Былтыр еліміздің құрамасы әлемнің 100-ден астам елінің өкілдерімен қатар математика, физика, география, химия, биология, лингвистика және информатика (JBMO, IMO, IPhO, IGeO, IChO, IBO, ILO, IOI) бойынша 8 беделді халықаралық олимпиадаларға қатысып, 33 медаль жеңіп алған.
«Алматы дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлнұр Кәрімғажы Өңірлік коммуникациялар брифингінде дарынды балаларды қолдау мен әлеуметтендірудің маңыздылығын атап өтті. Гүлнұр Кәрімғажының айтуынша, 20 жылдан астам қалалық команда халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша үздіктер санатында келеді. Республика құрама командасындағы алматылық 18 оқушының 11-і 5 күміс, 6 қола медаль иегері атанған.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау мақсатында алғаш рет халықаралық зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға гранттар берілетіні белгілі. Осы орайда алтын медаль алған оқушыға 1,5 мың АЕК, күміс медальға 1 мың АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық берілетін болса, оқушыларын жарысқа дайындаған ұстаздарға да біржолғы сыйақы бұйырады. Гүлнұр Кәрімғажының айтуынша, қалада дарынды балаларды қолдаудың бай тәжірибесі жинақталған. Егер өткен жылға дейін 56 олимпиада мен байқау өткен болса, биылғысының саны – 175. Осы орайда балалардың жеңімпаз атануы үшін оқу-жаттығу шаралары тұрақты өткізіліп тұрады. Алдағы уақытта қалалық оқушыларды шетелдерге де шығару жоспарда бар.
Математикадан халықаралық олимпиаданың (IMO) жетекшісі Владимир Жук олимпиадалардың тәрбиелік мәні зор екенін айтады. «Математикалық олимпиадалардың тарихы әріден қарастыратын болсақ, бірінші олимпиада ХІХ ғасырдың аяғында Австро-Венгрияда өткені белгілі. Осы орайда В.Жук халықаралық математикалық олимпиадалардың 60 жылдан бергі аралықта өтіп келе жатқанын алға тарта келіп, «Осыдан 20 жыл бұрын алматылық оқушылар нөлге жақын ұпай жинаса, қазір жеңімпаздар қатарынан табылуда», деп атап өтті. Сонымен бірге олимпиада қатысушылары еліміздің, сондай-ақ шетелдердің беделді жоғары оқу орындарына білім алуда.
Халықаралық математика олимпиадасының (ІМО) қола жүлдегері Юрий Тен өз білімінің нәтижесінде ерте жастан Америкадағы университетте оқуға мүмкіндік алған. Болашақ инженер басқа елдердің оқушыларымен бәсекелесудің өте қызықты, ал олимпиадаға қатысудың үлкен жауапкершілік екенін алға тартса, биология пәні бойынша халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері Бақдәулет Ерназаров жаттықтырушылары мен ұстаздарына алғыс білдірді. Биологияны 7-ші сыныптан бастап терең зерделей бастаған Б.Ерназаров бұл бағыттағы ғылымның ерекшелігін атап өтті. Бүгінде ол жаңа биіктерді бағындыруға дайындық үстінде.
АЛМАТЫ