Дизель отынын шектеулі көлемде және талонмен сату үрдісі Ертіс-Баян өңіріндегі жанар-жағармай стансаларының басым бөлігінде сақталып отыр. Тамыз айының басында Павлодар мұнай-химия зауытынан өңірдегі мұнай өнімдерін жеткізушілерге 24 мың тонна трактор отыны беріліпті. Ал облыстың айлық қажеттілігі 9 мың тоннадан аспайды. Жергілікті шенеуніктер қалған көлемнің қай жерде сақталып тұрғандығы немесе өзге өңірлерге сатылып кеткені жайлы ақпаратқа иелік ете алмаймыз дейді. Салдарынан шағын жанармай стансаларында іркілістер туындап, кейбір шалғай аудандарда көлік отынының аталған түрі қат болып тұр.
Нарықты кім реттейді?
Жалпы, мұнай өңдеу ісінде Энергетика министрі мен жергілікті салық органдары бақылай алмайтын біраз мәселе бар. Павлодар мұнай-химия зауыты тек өңдеу ісімен, яғни сүттен қаймақ айыратын сепаратор машинаның рөлін ғана атқарады. Кәсіпорынның бас директоры – басқарма төрағасы Қуаныш Бишімовтің сөзіне сүйенсек, мұнай шикізатына иелік ететіндер «өңдеуге мұнай берушілер» деп аталады. Облыста мұндай 10 компания бар. Өкінішке қарай, бұл заңды және жеке тұлғалардың бірде-бірі облыс аумағында тіркелмеген. Өңдеуге берушілер мұнайды жеткізіп, зауытта тапсырыспен өңдейді, одан әрі көтерме сатып алушыларға және түрлі жеткізушілер мен жанармай құю стансаларының желілеріне өздері белгілеген бағада таратады. Яғни өңдеуге берушілер жергілікті отын нарығын толығымен бақылап, реттеп отырады. Соған қарағанда жанармай құю стансаларында туындап тұрған жетіспеушілік өңдеуге берушілер мен жеткізушілердің қитұрқы әрекетінен орын алып отырғаны түсінікті жағдай.
– Биыл жыл соңына дейін біздің зауыт 5 млн 466 мың тонна мұнайды өңдейді деген жоспарлы тапсырма бар. Оның 1 млн 572 мың тоннасы – бензин және 1 млн 746 тоннасы дизельді отын болса, қалғаны – сығымдалған газ бен авиаотын, битум және мұнай коксы. Жеті ай ішінде зауытта 2,29 млн тонна мұнай өңделіп, 856 мың тонна бензин және 974 мың тонна дизель отыны шығарылды. Өндірістік технологияларымызды жоспарлы жөндеу үшін біраз уақытқа жұмысымызды тоқтатқанымыз мәлім. Тамыз айының басынан толық жұмыс жағдайына көштік. Қазір күніне 6 мың тонна бензин мен 6 мың тонна дизель отынын өңдеп шығарып, цистерналарға құйып жатырмыз. Әрі қарай жеткізушілер өңірлерге жеткізу, стансаларға сатуды өздері жүзеге асырады. Біз әр тонна мұнайды 23 400 теңгеге өңдеп шығарамыз, – дейді Қ.Бишімов.
Шағын стансалар шырылдап отыр
Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук мұнайды өңдеуге берушілердің негізгілері – «ҚазМұнайГаз», «PETROSUN» ЖШС, «Петролиум Оперейтинг» және «КОР» мұнай компаниясы» екенін айтады. Аймағымыз бір айда шамамен 9-10 мың тонна дизель, 7 мың тонна бензин тұтынады. Өңір бойынша 147 жанармай құю стансасы болса, бөлшек саудадағы ең ірілері – «Монолит» (14 стансасы бар), «Петрол» (11), «Пегас» (15), «Гелиос» (21), «Қазақойл» (14) және «Газпромнефть» (3) желілері. «Қазақойл» операторы жанар-жағармайды толықтай «ҚазМұнайГаздан», өзгелері PETROSUN серіктестігінен алады.
– Өңірдегі жанармай құю стансаларының (ЖҚС) ахуалын зерделегенде 147 бекеттің 52-сінде дизель отыны бар екені анықталды. Соңғы тәулікте ЖҚС-терде 1 295 тонна трактор отыны және АИ-92/93 бензинінің 564 тоннасы бары тіркелді. Облыстағы сақтау қоймаларының жалпы көлемі шамамен 125-130 мың тоннаны құрайды. Қазір өңірлерде шағын бекеттер көп, олар нарықтағы өзге жеткізушілерден дизель отынының литрін 227 теңгеден ғана сатып алады. Ал оны шекті баға 230 теңгеден сату оларға тиімсіз. Соған орай шалғай аудандардағы шағын ЖҚС-тер дизельді уақытша сата алмай отыр. Үкімет жанынан бұл мәселе бойынша жедел штаб құрылып, жеткізушілер мен станса иелерінің арасындағы бағаны реттеу бағытында шаралар қолға алынуда. Оның нақты нәтижесі алдағы уақытта анықталады деген сенімдеміз. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, қазір пешке жағылатын мұнай өнімдерінің экспорты өскені байқалады. Соның ішінде бензин мен дизель отынының қосындысынан жасалатын әлдебір отын түрін сыртқа сату ұлғайған. Сондықтан біздің зауыт өндірген мұнай өнімдері шекара асып кетпесін деген мақсатта шекара бекеттерінде бақылау күшейтіле түсті, – дейді О.Крук.
Бізде стратегиялық қор жоқ
Байқалғандай, ірі ЖҚС желілері бүгінде дизель мен бензинді сатуда қиналып отырған жоқ. Мәселен, «Қазақойл» жанармай түрін еш шектеусіз сатуда. Ал «Гелиоста» көлік басына 50 литрден, «Монолит» корпоративтік карта бойынша өз клиенттеріне ғана босатуда. Бұл жағдай ірі стансалардың жеткілікті қорды жинап алғанын, тек алдағы уақытта нарықта белгілі бір тәуекелдер туындап қала ма деген оймен іркіліп отырғанын көрсетеді. Яғни Үкімет ертең шекті бағаны көтерсе, әлгі стансалар қолда бар қорды шығарып екі есе пайда табады. Бүгінде көптеген жекелеген станса дизельдің литрін 370, тіпті 470 теңгеден сатқан жағдайлар да кездесуде. Бұл бойынша облыстық экономикалық тергеу департаменті тексеру шараларын қолға алуда. Қазір жергілікті билік «Пегас» ЖҚС желілерінде дизель отынының қоры жеткілікті дегенге де сеніңкіремей отырғанға ұқсайды. Күзгі жиын-терім жұмыстары үшін өңір шаруаларына жеңілдетілген бағада бөлінген трактор отынын жеткізу құқығын аталған компания жеңіп алыпты. Сондықтан арнайы органдар бұл мәселені де назарда ұстамақ.
Жуықта павлодарлық белгілі компания Өзбекстан мен Тәжікстанға 10 вагон бензинді заңсыз жолмен шығармақ болып, оны құжат жүзінде детонацияға қарсы қоспа деп көрсеткен. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті аталған контрабандалық іс-әрекетті уақытында анықтап, ол бойынша қылмыстық іс қозғалды. Департамент басшысы Арман Жүнісовтің сөзінше, шетелге экспортқа шығарылып жатқан әр мұнай өнімінен сынама алынуда әрі автокөліктердің қосымша бактары да шекаралық бекетте тексерілуде.
Өкінішке қарай, өңірде «жанар-жағармайдың стратегиялық қоры» деген ұғым мүлде жоқ. Зауытта өңделген мұнай өнімдері бірден тиеліп, сыртқа сатылып кетеді. Қазіргі уақытта кәсіпорында арнайы ыдыстарға 24 мың тонна көлік отыны құйылып қойған. Бұл – мұнайды өңдеуге берушілердің меншігі. Сондықтан сырттан жеткізілетін шикізат тоқтап қалса, зауыттың жұмысы да тоқтайды деген сөз. Мұның соңы аймақта бензин мен дизель отыны тапшылығын туындатып қана қоймайды, ірі кәсіпорындардың жұмысына да кері әсер етеді. Сондықтан мұнайды өңдеуге берушілердің іркіліссіз жұмыс істеуі аса маңызды.
Түйіндей айтсақ, қазір жергілікті нарықта дизель отыны мен АИ-92 бензиніне қатысты тапшылық қолдан жасалып отырған әрекет. Себебі зауыт өңірге қажет көлемді ай басында 2,5 есеге көп беріп қойғанын жоғарыда мәлімдедік. Мәселенің барлығы жеткізушілер мен ірі станса желілерінен шығып отыр. Нарықтағы ірі дилерлердің ойыны қарапайым тұтынушыларды тығырыққа тіреуде. Бұған қарсы Үкімет жанынан құрылған жедел штаб қандай әрекет қолданар екен?
Павлодар облысы