Ташкентте өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кезекті отырысында қорғаныс ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан әскери делегациясын Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов басқарып барды.
Қорғаныс ведомстволарының басшылары Қарулы күштер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдіре отырып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты және сенімді орнықты дамытуды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Кеңеске қатысушылар Ауғанстандағы тұрақсыз жағдай ерекше алаңдаушылық тудырып отырғанын да атап өтті.
Қазақстан Қорғаныс министрі ШЫҰ Хартиясына негізделген және ұзақ мерзімді тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартты және басқа да құжаттарды сөз ете келе, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың оң сипаты бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік саласындағы өзекті ортақ проблемаларды шешу жолдарын іздеуге ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесі аясында өзбекстандық әріптесі генерал-лейтенант Баходир Құрбанов және Үндістан қорғаныс министрі Раджнатх Сингхпен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның әскери саладағы екіжақты ынтымақтастығының қазіргі жай-күйінің аспектілері талқыланды. Кадр даярлау, бірлескен жауынгерлік даярлық іс-шараларын өткізу, әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері төңірегінде әңгімелесті. Министрлер Орталық Азия өңіріндегі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қатысты пікір алмасты.
Ал Раджнатх Сингхпен екіжақты кездесуде тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық, бітімгершілік қызмет, кадрлар даярлау және әскери білім беру мәселелерін талқылады.
Қорғаныс ведомстволарының басшылары екі жақты негізде де, халықаралық форматтар шеңберінде де екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалап, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.