Жамбыл топырағынан Ұлы Отан соғысына 120 мыңға жуық жауынгер аттанып, тағдыр соның 32 мыңына туған жерге қайта оралуды жазбапты. «Ер есімі – ел есінде» деген, кеуделерін оққа тосып, Отаны үшін жанын пида еткен бұл жауынгерлердің есімі, ерлігі әрдайым елдің есінде қалары сөзсіз.
Тараз төрінде өткен Жеңіс мейрамы от пен оқтың ортасында арпалысқан батырларымыздың ерлігін ұлықтап, тағзым етуден басталды. Орталық «Достық» алаңында өткен мерекелік жиында облыс әкімі К.Көкірекбаев ардагерлерді Жеңіс мерекесімен құттықтап, жастар жағы келешек ұрпақтың бейбіт өмірі үшін қолына қару ұстаған, бүгінде көзі тірі майдангерлерге құрмет көрсетті. Соғыс жылдарынан түрлі театрландырылған көріністер қойылды. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің әскер сапындағы үздік сарбаздар кәсіби шеберліктерін көрсетіп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Биыл 90 жасқа толып отырған қарт майдангер Жұманәлі Пазылбаев әскерге 1942 жылы шақырылып, Волхов, Ленинград, Смоленск бағытында қан майданға қатысыпты. Кейіннен Минск, Кишинев қалаларында, Украина, Эстония, Латвия, Литва елдерін азат ету үшін аянбай шайқасқан. 1948 жылы елге оралған ол ішкі істер органдарында басшылық қызметтер атқарды. Тіпті, зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, қаладағы қарттар үйінде қызмет етті. Жеңіс мейрамы қарсаңында облыс әкімі К.Көкірекбаев ел басына күн туғанда қолына қару ұстап қорғап, бейбіт күнде еселі еңбегімен үлес қосқан қарт ардагерді арнайы барып құттықтап, сый-сияпат жасады.
Сондай-ақ, бұл күні облыс басшылығы тағы да бірқатар ардагерлердің үйінде болды.
Бұл күні облыс орталығында концерттік бағдарлама, солдат ботқасын тарату, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, әскери техника көрмесі ұйымдастырылды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.