Жуырда қала орталығындағы «Универсам» шағын ауданында ашық кәріз құдығына түсіп кеткен сәбиді облыс орталығына оқу іздеп келген Арман есімді бозбала құтқарып қалған еді.
Мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желілерде жазылған оқиға кейіпкері Арман Аманжоловқа бүгін педагогтардың тамыз кеңесінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев демеушілер атынан пәтер кілтін табыс етті.
«Мемлекет басшысы тарапынан азаматтарымыздың мұндай ерекше батыл қимылдарын елеусіз қалдырмай, өзгелерге үлгі ету туралы ұстанымы аясында бүгін Арман батырға, оның ата-анасына барша Сыр елінің атынан зор ризашылығымызды білдіремін. Бүгінде аймағымызда жомарт жүректі жанашыр азаматтар жетерлік. Сол демеушілердің атынан бүгінгі бейбіт күннің батыры болған бозбалаға баспана кілтін табыс етеміз. Қарапайым ғана ауыл баласының бұл ерлігі өзі сияқты қатар жүрген балаларға үлгі болсын, елдің ішінде осындай азаматтар көп болсын», деді облыс басшысы.