• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Білім 27 Тамыз, 2022

Жаңа оқу жылы жақын қалды

161 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысында 472 мектеп білім береді. Бұл – шамамен мың адамға бір мектеп деген сөз. Оқушылардың саны – 74 мың. Былтырғы оқу жылында бұдан сәл артық болған, бірақ биыл азайып қалды деп байбалам салуға болмайды. Биылғы мектеп бітіргендерден бірінші сыныпқа келушілердің саны әзірге аздау, алайда оқу жылы басталғанша мектеп табалдырығын аттаушылар саны көбейе түсуі мүмкін. Әрине, мектепке алу жөніндегі өтініштерді қабылдау 1 тамызда аяқталған, бірақ көші-қон мәселесімен жүрген ата-аналардың мәселесі түсіністікпен қаралады. Сонда былтырғы оқушылар мен биылғылардың саны шамамен бірдей болады. Әзірге, біріншіге баратын балдырғандар саны – 7 418.

Бала саны аз болғаны себепті мек­тептері жабылған 306 елді мекендерден 2 785 оқушыны тасымалдау ұйымдастырылады. Облыстық білім беру басқармасының бастығы Нәзір Жәшібековтің айтуына қарағанда, балаларды тасымалдауға әзірге 158 автокөлік дайын. Осының үстіне тағы да 29 микроавтобус сатып алынбақ.

Ата-аналарды алаңдататын бір мәселе – оқушылардың мектеп формасы. Бұл туралы Н.Жәшібеков былай деді: «Мектеп формасы жас жеткіншектің дұрыс тәрбие ­алуына ықпал ететінін тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан бұл тәжірибеден бас тартпаймыз. Әрбір мектептің өздерінің мектеп формаларының үлгілері бар. Тек асыра сілтеп, түрлі эмблемалар мен белгілер қадап алу міндет емес. Мектеп директорлары осыны ескергендері жөн».

Жаңа оқу бағдарламасына сәйкестен­діріл­ген оқу­лықтар 30 тамызға дейін то­лық алынбақ. Биыл барлық мектепте «Өзін-өзі тану» сабағы алынып тастал­ды. Жаңа оқулықтар мен көркем әде­биет­­тер сатып алуға 930,7 млн теңге бөлінген.

Қазір барша елімізде «Мектепке жол» респуб­ликалық акция жүріп жатыр. Оның басты мақсаты – әлеуметтік әлсіз топтар балаларының мектептен қалып қоймауын қадағалау. Біздің облыста 10 мыңдай оқушы елімізде жан басына шаққанда әр адамға белгіленген ең төменгі кіріс деңгейі аз отбасыларда тұрады. Оның ішінде 1 561 атаулы әлеуметтік көмек алатындар бар. Биыл осындай отбасылардың балалары үшін көмек беретін Жалпыға міндетті оқу қорына бюджеттен 1 млрд 267 млн теңге қарастырылған. Бұрын осы қордан балаларға киім, аяқ киім, оқу мен жазу құралдары сатып әперілетін. Ал биыл бұл тәртіп өзгеріп, әрбір ата-ана қажетті дүниелерді балаларына өздері сатып әперсін деп банктік карточкаларға 37 389 теңгеден аударылатын болған. Бірақ мұның да күмәнді жағы бар. Егер ащы суға әуес ата-аналар болса, көмек үшін берілген ақшаны ішімдікке салып қоюы да мүмкін. Егер бұл амал тиімді болмаса, ендігі оқу жылында қайтадан ескі әдіске көшірілетін шығар. Бүгінгі таңға дейін біздің облыста 1 783 бала үшін 16,3 млн теңге ата-аналардың банк карточкаларына аударылған.

Облыстағы 23 колледжде 11 мыңдай студент оқиды. Соның ішінде 3,5 мыңы – биыл түскендер. Колледждерде оқып жатқан барлық оқушының 2 мыңдайы жұмысшы мамандықтарын игеретіндер. Ал 1 500 оқушы орта деңгейдегі мамандықтарға оқуда.

Биыл облыстың 26 ауылдық мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кейбірі әлі де жалғасуда. Бұл іске «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 1,9 млрд, облыстық бюджеттен 484,7 млн теңге бөлінді. Жасалып жатқан жөндеулердің негізгі бөлігі төбені жамау, терезе жақ­тау­ларын ауыстыру, жылу және электр жүйелерін жөндеу болып отыр. Ба­рлық жөндеу жұмыстары оқу жылы бастал­ғанша аяқталады деп күтілуде.

 

Солтүстік Қазақстан облысы