Задында өзі бір қарапайым, үлкенге де, кішіге де құрметпен қарайтын жандар болады. Мұндай азаматтардың жанына әлбетте адамдар үйірсек келеді. Мейлі, ол қандайда бір биік белестерде жүрсе де, туабітті қарапайымдылығы олардың болмысын бекзаттыққа жеткізеді. Осындай жанына шуақ шашып жүретін абзал жандардың қатарында әдебиетші ғалым, саясаттанушы, журналист Бақыт Рүстемов те бар.
Біз сөз еткелі отырған әріптесіміз Өзбекстан Республикасында туып-өсіп, еліміз тәуелсіздік алғанда атамекенге бір кірпіш боп қалансам деп келген қандасымыз еді. Содан бергі өмірінің жиырма жылдан астамы мемлекеттік қызметте өтті. Жазу-сызудың сан саласына қалам тартып жүретін ол еңбектерін қазақ, орыс, өзбек тілдерінде жазып, бүгінде 20-ға жуық кітаптың авторы атанып отыр.
Өзінің тынымсыз зерттеушілік, журналистік қызметінің арқасында әлемнің әр қиырынан көптеген жаңа достар тапты. Мәдениет, ғылым, өнер және әдебиет саласындағы қайраткерлермен кездесіп әңгімелесуі, оның шығармашылығын одан әрі байыта түскендей. Халықаралық публицистикаға арналған бірқатар еңбектері елімізде аккредитацияланған шетелдік дипломатиялық корпус арасында да оның қарым-қабілетінің қандай екенін танытты. Бұл ретте, елшіліктер тарапынан қаламгердің шығармашылығына байланысты түрлі мәдени шаралар өткізу жөнінде де ұсыныстар түсті. Оның түрлі шетелдік БАҚ-тарда мақалалары жарияланса, қаламгердің мұндағы негізгі мақсат-ойы өзге жұрттың Отанымыз Қазақстан мен еңбексүйгіш халқымыз жайлы барынша молырақ біле түссе деген ұстанымға саяды.
«Достық үйі» атанған Бақыт Төлегенұлының шаңырағы береке мен шаттыққа, қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбиеге тұнған. Оның дәлелі өсіріп отырған алтын асықтай ұл- қыздары. «Бұл отбасында әкеге деген құрметтің зор екендігін байқадым. Осының бәрі Бақыттың берген тәжірибесінің белгісі болса керек», дейді Куба елшісі Карлос Вальдес де ла Консепсион.
Өзінің Отанға деген сүйіспеншілігінің бір көрінісін автор былай деп еске алады. «Ташкент университетіне оқуға келісіліп, шешіліп қойған жерімнен «елімнің училищесі мен техникумына түсемін» деп тарихи Отаныма оралуға асыққам. Ташкентте Суворов мектебінде (5-6-7 сыныптарда) оқып жүрген кезімде бірнеше әскери парадтарға қатысқаным бар-ды. Жас әскери барабаншылар мерекелік шеруді ашатын. Сондай парадтың бірінде біздің құрам сап түзеп өтіп болған соң сол кездегі Өзбекстан Республикасының басшысы Шараф Рашидов мінберге шақыртып алып арқамыздан қағып, бетімізден сүйді. Сондай-ақ, барлығымызға келешекте жақсы азамат болуымызға тілек білдірген ол сендерді болашақта көп жақсылықтар күтіп тұр деді. Осыдан кейін Өзбекстан басшысы бәрімізден: «Сабақта үлгерімдерің жақсы ма? Тәртіптерің де жақсы екенін көріп тұрмын», – деді күліп. Менен сұраған кезде өз ана тілімде «жақсы» деп жауап бердім. Ол кісі менің қазақ екенімді біліп: «Дұрыс, өз тіліңді білгенің жақсы, қай тілде оқисың?» деді. Мен: «орыс тілінде оқимын, бірақ өзбек тілінде бізге дәріс береді, сондықтан өзбекше оқуды да, жазуды да жақсы білемін», дедім. Менің әскери екпінмен жігерлі түрде нақпа-нақ берген жауаптарыма Шараф ака тіптен риза болды. Өйткені, сол ротадағы ең бойы кішкентайы да және жалғыз қазақ та мен едім...».
Қаламын ұштауға біржола кіріскен Б.Рүстемовтің жетпісінші жылдардың ортасын ала бере студенттік шақтарында жаңа сазгерлік қыры ашылды. Ақын Мәриям Хакімжанованың «Балалық шақ, бақытты шақ» деген өлеңіне ән шығарып, ол сол кездері ақын Мұзафар Әлімбаев редакторлық еткен «Балдырған» журналында жарияланады. Сонда Мәриям апаның ән жазылған нотаның бетіне: «Осы өлеңнің кейіпкері де өзің сияқтысың. Қанатың талмасын, самғай бер!» деп қолтаңба берген екен.
«Кейінгі жас буынға рухани-мәдени тәрбие беруге баса көңіл бөлетін Бақыт ізгілік пен кішіпейілділіктің асыл жібінен аттап өткен жан емес. Нағыз азаматтық-патриоттық рухта өмір сүрудің үлгісін осы азаматтан көруге болады. Мемлекеттік қызметте жүрген кездерінде іскерлігімен көзге түсіп, абыройлы еңбек етті. Президент Әкімшілігі бөлімдерінде сектор меңгерушісі болып қызмет атқарған кездерінде де осы қалпынан тайған жоқ. Бүгінде де сол ақжарқын, қарапайым, мәдениетті қалпында. Қаламын жанына серік етіп, отаншылдық рухтағы өзін толғандырған тақырыптарды көруге асығатын әріптесіміз Бақыт Төлегенұлынан оқырмандары әлі де сүбелі дүниелер күтеді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.