• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2014

Татулық аясындағы кездесу

266 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың ақпан айынан бері Батыс Қазақстан облысының аудандары мен округтері арасында «Бейбітшілік пен келісім» республикалық мегажоба аясында шаралар жалғасын табуда. Соның айғағындай, Жәнібек ауданының түрлі салалар өкілдерінен құралған делегация көршілес жатқан Қазталов ауданында болды. Бұл екі аудан да Ресейдің Волгоград, Саратов губернияларымен шекаралас орналасқан. Ресеймен «ауылы аралас, малы қоралас» болғандықтан, түрлі ұлт өкілдері тұрады. Мегажоба аясында дөңгелек үстел басында кездескен Қазталов және Жәнібек аудандарының әкімдері Нұрлан Бекқайыр мен Мұрат Мұқаев аудандардағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп, тәжірибелер алмасты. Сондай-ақ, делегация мүшелері типтік жобада салынған «Нұрбалапан» балабақшасында, тарихи-өлкетану мұражайында болды. Бір қуанарлығы, көршілердің әңгімесінде Жәнібек ауданының орталығында да «Нұрбалапандай» балабақша құрылысы басталыпты. Сонымен қатар, Жәнібек ауданының Ақоба округі жерінен жерасты қазба байлықтың табылғанын да жеткізді. Бұған қазталовтықтар көршілердің қуанышына ортақтастық тілегін білдірді. Мегажоба аясындағы кездесуде сөз алған ұлты әзербайжан Тамара Кафарова жұбайының қазақ екенін айта келіп, құда-жекжаттарының да жергілікті халықтан екенін жеткізді. Ал концерттік бағдарламада Тамара халық әні «Угай - айды» орындағанда көрермен қошеметпен қол соқты. Сондай-ақ, Жәнібек аудандық «Шұ­ғыла» газетінің редакторы Ахмедияр Ба­тырханов ауданымыздан Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен боздақтардың тың мәліметтерін алып келуі – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына берілген тарту деуге болады. Осындай ел мен елді жақындастырған, татулық пен бірлікті насихаттаған мегажоба аясында өткізілген шараға аудан жұртшылығы риза болды. Гүлфия КӨШБАЕВА. Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы.