Кейінгі кезде дүкенде, ұшақта, көлікте және басқа қоғамдық орындарда қазақ тілінде қызмет көрсетілмеуіне байланысты дау-дамай туғызып, оны әлеуметтік желіде жариялап, талқыға салушылар көбейіп бара жатқандай. Азаматтардың мұндай талабы орынды, әрине. Тек осындай іс-әрекеттердің кейбірінің астарында қазақстандықтардың этносаралық татулығына сызат түсіріп, сына қағу мақсаты жасырынып тұрғандай көрініп, алаң боласың.
Тіл мәселесін тым саясиландырып, мыңдаған адамның қолын жинап, Конституцияның 7-бабына өзгеріс енгізуді талап еткен петицияны дайындаған азаматтар да мұндай қадамның неге әкеліп соғуы мүмкін екенін жете пайымдамаған тәрізді. Шынтуайтында, Ата Заңның аталған бабынан «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген мазмұндағы 2-тармақты алып тастау қазақ тілінің проблемасын түбегейлі шеше ме? Орыстілді азаматтардың қатары қалың болғандықтан, орыс тілі әлі де үстемдік құрып тұрған солтүстік және шығыс өңірлерде жергілікті мемлекеттік органдардың жиындарын бір күнде қазақ тіліне көшіру әсте мүмкін бе? Мұндай асығыс қадам сол өңірлердегі сепаратистік көңіл күйлерді күшейтіп, Қазақстан атты ортақ шаңырағымыздың шырқын кетірмей ме? Ендеше, не істеу керек?
Біздіңше, қолданыстағы заңнаманың өзі-ақ еліміздің тіл саласында қалыптасқан кінәратты ахуалды сауықтыруға мүмкіндік береді. «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» демекші, осыдан 25 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тiлдер туралы» заңның талаптары толық орындалған болса, бүгінгідей алаңдатарлықтай жағдай туындамас та еді. Себебі аталған заңның 23-бабында: «Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi», деп көрсетілген. Өкінішке қарай, содан бері ширек ғасыр өтсе де қазақ тілін білу талап етілетін кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі әлі жасалған жоқ. Егер бұл тізбе уақтылы жасалған болса, онда қазір дүкендегі сатушы да, ұшақтағы стюардесса да, қоғамдық көлік жүргізушісі де, басқалар да қазақ тілінде хал-қадерлерінше қызмет көрсетіп, мемлекеттік тілді білмеуден туындап жатқан дау-дамайдың бірі де болмас еді.
«Ештен кеш жақсы». Үкімет немесе Парламент Мәжілісінің депутаттары аталған тізбе туралы заң жобасын жасауды қолға алатын кез жетті. Оны әзірлеу жұмысынан Қазақстан халқы Ассамблеясы да шет қалмауға тиіс. Өйткені бұл заң қазір қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жүрген мыңдаған орыстілді отандасымыздың азаматтық құқықтарын бұзбай, әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып қабылданып, кезең-кезеңімен іске асырылғаны абзал. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, жан-жақты ойластырылған орынды шешім көпшіліктің көңілінен шығып, оң өзгеріске жол ашары анық. Бұған өмір тәжірибесі арқылы көз жеткізіп жүрміз.
Мысалы, бір кезде Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы өңірдегі қазақ тілінің күрделі ахуалына ерекше назар аударып, батыл шешімдер қабылдағаны жадымызда. Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдердің біліктілік деңгейі төмен екендігі ескеріліп, оларды ынталандыру мақсатында аталған пәндердің үздік ұстаздарының жалақыларына облыстық бюджет есебінен 50 пайыздық үстемеақы қосылған. Мұндай қолдауға 700-ден астам мұғалім ие болған. Сондай-ақ орыс тілі мен әдебиетінің үздік 40 ұстазына ақшалай сыйақы тағайындалған. Қазақ тілінде балабақшалар ашылып, оларға басқа этностар өкілдерінің балалары да көптеп қабылданған. Жергілікті университеттің филология факультетінің қазақ бөліміне оқуға түскен орыстілді 17 студентке арнаулы гранттар берілген. Міне, осындай шараларды жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен түсіндірудің нәтижесінде облыстағы этносаралық татулыққа еш сызат түскен жоқ. Өйткені тіл – ұлты бөлек адамдардың араздасуының емес, түсінісуінің құралы екені жұртшылық санасына ұдайы сіңіріліп жатты. Өкінішке қарай, осындай игі бастамалардың біразы кейін облыс әкімі ауыстырылған соң жалғасын таппай, жоққа шығарылғандай болды...