• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2014

«Демьян қапшығына» қатысқан қазақ

381 рет
көрсетілді

ІІ дүниежүзілік соғыста ерлік көр­сетіп, кеудесін оққа төсеген батыр ағаларымыздың бірі – Дүйсен Сүйесінов. Ол кісі туралы бізге ақпарат берген баласы Әділғали Дүйсеновтің жазғанына қарағанда, Дүйсен атамыз 1923 жылы қазіргі Атырау облысының Мақат кентінде туып, атақты 316-шы атқыштар дивизиясының қатарына оның «генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына» айналған кезінде, 1942 жылдың наурыз айында 19 жасында келіп, 1947 жылдың маусым айына дейін қызмет еткен. Гвардия лейтенанты Д.Сүйесінов соғыстағы ерліктері үшін Қызыл Ту, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», сондай-ақ «Қызыл Жұл­дыз» ордендерімен наградталған. Осынау 4 орденге қоса, оған «Ерлігі үшін», «Әскери қызметтері үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» және т.б. медальдар берілген. Әрине, Ұлы Отан соғысында төрт орден алған қазақ сирек. Соған қара­­ғанда, лейтенант Сүйесіновтің ерліктері атамауға болмайтын көлемде болғаны ғой. Полк командирі, гвардия подпол­ковнигі Г.Ломов пен штаб бастығы, гвардия майоры А.Суханов қол қойған марапаттау қағазындағы бір ерлік туралы айта кетейік. Ленинград қоршауын бұзу кезінде бөлімше командирі болған Д.Сүйесінов өзінің жауынгерлерін бірнеше рет қоян-қолтық айқасқа алып шығады. Осындай бір айқаста оның жеке өзі бір унтер-офицерді және жаудың бірнеше солдатын вин­товканың найзасымен шаншып өлтірген. Осы шабуылда ол ауыр жараланса да майдан даласын тастап кетпей, жауынгерлеріне рух беріп, олардың алға басуын талап еткен. Ал 1944 жылдың 19 қаңтарында Казачиха деревнясының түбінде болған айқастағы көрсеткен ерлігі Кеңес Ода­ғы батыры атағына лайықты екені көрініп тұр. Осы ерлік туралы марапаттау қағазында: «...совершил героически подвиг на котором воспитывается весь личный состав батальона. Немецкий ручной пулемет сильно обстреливал передний край нашей обороны. Тов.Суйесинов взял разрешение у командира уничтожить пулемет противника и с гранатой в руках пополз к нему. Когда тов. Суйесинов подполз вплотную, пулеметчик пытался расстрелять его в упор, но Суесинов бросил гранату, где один немец был убит, а второй растерявшись бежал оставив ручной пулемет и парабеллум с патронами», деп жазылған. Бұл пулеметі зіркілдеп тұрған амбразураны өшірген ерліктен еш кем болмаса керек. 8-ші гвардиялық дивизия құра­мында ол Калинин, Солтүстік-Батыс және 2-ші Балтық майдандарына қатысады. Соның ішінде, 1942 жылдың қаңтар-сәуір айларында болған, Демьян операциясына («Демьян қапшығы») да қатысқан. Новгород қаласының түбін­дегі Демьянск қаласының жанында немістің үлкен қолын қоршауға алып, жойып жіберуді көздеген бұл шайқас төрт айға дейін созылып, ақырында немістер қоршауды бұзып шыққан. Алайда, бұл «қазандық» немістің 15 дивизиясын Ленинград шабуылына тартуға кедергі келтіріп, стратегиялық жағынан кеңес әскеріне зор пайда берген. Міне, осы соғыста 8-ші гвардиялық дивизияның құрамындағы бір взводтың командирі болып Дүйсен Сүйесінов те соғысқан екен. Айта кететін бір жайт, В.Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» атты повесіндегі бас қаһар­манның прототипі, ұшқыш Алексей Маресьев 1942 жылдың 4 сәуірінде нақ осы Демьянск қаласының түбінде атып түсірілген. Д.Сүйесінов майдан даласында жоғарыда айтқанымыздан да басқа бірнеше рет жараланып, өміріне қауіпті жағдайларды бастан кешкен. 1945 жылдың 27-29 қаңтарында Гриэтень деревнясы маңындағы соғыста қаза тапқан рота командирінің міндетін өзіне қабылдап, осы шайқастың сәтті аяқталуына үлкен үлес қосқан. Сонымен бірге, ол дивизия құра­мындағы есімдері артынан бүкіл елімізге мәшһүр болған қазақ офи­церлерімен тығыз қарым-қатынаста болған. Соның ішінде бірнеше жыл «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы болған майор Қасым Шәрі­повпен және т.б. бірге соғысқан. Со­ғыстың сәл тыныстаған бір кезе­ңінде оның майорлар Қ.Шәріпов, Қ.Тышқанбаев, капитан А.Жылқыбаев, лейтенанттар С.Шауманов, Ә.Бай­батыровтармен бірге түскен суреті де сақталған. Сондай-ақ, оның генерал И.Панфиловтың қызы Валентина Панфиловамен де бірге түскен суреті қазір отбасының қымбат ескерт­кіш­терінің бірі. Кеудесі орден-медальға толы Д.Сүйесінов әскер қатарынан тек 1947 жылы ғана босатылады. Жергілікті өкімет жас офицерді бұрынғы Гурьев облысындағы Мақат аупарткомының нұсқаушысы қызметіне тағайындайды. Ал 1948-1950 жылдары ол осындағы жастар ұйымын басқарады. Одан, 1950-1957 жылдары аупарткомның бірнеше бөлімінде меңгеруші қызметін атқарып, басқару аппаратының қыр-сырын меңгереді. Ал 1957 жылы ол осы ауданның партия хатшылығына сайланады. Алайда, бұл қызметте ұзақ болмай, келесі, 1958 жылы өкімет оны Ембі ауданындағы Доссор мұнай өндірісі кәсіпорнына партия ұйымының хатшысы қызметін атқаруға жібереді. Одан кәсіпорын бастығының орынбасары қызметіне ауыстырылады. Барлық тапсырылған міндеттерді адал атқарып, жан аямай еңбек еткен Д.Сүйесіновтің еңбегін өкімет жоғары бағалап, ол Бүкілодақтық жастар ода­ғының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің Құрмет грамоталарымен марапатталады. 1964 жылы 41 ғана жасында өмірден өтеді. Артында баласы Әділғали қалған. Қазір одан Дәурен есімді немересі бар. Міне, «Демьян қапшығына» қатыс­қан бір батыр қазақтың тағдыры осындай. Жақсыбай САМРАТ,   «Егемен Қазақстан».