Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ қызметкері Сатылмыш Чайыр күн көзінен қуат алатын арба жасап шығарды. Арнайы қойылған батереялар арқылы күннен қуат алған ток аккумуляторға жиналып, арбаны қозғалысқа түсіреді. Көшеде де жүріп-тұруға ыңғайлы үш аяқты көлік мүгедек жандар үшін таптырмас құрал болып отыр.
Жуырда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Осман Хората Кентау қаласында болып, күн арбаны 1-топ мүгедегі Жәнібек Бекмұратовқа тарту етті.
– Біз үшін көптеген ауыртпалықтар артта қалатын болды. Бүгінге дейін 10-нан астам арбаны ауыстырған едік. Енді балам өздігімен көшеде емін-еркін жүре алады. Университет ұжымына, осындай игі істерді құрастырушыларға алғысым шексіз – дейді Ж.Бекмұратовтың анасы Ж.Толайынова.
Түркиядан келіп, қазақ балаларын кәсіби білім алуға баулып жүрген маманның бұл алғашқы туындысы емес. Оның алдында ол күн энергиясынан қуат алатын аристонды құрастырып, іске қосқан.
Жасалған арба Түркия тарапынан қаржыландырылған. Алдағы уақытта да университет ұжымы күннен қуат алатын арбаның санын арттырып, жарымжан адамдарды қуанышқа бөлемек. Сондай-ақ, оқу орнында баламалы энергияны кеңінен пайдалану жоспарланып отыр.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ.
Суретті түсірген Болат Кәкібала.