Вьетнамның Хошимин қаласында паратаэквондодан Азияның ашық біріншілігі аяқталды. Түрлі жас ерекшеліктері бойынша өткен жарыста 15 мемлекеттен келген 70-ке жуық спортшы бақ сынады.
Жерлестеріміздің арасынан Мәлік Мұқашевтың өнеріне тәнті болдық. Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарды жаттықтыратын ол дүбірлі додаларға өзі де жиі қатысып, елге үнемі олжалы оралып жүр. Мәселен, былтыр Түркияда өткен әлем чемпионатында 80 кило салмақта сынға түскен Мәлік жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл жолы да таэквондошы қарсылас шақ келтірмеді. Тағы бір бас жүлде танымал спортшы Кәмила Досмаловаға бұйырды. Ол 57 кило салмақта топ жарды.
Хошиминде тағы төрт спортшымыздың алтын алуына жақсы мүмкіндіктері болды. Алайда ақтық сында ұтылған Нысанбек Айдарбеков (58 кило), Бауыржан Көшербаев (63 кило), Нұрлан Домбаев (80 кило) және Нышан Өмірәлі (+80 кило) күміс медальді мойындарына ілді. Аса ауыр салмақта айқасқан Әлішер Гариполлаев қолаға қол созды.
Жалпы есепте Иран мен Өзбекстанды алға жіберген Қазақстан құрамасы үшінші орынды иеленді. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Спорттық даярлау орталығының аға жаттықтырушысы Нұржан Есілбаев чемпионаттың қорытындысы бойынша ең үздік бапкерге тиесілі арнайы сыйлықты иеленді.