• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2014

Ерлік тағылымы

711 рет
көрсетілді

«Жалын жұтқан Жанна д’Арк» драмасын тамашалағаннан кейін туған ой ...Ол да он бес жасар кез келген қыз секілді еркелеп еркін өсті. Иә, оның он бес жастағы қиялшыл қыздардан ешбір айырмашылығы болмайтын... Бәрі де табиғаттың тамылжи атқан таңында мейірімді күнмен жарыса шыққан беймәлім дауыстан басталды: «Жанна, Францияның короліне көмекке бар! Сөйтіп, сен оның мем­лекетін қайтарасың!». Міне, осы бір тосыннан шыққан тылсым үн әскерді шайқасқа бастап, тұтас бір империяның басына төнген қара бұлтты сейілтпек түгіл, өмірінде атқа мініп көрмеген қаршадай бойжет­кен өміріне ұлы өзгеріс әкелді. Соңына ерлік жайлы ұлы аңыз қалдырды: «Жалын жұтқан Жанна д'Арк!». Отқа оранған Орлеанды жат қолынан азат еткен жаужүрек Жанна­­ның ерлігі енді елорда көрермен­дерінің назарында. Жақында Аста­на қаласындағы Қ.Қуанышбаев атын­дағы қазақ академиялық музыка­лық драма театрында француз драма­тургі Жан Ануйдің «Бозторғай» пьесасының негізінде сахналанған «Жалын жұтқан Жанна д'Арк» драмасының тұсауы кесілді. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Әлімбек Оразбек. Шымылдық ашылғаннан-ақ наза­рыңызды орта ғасырдағы Фран­ция­ның тұрақтылығы тұралаған, тұтастығынан қысастығы көп жырым-жырым қоғамының әсіре діни көрінісі аулайды. Ерлерше киініп, қолына қару алып елін азат ету үшін майданға аттанған 19 жасар бой­жеткеннің «сиқыршылыққа қатысы бар, дәстүрлі діннен безген» деген айыппен ісі қатаң қаралып жатқан жазалау сотының үстінен түскен Сіз үрей мен үміт арпалысқан күйден ал­дағы екі сағат көлемінде арыла ал­майтыныңыз анық. Режиссер мен қоюшы-суретшінің біте қайнасқан берік тандемі заман келбетін, дінге берілген епископтар мен қарапайым халық арасындағы рухани алшақтықты шебер жеткізіпті. Әсіресе, тағдыры көп талқысына түсіп, әне-міне инквизиция отына өртелгелі тұрған қаршадай ғана Жанна қыздың ерлігі мен қатып қалған қасаң ереженің шеңберінен шыға алмайтын дін қызметкерлерінің таяз түсінігі арасындағы парадокс орта ғасырдағы Еуропа қоғамының хал-күйін, түсінік-танымын боямасыз алдыңызға жайып салады. Жанна д'Арк бейнесі театр актрисалары Айнұр Бермұхамбетова мен Сая Тоқманғалиеваның нұсқа­лауында сахнаға шықты. Қос әртіс ойынын тамашалау барысындағы біздің көргеніміз бен көңілге түйгенімізді талғам таразысына тартып көрсек, сараптамамыздың салмағы төмендегіше тарқатылды. Сонымен, біріншіден, Жан Ануй пьесасының әдеби нұсқасымен таныс­қанда біздің назарымызды аудар­ғаны – батыр бойжеткеннің жас ерекшелігі болды. Жаннаға тылсым дауыстар белгі бере бастағанда бойжеткен он бес жастың есігін енді қаққан бойжеткен еді деп көрсетіледі. Яғни, оқиға ержүрек қыз өмірінің 15-19 жас аралығындағы бөлігін қам­тиды. Байқағандарыңыздай, әуел­гі үндестікті біз осы тұрғыдан іздес­тірмекпіз. Мәселен, 13 жасар Джульет­­таны, болмаса 15-ке тол­маған Қамар сұлуды отызды орталаған актрисаға беруден өнер көп нәрсені ұта қояр ма екен? Ол көрермен қиялындағы әдемі естелікпен қаншалықты астасады? Міне, шымылдық ашылғанға дейінгі уақытта бізді осы сауалдың мазалағаны рас. Әрине, «қалай тартсаңыз да театрдың ең жас актрисасы 15 жаста бола алмайды, кемі 20 жасты қанағат тұтуға тура келеді» деп қарсы уәж айтушылар да табылатыны анық. Пікір орынды. Дегенмен, труппа таңдау мен рөл тағайындағанда осы ықтималдық мен мүмкіндіктердің барынша шегін пайдалану қажеттігін ескеру – режиссер жұмысының жаңа тынысын ашар ма еді, бәлкім. Қанша елемеуге тырысқанымызбен, біз ойынына куә болған екі актрисаның да бітім-тұлғасында Жанна жасымен салыстырмалы түрде алғанда біршама алшақтықтың бары бірден көзге ұрады. Алайда, көңілге қуаныш ұялат­қаны – жас ерекшеліктеріне қатысты күдігімізді өнер иелерінің жан-жақ­ты ізденісі ақтай алғандығы. Әсі­ресе, сахнада жалын атқан Жанна – Айнұр Бермұхамбетованың ішкі рухы, қуатты дауыс мүмкіндігі майдан даласындағы үрей мен үміт арпа­лысқа түскен аласапыран сезім күйін дөп баса алды. Атты әскер алып, өзінің майданға аттануға қажыр-қайратының жететіндігін Бодрикур мен Карл патшаға және айналасындағы басқаларға дәлелдеу жолындағы батыл да сенімді әрекеті, өжет те өр сөз саптасы көңіл­ге құр­мет орнықтырды. Жан дүние­сін әлемтапырық күйге түсірген көңіл түк­піріндегі қорқынышы мен қайсар­лығын тепе-теңдікте ұстап, дәл берген актрисаға жалғыз ғана жетпегені – семсер мен жұмыс істеудегі сенімділік. Семсерді серіктесіне лақтыратын тұста да, қылыштасатын көріністе де Жанна – Айнұрдың бойында әрекет еркіндігі әлсіздеу болды. Қорқынышқа басымдық беріп алғандығын жазбай тани­сыз. Керісінше, бұл жағынан Сая Тоқ­манғалиева басымырақ түсті. Бірақ Саяның бір кемшілігі – ішкі трагедия­лық күйді беруде кейіпкердің жандүние тұңғиығының тек беткі қаба­тын ғана малтып өтуі дер едік. Тұтас Фран­ция елі­нің тағдыры бір өзінің иығына түске­нін сезіну – қаршадай бойжеткен тұр­мақ, жаужүрек батырдың өзін бейжай қалдырмасы ақиқат. Осы тұрғыдан кел­генде Жанна – Саяға тек дауыс құбыл­тумен ғана шектелмей, жауынгер Жаннаның жалын шарпыған, қауіп пен қорқыныш қатар кеулеген жандүние арпалысының аласапыран күйін ішкі түйсіктің қызметін белсендірек іске қосу арқылы жеткізу жағы жетіспеді. Актриса езуіне жиі-жиі үйірілген күлкі де көп жағдайда өзін-өзі ақтамады. Дауыс мүмкіндігімен де жұмыс істеу рухы биік, тіні мықты қайсар Жаннаның табиғатын шынайы беруде артықтық етпейтінін алдағы уақытта қаперде ұстаса, жалпы кейіпкер характері жан-жақты ашыла түсер ме еді деген үміттің көкейге ор­­­нық­қанын атап өтуді де мақсатымыз санадық. Ал енді қос актриса ізденісіне көлеңке түсірген ортақ кемшілікке тоқталар болсақ, ол – әке-шеше, бауыр ортасындағы мейірбан Жанна; ел сеніміне ие болу жолында барын сала жанұшырған өткір Жанна; қан майдан ортасындағы намысы жанылған, рухы асқақтаған, тұлғасы тұғырланған жауынгер Жанна; шіркеу қызметкерлерінің қыспағына түскен, инквизиция жалынына шарпылар алдындағы айыпкер Жанна; өмір мен өлім, мойынсұну мен тәрк ету арасындағы таңдау талқысында ойы он, санасы сан саққа шашыраған дәрменсіз Жанна... – міне, осындай алуан түрлі сезім сергелдеңінде сансыраған Жаннаны әрқайсысын өз характеріне сай, драма динамикасына лайық өрбітуге келгендегі бірсарындылыққа бой алдырып алғандығы дер едік. Әр әрекетте көңіл-күй қалыбын оқиға орайы мен қимыл құбылуына сай сантараптандырса, қаһарман қыз болмысын бейнелеу бедері байып, кейіпкер көңіл-күй қатпарларының күрделене түсеріне сенім кәміл. Спектакль барысында назарымызды айрықша аудартқан сахнагерлер шоғырынан Карл патша рөліндегі Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Нүркен Өтеуіловтің ойынына ойып тұрып ойын берер едік. Екінші құрамда ойнаған Ержан Нұрымбеттің Карлы сылбыр, босаңдау болса, Нүркен Өтеуіловтің кейіпкері мінез мығымдығымен баурап алды. Актер сараптауында әумесер де сужүрек, ұшқалақ та әпенді патша бейнесі кемеліне келтіріле кейіптеліпті. Мі­незі тұрақсыздау, сөзінің де тұрлауы жоқ тақ иесінің табиғатын жеткізудегі сахнагер шеберлігі тәнті етумен қатар, езуіңізге күлкі де үйіреді. Жы­мия отырып ойланасыз... Бұл қойылым осыған дейін Абы­лай хан, Кенесары, Гамлет сынды сал­мағы сынадай, қиюы күрделі рөл­дерде ойнап келген Сырым Қаш­қа­баевты Лаир бейнесінде мүл­дем жаңа қырынан көрсетіп берді. Ебе­дейсіз сарбаздың аңғал да адал әре­кеті, қобырайған қобалақ қимылы Сырымның нұсқалауында жаңа тынысын ашыпты. Кошон кейпіне ен­ген Қазақстанның халық әртісі Ті­лектес Мейрамов, Жаннаның әкесі бейнесінде жүрген Боранбай Мол­дабаев, Иоланта рөлінде көрінген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмагүл Мей­­рамованың ойыны өзіндік беде­рі­мен есте қалды. Мейрам Қайса­нов Бор­дикурының да боя­уы қа­нық. Кө­рерменді граф Варикпен қауыш­тырған Жәнібек Мұсаев ойыны да кө­ңіл қо­йып тамашалауға лайық. Театр­­дың­ жас сахнагерлері Олжас Жа­қып­­бек пен Дастан Әлімнің нұсқа­ла­ған тәні кем­тар болғанмен, жаны мөлдір мүгедегің­нен дәрменсіз жанның күрескер бол­мысындағы жылылықты сезіндік. Сахнада санау­лы мәрте көрінгенімен, көңілді бейжай қалдырмайды. Ал инкивизитор Қуандық Қыстықбаевқа «ұрыс­қақ­тықтан» арылып, қаталдық қал­пына ену жолында әлі де біршама ізде­ніс­тің қажет екендігі сұранып-ақ тұр. «...Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ!» Тарих парақтарында қатпарланған дәуір келбетін ұлы Абай осылай береді. Иә, көп – тобыр. Бірақ қай дәуірде де сол ақылсыз көпті ұлы мұраттың биі­гіне шығаратын тұлғалар болады. Жалын жұтқан Жанна д'Арк ерлігі соның дәлелі. Демек, бәрі де адамның ішкі қуатына, яғни өзімізге байланысты. Назерке ЖҰМАБАЙ, Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану магистранты.