• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Тамыз, 2022

Қазіргі заман кейіпкері

31519 рет
көрсетілді

Қазақ әңгімесі дегенде алдымен ойымызға шағын жанрдың шебері Бейімбет атамыз келеді. Иа, кәдімгі Бейімбет Майлин! Обалы нешік, Биағаңның оймақтай әңгімелерін оқығанда өткен ғасырдың басындағы оқиғаларды теледидардан көргендей әсерде боламыз. Сондай кезде әп дегеннен оқырманды жетелеп, еріксіз езу жиғызып, кейде жаныңызды мұңайтып, кейде қуантып отыратын ғажайып бейнелердің галереясын жасаған жазушының шеберлігіне таңдай қағасыз. Оның шығармаларында басы артық деталь, көлденең сөз, артық бояу жоқ. Бір деммен құйыла салған секілді. Белгілі қаламгер Жолтай Әлмашұлының әңгімелері де Биағаңның туындыларымен үндесіп тұрады. Жазушы философиялық терең ой айтамын деп күшену, сөзбен сурет саламын деп көпсөзділікке ұрыну, кейіпкерлерді асыра әсірелеу секілді қасиеттерден ада. Қайта, шығарманы қолмен қойғандай дәлдікпен, ұтымды детальмен, айшықты әзілмен әрлеп отырады.

Мәселен, қаламгердің «Сэм және Сэмиха» деген әңгі­месін алайық. Мұнда қазіргі қоғам­дағы келеңсіз бір көріністі арқау етеді. Басты кейіпкердің есімі – Сапаргүл. Ауылда әке-шешесінен тағылымды тәр­биесімен өскен бойжеткен кейін қалаға келіп, жоғары білім алады. Тәп-тәуір қызметке орналасып, ел қатарлы жұмыс істейді. Бір бөлмелі қо­нысқа қол жеткізеді. Былайша, көңілі тоқ, уайымы жоқ деп айтуға болады. Сөйтсек, Сапаргүлдің де нәзік жүрегінің түкпірінде жұрттан жасырып, өз-өзін іштей жеп жүрген арман-мұңы бар. Анасы үнемі қызына: «Жалғыздық бір Аллаға жарасқан» деп жиі айтады екен. Ал ол болса: «Айтса ше? Бұл дүниеде не оңай, айта салу оңай. Ал мықты екенсің, сол өзің айтқаныңды орындап көрші! Ә, қалай екен! Ендеше, әуелі айтпай тұрып, ойланып алған мақұл!» Бұл – өзінің ойы». Сөйтіп жүргенде, қалада туған, ауқатты отбасыдан шыққан, бүгінгі күннің талғамымен сәнді киінген жігітпен танысып, аз уақыт ішінде тұрмыс құрады. Жігіттің аты – Сатымсай. Бірақ ол есімі оған ұнамайды. Тым қазақы, ескі есім деп санайды. Әкесі оған: «Бір кездері сондай батыр бабамыз болған, сол кісідей жүректі, елге сыйлы болсын деген ниетпен атағанбыз» дейді. Бірақ оның қадірін білетін бала жоқ. Солай жаңа шаңырақ көтерген отау иелері өздерін заман талабына сай есімдерін «Сэм және Сэмиха» деп өзгертеді. Сырт қарағанда, Сэм де жаны нәзік сыпайы жігіт. Көпшілік оны мәдениетті деп қабылдайды. Сапаргүл – Сэмиха болса, өмірлік жолдасына лайық болу үшін бұрынғы қазақы әдеттерін қойып, жаңаша болуға тырысады. Өзін барынша еркін ұстап, тілін де бұрап сөйлеп, қазақша-орысша аралас­тырып айтуға машықтанады.Онысы жұбайына ұнайды. Сэм де оған жиі ақыл айтып, өз айтқанымен жүргізе бастайды. Бірде олар жа­қын сыйласып жүрген достарымен қала сыртындағы саяжайға демалуға барады. Еліріп, лепіріп тұрған жастар ащы судан да тартынбайды. Қызық енді бас­талады. Енді масайып алған олар арсыз қылықтарға көшеді. Тіпті қыза-қыза келе, олар бір-бірінен әйелдерін уақытша алмастыруды айтады. Сондай кезде Сапаргүл – Сэмиханың төбе шашы тік тұрып, құйқасы шымырлап қоя береді. «Бұл не? Еркіндік, ерік деген осындай бола ма екен?! Қыздар сендерге не жоқ. Ар, ұят, намыс деген қайда? Намысы үшін жанын да қия білген қазақтың қыздары емессіңдер ме?...» деп құрбыларын жөнге шақырады. Оны елеп жатқан ешкім болмайды. Қайта, Сэм әйелінің достарының алдында ұятқа қалдырғанын айтып, оған жұдырығын түйіп, тіс­терін қышырлатады. Ақыры Сапаргүл улаған-шулаған ортадан қашады. Осы оқиғадан кейін жас жұбайлар ажырасады. Автор Сэмиханың ойы арқылы. «Бұл қай заман?! Мен қай кезде, қай уақытта өмір сүріп жатырмын? Кімдермен, қандай жастармен замандас болып отыр­мын. Менікі қай мораль?... Марқұм анам айта беретін «Арың – асыл қазынаң» деген қағида әлдеқашан әдіре қалғаны ма?! Біз жастар-ау, кімге, қайда еліктеп барамыз?!» деп шығарманың түйінін тұжы­рымдайды. Расында, туын­дыдан қаламгердің ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың дәстүрінен, иманды, адами қа­сие­тінен алыстап бара жатқан жас ұрпақтың болмысын жан шы­рылымен жеткізгенін терең түсінесіз..

Жазушының «Сәби қайнаға» деген шағын әңгімесінде де алып-жұлып бара жатқан оқиға жоқ. Жайма-шуақ көңілге толы сезіміңізді дір еткізер оймақтай ғана туынды. Басталуынан әң­гіменің не туралы екенін ұға қоясыз. «Қаһарман шалды ауыл­дың бар келіні «герой қай­наға» деп атаушы еді. Жал­ғыз ғана Нұрсұлу елден ерек «сә­би қайнаға» деп әп-әдемі атты тауып алыпты» деп баяндайды автор. Нұрсұлу – ауылдағы жалғызбасты келіншек. Күйеуі соғыстан оралмағаннан кейін қай­тып ерге шықпаған. Әлдилеп, қолғанат болатын баласы да жоқ. Қылықты келіншекті ауылдың бәрі ерке келін атайды. Обалы нешік, әдемі, көрікті әйелді қай­рақшы Қаһарман қария да іштей ұнатып, «жанарымен жеп қоя жаздап» жүреді. Бірде ақсақал сылқым замандасының қайшысын қайрап береді. Бір­ақ қайрап берген қайшысы өт­пей, сұлу келіншек ақсақалға қайтып әкеп береді. Осы жердегі үзіндіге, үзіндідегі ойға зер са­лыңыз: «Шал тұңғыш рет өзі қайраған заттың кері қайтқанын көріп тұр. «Қайратым тайды ма, кәрілік жеңді ме мені... Заман шіркін, дәурен шіркін, төбемнен қош деп ұшқаны шығар бұл. Бар өмір, қысқа ғана жалғыз жалған...осымен аяқталуға та­қа­ғаны ма, уай, дүние-ай!... Іс­теген ісіңнен ши шыға бастаса, біт­пегенде несі қалды оның? АҺ-Һ!» деп үзілдіріп баяндайды автор. Қысқасы, бұл әңгімеден «Адам қартайса да, көңіл шіркін қар­таймайды» деген емеурінді  іштей ұғасыз.