• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2014

Ынтымақтастық жайын арқау еткен кездесу

290 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Уильям Бёрнспен кездесу өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Кездесу барысында Қа­зақстан мен АҚШ арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағы, сондай-ақ, нау­рыз айында Гаага қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік саммиті шеңберіндегі Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Б.Обаманың уағдаластықтарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Тараптар жаһандық қау­іп­сіздік, әсіресе, жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау саласындағы екі елдің ынты­мақтастығын зор қанағат­танғандықпен атап өтті. Аме­ри­калық дипломат Қазақстанның аталған салаға қосқан үлесі мен бастамалары үшін риза­шы­лық білдірді. Осыған орай, 6 мамыр­да Нью-Йоркте «ядро­лық бестік» елдерінің Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақтың (ОАЯҚАА) қа­ты­сушы елдеріне кепілдіктер берілетін хаттамаға қол қою­дың маңызы ерекше атап өтілді. ОАЯҚАА-ның төра­ғасы ретінде Қазақстан екі жыл бойы бұл мәселені ілге­рі­лету бойынша жұмыс істеп, Орталық Азия өңірі елде­рі­нің қауіпсіздігін елеулі түрде ны­ғайтып, таратпаудың жаһандық жүйесіне зор үлес қосты. Сұхбаттасушылар, сондай-ақ, қазақстандық-америкалық екіжақты қатынастардың, со­ның ішінде Стратегиялық әріп­тестік жөніндегі комис­сия мен Энергетика сала­сын­дағы бірлескен комис­сия және Ғылыми-техника­лық ын­тымақтастық комиссия­сының жемісті қызметін атап өтті. Сауда-экономикалық жә­не іскерлік ынтымақтастық ел­деріміз арасындағы стра­тегиялық әріптестіктің маңызды құрамасы болып қала береді. ҚР СІМ басшысы жоғары технологиялар саласындағы АҚШ компанияларының Қазақстанда бірлескен жобаларды жасауға деген қызығушылығының артуын атап өтті. Сұхбаттасушылар арасында халықаралық саясат және өңір­лік қауіпсіздіктің өзекті мәсе­лелері, соның ішінде Украинадағы жағдай бойынша пікір алмасу өтті. Осыған орай, барлық мүдделі тараптардың 17 сәуірде Женевада қол жет­кізілген уағдаластықтарды орын­дау қажеттілігі баса айтылып, қақтығысқа тартылған тарап­тардың ұстамдылық танытып, одан арғы қантөгіске жол бермейтініне сенім біл­дірілді. У. Бёрнс еліміздің Ауған­с­тан­ды қалпына келтіру мен ондағы қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуге қосқан үлесі үшін Қазақстанға ерекше ри­за­шылық білдірді. Ол халық­ара­лық коалиция әскерлерін АИР-ден шығару аясында АҚШ, Қазақстанды қоса алғанда, өз әріптестерімен Ауғанстанның, соның ішінде соңғы отырысы 2013 жылдың сәуірінде Ал­матыда өткен Ыстамбұл үдерісі шеңберіндегі тұрақты дамуын сақтайтынына сендірді. Дипломаттар барлық дең­гей­лердегі үнқатысуды жал­ғас­тырып, қазақстандық-аме­ри­калық стратегиялық әріптес­тік­ті нығайту мен кеңей­туге қо­­сым­ша күш салуға уағда­ласты.
Соңғы жаңалықтар