үстіне, осының салдарынан кейбір армиялардың қоршауға түсіп қалу қаупі де жоқ емес-ті. Кеңес әскері басшылығы, қалыптасқан жағдайға орай, жаудың қарсы соққысын күтпей-ақ, оны алдын ала бұзу үшін Калинин майданы қолбасшысына өз күш­терімен шабуылдау операциясын бастауды тапсырады. Үш кезеңге бөлінген осы әскери іс-қимылдар 10-12 күнге жоба­­­ланса да, іс жүзінде 57 тәулікке созылады. Зерттеушілер «Марс» операциясына «Уран» операциясы басталатын күні, яғни кеңес әскерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылына байланысты тағы да өзгеріс енгізілді дейді. Өйткені Сталинград түбінде қоршауға түскен Паулюс әскері қоршауды бұзуға, сырттан келетін күшті күтіп, айнала қорғаныс салуға мәжбүр еді. Бұл орайда Калинин майданына жүктелген басты міндет жаудың күшін өзіне тартып, оның осы учаскедегі күштерін Сталинградқа қарай жібертпеу болады. Сөйтіп, жаудың Мәскеу бағытындағы әскерін Сталинградқа қарай жібермеу мақсатында, «Марс» операциясына сәйкес Батыс және Калинин майдандарының әскерлері Ржев-Вязьма және Осташковск-Великие Луки бағытында шабуылға шығады. Алғашқы күні-ақ кейбір жерлерде жау қорғанысының бірінші шебі бұзылып, кеңес әскері біршама ілгерілейді. Бірақ қосымша резервтің болмауы, күш-қарудың тапшылығы біздің жақты сол жеткен шептерінде қорғанысқа көшуге мәжбүр етеді. Қатты қарсылық көрсете отырып, қарсы шабуылға шыққан күші басым жау мұны ұтымды пайдаланады. Нәтижесінде біздің кейбір дивизиялар қоршауға түседі... Оқ-дәрі, азық-түлік жетіспеушілігіне қарамастан, қоршаудағы кеңес әскерінің арпалысқан шайқастары басталады... Майданның өзге өңірінде неміс әскерінің бір тобы қоршауға түсіп, олар да жанталасып жатады... Кейбір жа­­­рияланымдардағы Ржев шайқастарына қа­тысты айтылатын әртүрлі бейнелеу-анық­­­тауыштар осы кезеңдегі ұрыстарға тән. Алайда, аталмыш операция түпкі мақсатына жетпегенмен, осы қантөгісті ұрыстар арқылы кеңес жауынгерлері жаудың мүмкін болатын қарсы соққы­ларын болдырмай тастады; мұны зерттеушілер соғыстағы тактикалық жетістік деп санайды. Бір сөзбен айтқанда, алғашқы ұрыстарда Калинин және Батыс майдандарының әскерлері жау қоршауын бұзып өтсе де, қантөгіспен қол жеткен шептерді әрі қарай ұзарта алмайды. Егер осы кезеңде неміс басшылығы Ржев-Вязьма иініне амалсыз басқа майдандардан қосымша 10 дивизия әкелуге мәжбүр болғанын, осы өңірдегі 9-армиясының санын еселеп арттырғанын ескерер болсақ, Калинин және Батыс майдандары әскерлерінің зор шығындарға қарамастан, әскери басшылық алға қойған алғашқы тапсырманы орындағанын аңғара аламыз. Сталинград түбіндегі масқара же­ңілістен соң, жалпы соғыс барысындағы стратегиялық жағдайын түзету мақсатында жау әскері қуатты қарсы шабуылдарын күшейте түседі. Әсіресе Великие Луки бағытында қатер төндірерліктей ахуал қалыптасады. Басшылық Ржев-Вязьма иініндегі неғұрлым ұрысқа қабілетті екі дивизияны осы от ортасына жібереді, оларға жауды бүйірлей соғу арқылы талқандап, қалаға кіргізбеу міндеті қойылады. Кеңес әскерлерінің екпінді тобының қайсар әрі табанды шайқастары нәтижесінде жау қаладан он шақырымдай жерге шегіндіріледі. «Марс» операциясы барысындағы қантөгісті шабуылдар мен қорғаныс ұрыстары жаудың Сталинград түбінде қоршауда қалған Паулюс әскерін босатып алу жөніндегі жоспарын іске асыртпады. Деректерге қарағанда, Ржев өңіріндегі қантөгісті шайқастардан соң және Сталинград түбіндегі жеңілістен кейін осы иінде ойнақ салған озбыр жаудың 9-армиясының қолбасшысы Модель Гитлерге өз әскерінің Ржев түбінде қоршауға түсу қаупі бар екенін айтып, кеңес әскерлерінің қысымымен 1943 жылдың басында кейін қарай шегіне бастайды... Сөйтіп, екі жақтың Ржев түбіндегі текетіресі кеңес әскерінің пайдасына шешіледі, Мәскеуге төнген қауіп түпкілікті жойылады. «Марс» операциясы осылай аяқталады. Сол тозақ отына айналған Ржев даласындағы қайнаған ұрыстың ортасында Қазақстанда құрылған 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары да жүрді және қос бригада құрамының 80 пайыздан астамы шайқас даласында көз жұмды. Қазақстандықтар негізінен Ржев-Вязьма түбінде, Оленино селосы (қазір осы аттас аудан орталығы) аумағында, Молодой Туд (бұрынғы аудан орталығы) және Белый деревнялары маңында жанқиярлықпен шайқасты (жоғарыда сөз болған неміс генералының кітабында да осы жерлерде қатты шайқастар өткені назардан тыс қалмапты). Тверь облысының Оленино ауданын­дағы «Орел» әскери-тарихи іздестіру тобының басшысы Дмитрий Жук (Қазақ­станның екінші дәрежелі «Достық» орденінің иегері) бізбен әңгімесінде: «Ресейдің Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатында Калинин майда­нындағы 22 және 39-армиялардың жауынгерлік жолын, қасіретті атағы шыққан «Марс» операциясын зерттеп жүргенімде, құжаттардан бірінші рет 100-ші дербес атқыштар бригадасы туралы деректерді кездестірдім», деген еді. Шындығында, алғаш рет қазақстандық атқыштар бригадалары туралы әңгімені ортаға салып, Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жауынгерлердің қайтпас қара тізімін (список безвозвратных потерь) ұсынған Дмитрий Жук еді. Қос бригада боздақтарының есімін мәңгі есте қалдыру шараларын қолға алу жайын қозғаған да осы азамат болатын. 100-ші дербес атқыштар бригадасының штаб бастығы майор Заборин мен 4-ші бөлімшесінің бастығы аға лейтенант Гуминский қол қойған, сиялы қаламұшпен жазылған ұзын-сонар осы қайтпас қара тізімнен бірөңкей қандас жауынгерлердің аты-жөнін, туған жылын, туған жерін және қашан қаза тауып, қайда жерленгенін оқығандағы көңіл толғанысымыз мүлде басқашалау болғаны әлі есімізде... Ресейлік іздестіру топтарының қажырлы еңбегі арқасында соңғы 20 жылдың ішінде ғана Ржев өңірінде 40 мыңнан астам кеңес жауынгерлерінің сүйегі табылып, қайта жерленді; соның нәтижесінде бұған дейін белгісіз болып келген бес мыңға жуық офицерлер мен қызыл әскерлердің аты-жөні анықталды. Бір мысал: Д.Жуктың жазуынша, 1942 жылғы 3 желтоқсандағы шешуші шайқастар басталған кезде 100-ші бригада құрамындағы 4751 адамнан 1994 адам ғана қалған екен. Сондай-ақ, кейбір жарияланымдарда Ржев түбіндегі қанды шайқастарға осы екі бригададан басқа, республикамыздың батыс облыстарынан жасақталған тағы да алты әскери құраманың қатысқаны туралы дерек кездеседі. Бірақ бұлар жайында әзірге кең таралған мәліметтер аз... Топырағына әкелеріміз бен аталары­мыздың қаны сіңген, арманда кеткен мыңдаған ұлт боздақтарының сүйегі жатқан Ржев жері қазаққа жат болуы мүмкін бе? Бабасының асыл сүйегі жатқан жер баласына бөтен бе? Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың Ржев төсінде ерлікпен шайқасқан қазақстандықтардың есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде тапсырма беруі – ел мен елді жалғаған ежел­гі достықты шыңдай түсудің, ұрпақ­тар сабақтастығын сақтаудың, өткенге құр­метпен қараудың өнегелі үлгісі еді. Пре­зидентіміздің тапсырмасына орай Ржев қаласында 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары жауынгерлеріне арналған көрнекті Мемориал орнату жобасын еліміздің Ресейдегі елшілігі бұдан бірер жыл бұрын, сол кездегі елші Зауытбек Тұрысбековтің басқаруымен, Ақтөбе облысы әкімдігінің қатысуымен ойдағыдай жүзеге асырды. Қазір Ржевтегі көптеген тектес ескерт­кіштерден көркемдігімен оқшау көрінетін осы Мемориал ұзындығы 30 метрге жуық гранит қабырға үлгісінде жасалған. Қазақ елінің картасы бейнеленіп, онда осы бригадалар құрылған Ақтөбе және Алматы қалалары мен елордамыз – Астана қаласы көрсетілген. Мемориал қабырғасына «Мәңгілік тағзым. 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары жауынгерлеріне қазақстандықтардан» деген жазу жазылған. Ескерткіш тұғыры астына туған жердің топырағын түйген капсул салынған. Ең маңыздысы гранит тақтада екі бригада құрамында соғысқан 10 мыңға жуық қазақстандықтардың аты-жөні жазылғаны еді. Бұл есімдерді анықтау оңай болған жоқ, әрине. Республика мұрағаттарында да қос бригаданың дербес құрамын, штаттық-лауазымдық бірліктерін растайтын құжаттар аздау болып шықты. Сол себепті қазақстандық дипломаттар Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы Орталық мұрағатының материалдары арасынан атқыштар бригадалары жауынгерлерінің аты-жөнін жалықпай іздестірді. Соның нәтижесінде тас тақтаға ойып жазуға лайық қаһармандар тізімі қалыптасты. Осы ретте бригадалар тізімін жинақтауға қатысты өзіміз куә болған бір деректі айта өтейік. 1941 жылдың соңына қарай, ел астанасы түбіндегі соғыс жағдайы қиындай түскен шақта, Алматыда ұйымдастырылып жатқан 100-ші бригада сапынан 50 адам жедел түрде Мәскеу түбінде шайқастарға жіберіліпті. Сол елудің арасынан кейін Кеңес Одағының Батыры атанған Төлеген Тоқтаровтың есімі кездеседі. Және бір жайт, кезінде көршілес елдегі кейбір жергілікті билік органдары Ржевтегі жаңа ескерткішке жауынгерлердің аты-жөнін жазуға ықылас таныта қоймады. «Олардың көпшілігінің қашан қаза тапқаны, қайда жерленгені туралы мәлімет жоқ; біздегі басқа ескерткіштерде адамдардың аты-жөні жазылмаған» деген сияқты уәжді алға тартты. Алайда, сол кездегі елші Зауытбек Тұрысбековтің табандылығының арқасында қос бригада мүшелерінің толық тізіміне қоса, қазіргі саусақпен санарлық көзі тірі арда­герлердің де есімі тас тақтаға өшпес­тей болып жазылғанын айтылуға да, елдің біліп жүруіне де лайық ақиқат деп есеп­тейміз. Сондай-ақ, Қазақстан елші­лігінің ұсынысымен, соңғы жылдары Ржев қаласындағы бір білім ұясы «Тверь облысының Ржев қаласындағы 100 және 101 дербес атқыштар бригада­лары жауынгерлері атындағы жалпы білім беретін № 5 орта мектеп» деп атал­ды. Бұдан басқа, кезінде Тверь облысы аумағында соғысқан тағы да алты қазақ­стандық әскери құрама жауын­герлері туралы деректер іздестіру жұмы­сы, Ржев-Вязьма шайқасының мұра­жа­йын құру қолға алына бастаған еді. Ржев тақырыбы қазақстандықтарға қос бригада ардагерлері Қ.Көпішевтің «Қара бұлтты қақ жарған», Х.Бекішевтің «Батальон, алға!», С.Жиенбаевтың «Сотая казахская», К.Әбеновтің «Операция «Марс» секілді кітаптары арқылы бел­­­­­гі­лі. Шығыс майданның өзегі болған өңір­­дегі шешуші шайқастарда төтен­ше қиын­­шылықтарға (қатты аязға, қару-жа­рақтың, оқ-дәрінің, соғысқа қа­­жетті басқа да нәрселердің жетіспеу­­­­шілі­­гіне), Ржев жеріне тамыр жіберген күші ба­сым жаудың қасарысқан қарсы­­­лықта­рына қарамастан, жерлес-елдес жауын­­гер­лердің азаттық жолындағы қантө­­гіс­ті ұрыстары ұрпақтар есінде жүре­тіні сөз­сіз. Ржев иініндегі жеңістің іргета­сын қалау­ға қазақстандықтардың да текке қан төк­­­пегенін тарихтан тарихқа жеткізу – кешегі һәм бүгінгі ұрпақтың ортақ борышы. Серікқали БАЙМЕНШЕ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ресей Федерациясы, Тверь облысы, Ржев қаласы.