• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2014

Шеру

550 рет
көрсетілді

Даңқ мемориалы алаңы кеудесі орден мен медальға толы қариялар мен қып-қызыл гүл шоқтарын ұс­таған нөпір халыққа толы болды. Өңір басшысы Б.Сапарбаев пен об­лыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Г.Бердюгин бастаған облыс орталығының жұртшылығы, әскери бөлімдер, кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдері бар тағзым етушілердің қалың қатары сұрапыл соғыста қан төккен майдангерлер рухын еске алып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бүгінде Өскеменде 240 ҰОС ардагері, 8051 тыл еңбеккері тұрады. Шығыс өңірінен майданға 170 мыңға тарта адам аттанса, олардың арасында соғыс даласында ажал құшып, хабарсыз кеткендердің өзі 96 мыңға жуық. Шығысқазақстандықтар аталған соғыста асқан ерлік көрсеткенін өңірден аттанған 109 жауынгердің Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанынан білуге болады. Сондай-ақ, 24 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық кавалері болды. Бұл – Батыр атағына теңестірілген жауынгерлік жоғары марапат. 30 мыңға жуық сарбаздар түрлі дәрежедегі ордендермен, медальдармен, 9 мың тыл еңбеккері «Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жеңіс рухын айшықтаған салтанатты мереке Республика алаңында әскери шерумен жалғасты. Шеруді ішкі істер министрлігі ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Бауыржан Әбжанов басқарды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының офицерлері, 5518 әскери бөлімінің қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің офицерлері мен Ауған соғысының ардагерлері, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ әскери кафедрасының студенттері және Өскемен қаласындағы «Қаһарман», «Тұлпар», «Жұлдыз-Звезда», «Айбын» әскери-патриоттық клубтарының мүшелері бар 15 колонна сап түзеген салтанатты шеру барысында әртүрлі тақырыпта безендірілген жүк көліктері Ұлы Отан соғысындағы шешуші ұрыстарды бейнелеген көріністер ұсынды. Мәселен, «Брест қорғаны», «Мәскеу үшін шайқас», «Курск шайқасы», «Ленинград қоршауы», «Берлинді алу» және бүгінгі бейбіт өмірді бейнелеген «Мәңгілік Ел» көріністері алапат соғыс пен ата-бабаларымыздың бекер қан төкпегенін ұтымды көрсете білді. Салтанатты шеруді ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінің оркестрі марштық әуендермен сүйемелдеді. – Бүгінгі заман өкілдері ел егемендігінің, бейбіт өмірдің қалай келгенін ұмытпауы керек. Біз, ата-әжелеріміз, әке-аналарымыз, ағаларымыз алдында борыштармыз. Соғыстың қайғысы, қасіреті көп болады. Сондықтан Отан үшін жанын қиған аға буын ерлігі, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін еткен өлшеусіз еңбек еш уақытта ұмытылмайды, – деді өңір басшысы Б.Сапарбаев. Сонымен қатар, Жамбыл атындағы саябақта ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері сарбаз ботқасынан дәм татып, әскери-патриоттық әндерді шырқады. Ал Ертіс жағасындағы амфитеатрда «Жеңіс рекорды» спорттық акциясы өтті. Онда Ұлы Отан соғысынан бері өткен 25203 бейбіт күннің құрметіне аталған сандық көрсеткішпен сай келетін дене күшін сынаудан, белтемірде ойнаудан және гір тасын көтеруден спорттық жарыстар өтті. Жеңіс мерекесі Ертіс жағасындағы барқыт аспанды сансыз жұлдыздарға бөлеген отшашумен аяқталды. ӨСКЕМЕН.