• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Тамыз, 2022

Алматыда әжетханадан жаңа туған сәби табылды

228 рет
көрсетілді

Алматылық полицейлер әжетханада жатқан жаңа туған нәрестені құтқарып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 24 тамыз күні түнде Түрксіб ауданында болған.

«Бізге түнгі сағат екіде кәмелетке толмаған қыз түсік тастағаны туралы қоңырау келіп түсті. Ол қаладағы ауруханалардың біріне жатқызылды. Дәрігерлермен сөйлескеннен кейін мен оқиға орнына барып, тексеруді жөн көрдім. Басыма бала қайда деген сұрақ келді. Қыздың анасынан оқиғаға дейін қыз сырттағы дәретханада біраз уақыт болғанын білдім. Дәретхана ішінен қан іздерін тауып, ішінде жатқан баланы көрдім. Ол дем алып жатты. Осы кезде тергеу-жедел тобы келді, оның құрамында криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ғазиз Хамасқалиев болды. Біз дәретхананың еденінен тақтайларды тез алып тастадық. Әріптесім Ғазиз төмен түсіп, баланы қызметтік көйлегіне орап, абайлап шығарып алды. Сол кезде нәресте жылады. Бәріміз уайымдадық. Баланы тез арада дәрігерлерге тапсырдық», деді Түрксіб аудандық ПБ-ның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Нұржан Шатунов.

17 жастағы жасөспірімнің анасының айтуынша, ол қызының жүкті болғанын білмеген. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Түрксіб аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінде тергеу амалдары басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

«Қазір баланың жағдайын біліп қайттық. Ол дәрігерлердің бақылауында жансақтау бөлімінде жатыр. Өз бетінше дем алып жатыр. Бұл жаңалыққа баланы құтқаруға қатысқан барлық әріптестерім қатты қуанды. Демек бала өмір сүреді. Ол туғаннан бері өз өмірі үшін күресті. Оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Бақытты болып өсе берсін. Мен үш ұлдың әкесімін. Сондықтан бұл оқиға мені бей-жай қалдырмады. Біз өз әріптестерімізбен бірге құтқарылған нәрестенің тағдырын міндетті түрде қадағалаймыз», деді Шатунов.