Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінің классигі марқұм Қабдеш Жұмаділовтің өз өсиеті бойынша жерленген жері – бүгінгі Абай облысының Үржар ауданы Таскескен ауылында, жұрт «92 шақырым» атап кеткен тоғыз жолдың түйіскен төбесінде тұрғызылған еңселі ақ күмбездің ашылу шарасы өтіп, ас берілді.
«Қабдеш Жұмаділов» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары, белгілі жазушы Ғалым Қалибекұлының айтуынша, биіктігі 14 метрлік ескерткіш-кесенені Семей өңіріндегі іскер азаматтар – Әсет Ұлықпанұлы, Ерлан Мырзахметұлы, Сьезбек Рақышұлы бастап қаржы топтап, бір жылға жетпейтін уақытта салып шығыпты. Кәсіпкер жігіттердің еңбегін елеп-ескеріп, қор төрағасы академик, профессор Ұлықпан Сыдықов алғыс хатпен марапаттап, Жұмаділовтер әулеті атынан иықтарына шапан жапты. Таскескен ауылында мәдени іс-шара өтіп, 300 адамға арнап ас берілді. Елдің түкпір-түкпірінен келген қадірлі меймандар мен зиялы қауым өкілдері естеліктер айтып, жазушыға деген шынайы құрметін білдірсе, жазушының жары Сәуле Әукенқызы жалпақ жұртқа рахметін айтты. Қабдеш Жұмаділов Шығыс өңірінің тумасы, Тарбағатай, Зайсан, Аягөз, Үржар аудандарының Құрметті азаматы болған. Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов сөзін «Ұлы жазушы әулие кісі екен, алпыс, жетпіс жастағы мерейтойында осы жерге жататынын өсиет етіп кетіпті. Қазір әрі өткен, бері өткен жолаушы Қабеңнің басына тоқтап зиярат ететін қасиетті орын болды. Біздің елге киелі рух қонды» деп бастап кесене құрылысына атсалысқан қарапайым азаматтарға алғыс хат беріп, қошамет көрсетіп, жоғарыда аттары аталған Әсет, Ерлан, Сьезбек және Ғалымның кеудесіне Үржар ауданының ең жоғары наградасы – «Абырой» медалін тақты. Үржар аудандық мәслихатының шешімімен күні кешеге дейін «92 шақырым» аталған жердің аты «Қабдеш бекеті» деп өзгертілді. Қор төрағасының айтуына қарағанда, былтыр жазушы өмірден өте сала тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатыпты, биыл міне, басына ақшаңқан күмбез тұрғызыпты, алда көрнекті жазушының 20 томдық шығармалар жинағын шығаруды қолға алмақ екен.