• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Тамыз, 2022

Қараусыз қалған қасиетті нысандар

616 рет
көрсетілді

Сіз, Жетісудың табиғатынан бөлек, дәуір мұңын жастанған киелі орындарға бай екенін білесіз бе? Бір Қапалдың өзінде бірнеше тарихи ғимарат жасырынып жатыр. Жоқ, олар жасырынып жатқан жоқ, қадіріне жетер қазақ баласын күтуде. Бұрындары бүтін халықтың ақыл-есіне айналған рухани шаңырақтар кедейдің үйіндей күтімсіз қалған, әне қабырғасы құлағалы тұр. Қараша халық қанша шырылдағанымен, биліктің құлағына жетпеуде. Ал жергілікті әкімшілік мемлекетке иек артумен әлек.

Тоналған тарих

Әңгімені әу бастан баста­сақ. Жетісу облысында «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» жобасы әзірленіп, белгілі географ, тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар бірлескен жұмыс тобы құрылған. Сөйтіп, өңір көлемінде сараптамалық кеңестің шешімімен қасиетті орындар жалпыұлттық деңгейлі және жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар болып екіге бөлінді.

«Экспедиция нәтижесінде қасиетті нысандар бойынша паспорттар дайындалды. Мә­ліметтер Нұр-Сұлтан қаласына қа­сиетті нысандардың дерек­тер базасына ұсынылған. Рес­публикалық көлемдегі белгілі ғалымдар мен сарапшылардың іріктеуі бойынша екі облыс­ты қоса алғанда жалпыұлттық объектілер тізіміне 17 нысан, өңір­лік объектілер тізіміне ірік­теліп 41 нысан енгізген. 2018 жылы киелі нысандар бойынша «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен 2 томдық кітап дайындалып, алғашқы нұсқасы шығарылды», дейді өлкетанушы-журналист Қажет Андас.

Атап айтсақ, республикалық нысандар қатарына, бәрімізге белгілі: Жаркент мешіті, Ш.Уә­лиханов тарихи-мемориалдық музейі, Шарын шатқалы, Хан Тәңірі шыңы, Көлсай көлдері, Таңбалы тас петроглифтері, Қой­лық қалашығы, Есік қор­ғандары, Жамбыл Жабаевтың кесенесі және т.б орындар кірді. Ал өңірлік нысандар қатарына жергілікті халық үшін киелі болып саналатын орындар ен­гізілді. Яғни Сарқан ауданында орналасқан Көтен тәуіп ке­сенесі, Алакөл ауданындағы Есім Төре кесенесі, Қаратал ауданында орналасқан Балпық би, Ескелді би, Айту би, Ақсу ауданындағы Байтулақ батыр, Жамбыл ауданында орналасқан Арасан-Қорасан бұлақтары, Түктібай ата кесенесі, Панфилов ауданындағы Найзатапқан ем­дік сулары, Әулиеағаш киелі ағашы, Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан Қараш би кесенесі, Кербұлақ ауданындағы Шыңғысхан тұрағы, Сәмен батыр кесенесі секілді жергілікті халық кие тұтатын, басына барып тәу етіп, сыйынатын жерлер енгізілді.

Жалпы, Жетісу жерінде мем­­­лекеттің қасиетті орындар тізбесіне 51 нысан енсе, со­ның үшеуі Қапал ауылында ор­­наласқан екен. Атап айтсақ, Там­­­шыбұлақ минералды су көз­дері – жалпыұлттық қасиетті ны­сандар, Фатима Ғабитованың үйі мен «Қапал мешіті» сәулет құ­рылысы. Бұлар өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне ен­ген. Әйтсе де, оларды ел игі­лігіне жарату ісі ақсап тұр.

Шынында, Қапал Қапал бол­ғалы қашан! Тарихын тарқат­саңыз анау Алаш алыптарының тұсына бір-ақ сапар шегесіз. Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында уез орталығы болғанда жан-жақтан ағылған бай-манап, көпестер сәулеті мен салтанаты жарасқан 249 ағаш үй салдырады. Кезінде сол үйлердің сәні мен салтанаты жайлы Шоқан Уә­лиханов тамсана жазған. Оның бәрі архивтерде менмұндалап тұр.

Ескерусіз қалған есті үй

Өлкетанушы Қажет Андас­тың айтуынша, патша өкіметі құла­ғаннан кейін кеңестік билік сол үйлердің 124-нің материалдарын Алматы қаласына, тағы бір бөлігін Семейге, басқа да қа­­лаларға тасып әкетеді. Бүгінде соның бірқатарының қаңқиған қаңқасы қалыпты. Соның бірі – қазақтың үш бірдей арысына аяулы жар болған Фатима апамыз тұрған Тәнеке батыр көшесіндегі екіқабатты тарихи үй.

Жергілікті тұрғындардың сөзіне сүйенсек, бұл үйді Ми­шаев деген орыс саудагері сал­дырған екен. Сыртқы қасбеті ағашпен қапталып, ою-өрнекпен айшықталған. Кезінде көз сү­ріндіретін көркем болғаны кө­рініп тұр. Кеңес Одағы тұ­сында әркімге жайлы қоныс болған ғимарат тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында талай жанның қуанышын еселегені белгілі.

2002 жылы екіқабатты тарихи үйді Елтай Сәдуақасов ақсақал меншікке алып, жеке кітапхана ашып, бір бұрышынан Фатима Ғабитова атындағы мұражай жа­сап, жертөледен спортзал ашып, ауыл жастарының рухани ордасына айналдырыпты. Алайда ғимаратты жылыту, ке­лу­шілерді қабылдау, жәді­гер­лерді қорғау, ауланы абаттан­ды­ру, ғимаратты жөндеу, тағы да басқа шығындары да аз емес еді.

Жергілікті биліктен ешқан­дай көмек болмағандықтан мұра­жайды ұстап тұру оңай болмасы анық. Сосын жәдігер­дің біразын Талдықорған қа­ла­сындағы М.Тынышпаев атын­дағы өлкетану музейіне өткізіп, кітапхананы «Қапал-Арасан» шипажайына көшіреді. Әрі-бері көшіп жүріп, көп жәдігерін жоғалтып алады. 2010 жылдан бастап бұл үй жеке тұлғаның меншігіне өтеді. Содан бері қа­раусыз қалып, 150 жылдан астам тарихы бар үйдің едендері тозып, қабырғасы көшкен. Үй ішінде көтеріп әкетуге қолайсыз темір пеш пен ХІХ ғасырда жасалған көне күйсандық, бүлінген басқа да жәдігерлердің қалдықтары шашылып жатыр. Ал жертөле көлеңке іздеген ірі қара мен қой-ешкінің тұрағына айналыпты. Біз барғанда жертөледе армансыз күйсеп, аунап-қунап жатқан тайынша-торпақ пен екінші қабатқа бас сұққанда құлаған шатыр мен қаусаған қабырғаларды көрдік.

«Бұл үйді қорғау, қалпына келтіру, қайта жаңғыртып, ел игіліне жарату – біздің мін­де­тіміз. Алайда үй жеке адамның мен­ші­­гінде болғандықтан, оның қыл бүлдіргесіне тиісе алмаймыз. Тек арнайы адам бекітіп, аула­сының тазалығына жауап­ты етіп қойдық. Оны сатып алып, мемлекет меншігіне қай­­таруды ойласақ та қазіргі иесі тым жоғары баға ұсынды. Оны ауыл әкімдігінің бюд­жеті кө­тер­мейді», дейді ауыл әкімі Жал­ғас Жарылқасын.

«Былай тартсаң арба сынып, былай тартсаң өгіз өлетіннің» кері. Үйді иесі сатпайды, болма­са, жөндеу жұмысын жүргі­зіп, оны мәдени нысанға айнал­дыруға талпынбайды. Ал ағаштан салынған үй күн өткен сайын тозып, қаңқасы құлап, шатыры опырылып, жермен-жексен болып барады.

Қадірі кеткен Қапал

Дүркіреп тұрған тұсында Қапалда үш мешіт болған екен. Ең алғаш 1856 жылы татар көпестерінің біріккен қара­жатымен татар мешіті тұр­ғы­зылады. Кейін оны татар кө­песі Шаяхмет Әпсаттаров мен­шігіне алып, қасынан «Яковия» татар қыздар медресесін ашады.

Осыдан кейін 1860 жылдары Ғалиақпар қажы Сәйфулмүліков-Сейітовтің бастауымен ноғай байлары жиналып, ноғай мешітін тұрғызады. Осыдан кейін сарт, тараншы, қазақтар бірігіп сарт мешітін тұрғызады. Қазір сол мешіттің біреуі – татар мешіті ғана сақталған. Тарихы Жаркент мешітінен де тереңде жатқан нысанның жағдайы мүшкіл. «Осыдан біраз жыл бұрын Та­тарстан Республикасының Пре­зиденті Рустам Минниханов жұ­мыс сапарымен Жетісу облы­сына келгенде бұл мешітті жаң­ғыртып беруге уәде етіпті», деп естігенбіз. Бірақ олардан да хабар болмай кетті. Бір қызығы, бұл мешіт те өңірлік маңызы бар қа­сиетті нысандар тізбесінде жүр.

Тауы шағылған Тамшыбұлақ

Қапалда әлемге әйгілі саяхат­шылардың бірталайының та­банының ізі қалды. Кезінде мұнда Шоқан Уәлиханов, Петр Семенов-Тянь-Шаньский және Томас Аткинсон болып, Там­шыбұлақ туралы тамаша дүниелер жазған. Сол еңбек­терде Тамшыбұлақтың қасиеті – жарқабақтарда жап-жасыл болып өсетін мүктерде екендігі айтылады. Оны бертінгі кезде ғалымдар да дәлелдеді. Алай­да бүгінде Тамшыбұлақ су көз­деріндегі мүктерді емге пайдалану мақсатында арнайы барып, тамырымен жұлып әкететін, топырағымен қоса қазып алатын жағдай жиі орын алуда. Мүгі тоналып, жалаңаштанып қалған жерлерді көргенде: «Табиғаттың байлығына қол салуға қандай адамның дәті барады?!» деген ой өзекті өртейді.

«Адам қолымен жасалатын қиянаттардың алдын алу үшін арнайы қарауыл қойып, Тамшыбұлақ су көзін күзет­ті­ретін болдық. Жыл сайын ауыл бюджетінен қаржы бөліп, бұлақтың айналасын қор­шап, абат­тандыру жұмысын жүр­гіземіз. Бірақ біздің мардым­сыз қар­жымызбен мардымды жұмыс атқарылмайтыны белгілі. Былтыр мемлекет тарапынан 150 млн теңге қаржы бөліп, Там­шыбұлақ су көзін қай­та жаң­ғырту жобасын жасап, кон­курсқа берген еді. Әлі күнге жоба порталда тұр. Ешкім оны жаң­ғыртуға ынта білдіріп жатқан жоқ», дейді ауыл әкімі.

Мемлекет неге мойын бұрмайды?

Қапал ауылы – сталиндік қуғын-сүргін кезінде шетел асып кеткен қазақ, орыс, татар, но­ғай, башқұрт, ұйғыр, өз­бек, қыр­ғыз, тағы да басқа ұлт ақ­сүйек­терінің табан ізі қалған жер. Ертең олардың ұрпақтары ата-бабасының жүрген, тұрған ме­кенін іздеп келгенде төмпешік болып үйілген топырақ үйіндісін көрсетсек, не беделіміз қалады?

«Қапалдағы тарихи-сәулет ескерткіштері Кеңес билігі келгеннен кейін балабақша, кеңсе мен асхана, мұражай ретінде пай­даланылды. Соның бірі – Там­шыбұлақтың қарсы бетіндегі дөңнің үстіне салынған екіқа­батты үй. Жергілікті жұрт оны Шаях­мет көпес Әбсаттаровтың үйі деп атайды. Қуғын-сүргінге ұшы­раған көпес бала-шағасымен Қытайға қашып, үйі Кеңес өкіметі тұсында мемлекет меншігіне өткен. Кейін қараусыз қалып, қасбетінен басқасының бәрі бүлінген», дейді Қ.Андас.

Бұл жолы Шаяхмет кө­пес­тің үйі көзімізге басқаша бей­неде көрінді. Ол үйді «Шопан ата» қой өсірушілер қауым­дастығы балансына алып, қай­та жаңғыртып жатыр екен. Қазір жөндеу жұмысы толық аяқ­талмаса да істелген жұмысқа қа­рап, нысанның осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы сәулетті де сал­танатты бейнесін көргендей болдық.

«Биыл жыл соңына дейін жаңғырту жұмысын толық аяқ­тасақ, нысанды өңір мәдениеті мен руханиятын өркендететін маңызды орынға айналдыруды жоспарлап жүрміз», дейді «Шопан ата» қой өсірушілер қа­уым­дастығының төрағасы Ал­мас­бек Садырбаев.

Бір қызығы, Қапалдағы қа­сиетті жерлер тізіміне еніп, «мем­лекеттің қорғауында болады» деген нысандар бүлініп, күйреп, жермен-жексен болып бара жатса, қасиетті нысан­дар тізіміне енбесе де ауыл азамат­тарының атсалысуымен жаңғыр­тылып жат­қан нысанның қатары көбейе түсіпті. Тек мемлекет тарапынан неге қолдау таппаған деген ойға қаласыз? Әлде Жетісу өңірінің билігі көзге ілмей отыр ма?

Айта кетейік, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы түнеп аттанған үй бүгінде Ақын Сара мемориалды музейіне айналды. Үйдің ауласына Шоқан егіп кеткен үш түп ағаш мәуелі бәйтерекке айналыпты.

Жалпы, 2019 жылдың ая­ғында өңірде осы қасиетті орын­дар қатарына енгізу үшін қо­сымша 12 нысан ұсынылып, оның тоғызы қосымша тізімге алынған болатын. Бүгінде Жетісу облысында орналасқан қасиетті нысандардың тізімін толықтыру мақсатында жұмыстар әлі де жалғасын табуда. 2020 жылы «Ескерткіштерге QR кодтар орнату» жобасының аясында облыс аумағындағы өңірлік қасиетті нысандарға QR кодтар орнатылды.

 

Жетісу облысы