Қостанай облысы әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында «Жас шаңырақ» өңірлік бағдарламасын іске асыру бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының бастамасымен қолға алынған игі бағдарлама облыс әкімдігі мен мәслихат депутаттары тарапынан қолдау тауып отырғанын айта кеткен жөн.
Жастар сарайында өткен іс-шараға өңір басшысы Архимед Мұхамбетов, «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес мүшелері мен белсенді жастар қатысты.
Жас отбасылар мен жас мамандардың баспана сатып алуына көмек көрсету мақсатында іске қосылған «Жас шаңырақ» өңірлік бағдарламасын облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалы бірлесіп әзірлеген. Бағдарлама, негізінен жоғары сұранысқа ие салаларда еңбек етіп жүрген 35 жасқа дейінгі жас мамандарға арналады. Бұл орайда облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ-ның бірлескен қаражаты есебінен жастарға тұрғын үй сатып алуға жететін қаржы несие ретінде берілетін болады.
– Біз жас отбасылар мен жас мамандарды қолдауға мүдделіміз. Соған орай, осы санаттағы жастарға тұрғын үй алуға көмектесу үшін «Жас шаңырақ» өңірлік бағдарламасын әзірледік. «Отбасы банк» АҚ басшылығы бұл бастамаға қолдау жасады, сол үшін біз ерекше алғыс білдіреміз. «Жас шаңырақ» бағдарламасы әзірге Қостанай қаласының аумағында қанатқақты жоба ретінде іске асырылатын болады. Бұл мақсатта 700 млн теңге қаржы қарастырылып отыр. Оның 350 млн теңгесі «Отбасы банк» АҚ қаражаты есебінен, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлінетін болады. Аталған жобаны іске асыру барысында биылдың өзінде 50 жас отбасы баспана қуанышын сезінетін болады. Алдағы уақытта біз бұл бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, бүкіл облыс көлемін қамту жағын қарастыруды көздеп отырмыз, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Бағдарламаға қатысуға үмітті жастар Қостанай қаласында кемінде 1 жыл тұрақты тіркеуде тұруы шарт. Сондай-ақ денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қызметтер сияқты жоғары сұранысқа ие салаларда кемінде 1 жыл жұмыс өтілі болуға тиіс.
Өтініш беруші және оның отбасы мүшелерінің ел аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі және иеліктен шығару фактілері, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша алынған жалға берілетін тұрғын үйлері болмауға тиіс. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Іріктеу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғындар тарапынан туындауы мүмкін наразылықты болдырмау мақсатында қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша және тәуелсіз конкурстық комиссияның отырысын өткізу арқылы жүргізіледі.
– Жалпы, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша біз 450,5 мың шаршы метр тұрғын үй салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен әлдеқайда артық, – деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында аймақ басшысы облыстағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысына да тоқталып, жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың көп екенін тілге тиек етті. Әкімнің айтуынша, бүгінде өңір тұрғындарының 18 пайызын жастар құрайды. Облыста тұратын жастардың саны шамамен 152 мыңнан асқан. Соңғы жылдары мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысында жастардың өзекті мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, көптеген игі жобалар жүзеге асырылған.
Мәселен, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 100-ден астам жас азамат гранттық қолдау мен субсидияға ие болған. Оның ішінде 7 жобаға жалпы көлемі 30 млн теңгенің гранты берілсе, 43 жобаның авторы 350 млн теңгеге ие болып отыр. Сондай-ақ жас кәсіпкерлер әзірлеген 51 жобаға жалпы сомасы 1 млрд теңге субсидия бөлінген.
Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы бойынша 5 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылды.
Өңірде жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Жасыл ел» жобасы тиімді жүзеге асырылуда. Жоба аясында тамыз айының аяғына дейін кемінде 1 800 азаматты жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.
Қостанай облысы