Түркістанда құнды мұра, қасиетті орындар мен тұрақты туризм бойынша «Ескерткіштерді қорғайтын халық» тақырыбында халықаралық конференция өтеді. Ауқымды жиынға Еуропа мен Түркітілдес – барлығы 15 мемлекеттің аты әлемге мәшһүр ғалымдары қатысады. Басқосудың мақсаты – ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасын төрткүл дүниеге таныстырып, мұраларын насихаттау.
Ясауи хикметтерінің мән-мағынасы неде? Әзірет Сұлтан болмысының жан-жақтылығы, шығармашылығының өзектілігін немен түсіндіре аламыз? Осы сынды сауалдардың жауабын тауып, жария ету үшін облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев ясауитанушы ғалымдармен кеңесіп, журналистер пулын жасақтады.
Олар арнайы бағдарламалар, бейнероликтер әзірлейтін болды.
Екі ай бойы ақпараттық-идеологиялық жұмыстарды жан-жақты жүргізу үшін арнайы медиа-жоспар бекітіліп, халықаралық конференцияға дайындық басталып та кетті. Яғни Түркістанда қазан айының 26-28 күндері аралығында Ясауи мұрасын насихаттауға арналған халықаралық деңгейде ғылыми конференция ұйымдастырылмақ.
Оған әлемнің түкпір-түкпірінен Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұрасын зерттеуші ғалымдар шақырылады. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл жолғы ғылыми конференцияның мән-маңызы бөлектеу болмақ. Аталған конференция қарсаңында өңірде бірқатар шара өткізу көзделіп отыр. Мәселен, Ясауи мұрасын насихаттау тақырыбында семинарлар, ал арнаулы және жоғары оқу орындарында «дөңгелек үстел» мәжілістері өткізіледі. Сондай-ақ мектептің жоғары сынып оқушылары арасында «Ясауи мұрасының түркі елінде насихатталуы» тақырыбында эссе жазудан байқау, аудан-қалалардағы жастар ресурстық орталықтарында Ясауи хикметтерін оқудан челлендж ұйымдастырылмақ.
ТҮРКІСТАН