Сириядағы соғыс таяуда бітер деген үміт бар еді. Алайда күні кеше соғыс оты қайта тұтанды. Сейсенбі күні АҚШ-тың шабуылымен басталған қақтығысқа қарсы жауап ретінде жергілікті жасақтар да нақты әрекетке көшті.
АҚШ Сириядағы Иран қолдайтын қарулы күштерге шабуыл жасағанын жариялағаннан кейін оның елдегі базаларына зымырандық шабуылдар жасалғанын хабарлады. АҚШ әскері зымырандық шабуылдарға Иран қолдайтын жасақтар жауапты болуы мүмкін екенін тілге тиек етті. Шабуыл барысында екі АҚШ сарбазы жеңіл жарақат алып, базадан эвакуацияланды деген ақпарат тарады.
Елдің Таяу Шығыстағы операцияларына жауапты АҚШ Орталық қолбасшылығының мәлімдемесінде былай деп жазылған: «Содырлар Сириядағы екі әскери базаға зымырандық шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде біз де тікұшақтармен әрекет еттік». Қолбасшының мәлімдемесінде Ираннан қолдау көретін «екі-үш содырдың қаза болғаны» туралы ақпарат та бар.
Бір күн бұрын АҚШ әскері Сирияның шығысындағы Дейр-эз-Зор қаласына әуеден соққы жасағанын хабарлады. Олар шабуылдың негізгі нысаны Иранмен байланысы бар кейбір қарулы топтар деп түсіндірген еді. Сондай-ақ АҚШ әскері соққыға ұшыраған инфрақұрылым нысандарының барлығы дерлік Иран қолдайтын жасақтарға тиесілі екенін алға тартып отыр.
«Біздің әуе шабуылын ұйымдастыруымыздың басты себебі АҚШ әскерлерін Иран қолдайтын жасақшылардан қорғау және бұл біздің әскер үшін өте маңызды», деді АҚШ әскері орталық қолбасшылығының байланыс директоры, полковник Джо Бучино.
Сонымен қатар Джо Бучино аталмыш шабуылды президент Джо Байденнің бұйрығымен ұйымдастырғандарын, аймақтағы шиеленіс қаупін шектеуді және қарулы топтар кесірінен құрбан болатындар санын барынша азайту мақсатымен жүзеге асырылғанын атап өтті.
Джо Бучино бұл шабуылдың 15 тамызда Иран қолдайтын топтардың АҚШ қызметкерлеріне жасаған шабуылдарына жауап екенін алға тартты. Естеріңізге сала кетейік, Иран қолдайтын топтар 15 тамызда ұшқышсыз ұшақтармен америкалық әскерилер пайдаланатын Әл-Танф гарнизонына шабуыл жасады. Шабуыл кезінде АҚШ әскері қаза тапқандардың жоқ екенін және материалдық шығын болмағанын хабарлады. Иран Сыртқы істер министрлігі шабуылға қатысты мәлімдеме жасап, АҚШ-тың әрекетін «Сирия егемендігін бұзатын лаңкестік әрекет» деп сынады. Ал Сирия шабуылға қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жариялаған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, шабуыл ұйымдастырылған Дейр-эз-Зор – Сирия-Ирак шекарасындағы стратегиялық маңызды мұнай қоры бар провинция. Бұл аймақ Сирия әскерлері мен Иран қолдайтын жасақтардың бақылауында. Сондай-ақ Израиль аймаққа соғыс ұшақтарымен жиі шабуыл жасайды.
АҚШ соңғы рет өткен жылдың маусым айында Сирияның екі аймағында әскери және қару-жарақ сақтау үшін пайдаланылатын нысандарға шабуыл жасаған еді. Ал АҚШ-тың кешегі шабуылы экс-президент Дональд Трамп шығып кеткен Иран ядролық келісімін қайта жаңғырту үшін Еуропалық Одақ ұсынған келісім жобасы қолға алынған кезеңмен сай келуі ойландырады.
Қазіргі уақытта Байден әкімшілігі 2015 жылы АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Германия және Иран арасында қол қойылған, бірақ 2018 жылы АҚШ экс-президенті Дональд Трамптың шешімімен жасалған Еуропалық Одақ дайындаған ядролық келісімнің жаңа жобасын қарастырып жатыр.
Алдағы күндері аталмыш келісімге қатысты АҚШ Иранның ұсыныстары мен талаптарын ескере отырып, шешім қабылдайды деп күтіліп отыр.