Жер емген шаруаның көкке қарап, жаңбыр тілеп отыратын заманы өтіп барады. Қазір сурамалы егіншілік екпіндеп, алғы шепке шықты. Мысалы, Қарағанды облысында суармалы жерлердің көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Ал өңірде егістікті суарумен 101 ауыл шаруашылық кәсіпорны айналысады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров жыл басынан бері облыста 3 494 га жыртуға жарамды жер пайдалануға берілгенін айтады. Мұнымен қатар шаруашылықтардың саны да артып келеді. Мысалы, биыл қатарға жаңадан 6 ауылшаруашылық құрылымы қосылған. Бұлар негізінен дәнді дақылдар, картоп, көкөніс, майлы және жемшөп дақылдарын өсірумен айналысады.
Қазіргі таңда мемлекет дақылдардың өнімділігін екі-үш есеге арттыратын суармалы егіншілікпен шұғылданатын кәсіпкерлерге барынша көмектесіп отыр. Нақты айтқанда, жабдықтарды сатып алуға және суармалы суды жеткізуге субсидиялар бөледі. Мысалы, биылдың өзінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру қызметіне арнап 206,1 млн теңге қарастырған.
Облыстың Бұқар жырау ауданындағы «Баймырза-Агро 2018» ЖШС-ның директоры Максим Букаемский жаңбырлатып суару техникасы мен тыңайтқыштарды сатып алуға бөлінген субсидияның дер кезінде көрсетілген зор көмек екенін ризашылықпен айтады.
– Бізде жоспарлы кеңейту жүріп жатыр. Жыл сайын шашыратқыш машиналар сатып аламыз. Басында мұндай екі машина тек картоп үшін ғана болды. Ал қазір суармалы жүйе дәнді дақылдар алқабында да бар, – дейді ол.
Негізінде «Баймырза-Агро 2018» ЖШС әу бастан суармалы егіншілікпен айналысу мақсатында құрылған еді. Кәсіпорын 2018 жылдың күзінде суару жүйесі, сыртқы электрмен жабдықтау, суару құбыры, суару техникасын сатып алып, бірнеше жобаны бірден бастап кеткен болатын.
Қазір «Баймырза-Агро 2018» шаруашылығында 25 адам тұрақты жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Бұдан бөлек, жұмысшы саны маусым кезінде 70-ке дейін жетеді. Бүгінде Максим Букаемский суармалы егістік саласының аса білгір маманына айналған. Ол бұл істі бастаған алғашқы жылдары картоп егіп, шаруашылықта айналмалы әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналарды қолданған.
– Қондырғылар дақылдардың барлық түрін суарады және суарудың біркелкілігін қамтамасыз ететін арнайы саптамалары бар. Су электр сорғылары бар бетондалған аванкамералардан алынады. Ол жабық құбырлар арқылы өтетіндіктен, шығыны мейлінше аз болады. Қазір бізде алты бүріккіш бар. Келесі жылы тағы екеуін сатып аламыз. Суармалы егістік алқабын 600 гектарға дейін ұлғайтқымыз келеді, – дейді болашаққа сеніммен қараған кәсіпорын басшысы.
Иә, соңғы жылдары Максим Букаемский жетекшілік ететін шаруашылықта егіс алқаптары кеңейіп келеді. Мысалы, 2022 жылы тағы 126 гектар суармалы жер қосылып, қазіргі уақытта 266 гектарға картоп, 70 гектарға бидай, 50 гектарға бұршақ, 90 гектарға арпа, 210 гектарға дәнді, бұршақ және майлы дақылдар тұқымы сіңірілген. Шаруашылық элиталық тұқым түрлерін Ресей мен Германияның және өзіміздегі мамандандырылған шаруашылықтардан сатып алады.
Суармалы егіншілік түрлерін дамыту бүгінгі күннің талабы болып тұр. Оның үстіне бұл іске мемлекеттің оң көзбен қарап, барынша қолдау көрсетіп отырғаны да сенімді күшейте түседі. Олай болса, бұл іске білек сыбана кіріскен шаруаның тасы өрге домаламай қоймас деп сеніммен айтуға болады.
Қарағанды облысы