Жылдағыдай жергілікті мешіттер «Мектепке жол» акциясына үн қосып, мектеп жасындағы балаларға қуаныш сыйлауда. Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітте қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 200 оқушы мектеп құралдарымен қамтамасыз етілді.
Сауабы мол шараны ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігі және «Зекет» қайырымдылық қоры кәсіпкер азаматтардың ұйытқы болуымен қолға алған екен. Қайырымдылық акциясына жер-жерден қалталы азаматтар үн қосты. Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітте өткен арнайы шараға облыстың бас имамы Жолдас Бертымұратов бастаған дін қызметкерлері және «Қамқор – Шарапат» бөлімінің қызметшілері қатысты.
– Балаларға қуаныш сыйлау да бақыт! Алланың қалауымен биыл да мектепке баратын балаларды қолдап, кәсіпкерлеріміз, мүдделі азаматтар өз көмектерін көрсетуде. Жақсылықта жарысқан мұсылман жамағатының қайырымдылық үлгісі өзге де ағайынға өнеге болса екен дейміз. Ізгілікті іс алдағы айларда да жалғасады, – деп атап өтті облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы.
Жалпы, қайырымдылық акциясы аясында бұл күні жағдайы төмен, көпбалалы отбасында тұратын 100 ұл мен 100 қызға сөмке, дәптер, қалам, сызғыш, циркуль, сурет дәптер, қалам ұштағыш, желім, т.б. құралдар үлестірілді.
Айтып өтейік, акция бүгінде барлық аудан-қалалардың мешіттерінде жалғасуда. Аққулы ауданында – 30, Ақсу қаласы бойынша – 31, Ертіс ауданында – 53, Баянауылда – 33 бала, Шарбақтыда – 23, Железинде – 10, Ақтоғайда – 33, Майда – 22, Екібастұз қаласы бойынша 150 балаға имандылық ордаларының мұрындық болуымен көмек көрсетілген. Сондай-ақ «Ар Рахман», «Бижан», «Ақмешіт», «Абу Бәкір Сыддық», «Омар Фаруқ» мешітері де белсене атсалысуда.
Павлодар облысы