Сағындық Жүнісұлы Кенжебаев – балалығы қалың елдің қабырғасы жаппай ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін зобалаңынан қайысып, жігіт шағы Ұлы Отан соғысының тұсына келіп, алапат қырғын, от пен оқтың ортасынан аман өткен қайсар ұрпақтың өкілі. Олардың жастық дәурені төрт жылға созылған соғыс ауанына тура келді. Талайы Отан қорғау жолында қыршынынан қырқылып, майдан даласында жер құшты. Сұрапыл соғыстан аман қалғаны бақытына тәубе деп жеңімпаздар қатарында елге оралды. Бейбіт өмірге ерекше құштарлықпен келіп, ел тұрмысының оңалуына білек сыбана кіріскендердің алдыңғы шебінде Сағындық ағамыз жүрді.
Сағындық Жүнісұлы өз заманында оқу, білімге, жасампаздыққа талпынып, қатарластарымен бірге 1942 жылы майданға аттанып, соңына дейін болған, соғыстан кейін күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіріп, бейбіт өмірді тұрақтандыруға ұзақ жылдар қажымай, талмай еңбек етіп, бүгін абыз ата дәрежесіне көтерілген сирек ардагер ағаларымыздың бірі.
Сағындық ағаның өмірі – еліміздің басынан кешкен қайшылығы мол заманмен астасып жатқан баяны әлі толық жария бола қоймаған қыры мен сыры терең өмірдің айнасындай. Тарихтың басқа кезеңдерін тізбелемей-ақ, бір ғана екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіріп, жаңа өндіріс салаларын дамыту дәуіріне көз жүгіртсек те жеткілікті.
Соғыстан кейінгі жылдарда Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетін, кейін КОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, 1946-1960 жылдар аралығында Сәкеңнің өмірі жастар тәрбиесімен, комсомолдағы басшылық қызметімен тікелей байланысты болды. Ол кезде жастарға жетекшілік еткен комсомол ұйымы жастар өмірінде шешуші рөл атқаратын. Жастар комсомол арқылы қоғамдық еңбек тәрбиесін көріп, өмір мектебінен өтетін.
Соғыс отынан аман оралған жас офицер Сағындық Жүнісұлы комсомолдың бастауыш ұйымында да, Қарқаралы аудандық, Қарағанды облыстық комсомол комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып, 1951 жылдан 1960 жылдың сәуіріне дейін он жылға жуық Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, екінші және бірінші хатшысы дәрежесіне көтеріліп, жастық жігер жалынмен, тынымсыз ізденіспен еңбек етті. Комсомол жұмысы халық шаруашылығын қалпына келтірумен байланысты болып, ел арасында жастардың еңбектегі, қоғамдағы белсенділігін ұйымдастыру арқылы олардың халықтың тұрмысын көтеруге мейлінше ықпалдылығын арттыруға айрықша күш салынды. Сәкең жастарды оқуға, еңбекке ұйымдастыруда, әсіресе соғыстан кейінгі бейбіт өмір салтына жастарды бейімдеу бағытында көптеген жаңа үрдіске бастамашы болып, көп еңбек сіңірді. Соғыс жылдары оқымай қалған жастарды білімге тарту, олардың еңбекке араласып, өнеркәсіп өндірісіне, ауыл шаруашылығын, соның ішінде тың жерлерді игеруге қатынасуын ұйымдастыруда жастардың патриоттық, отансүйгіштік, адалдық, еңбекке бейімділік қасиеттерін қалыптастыруда комсомолдың атқарған жұмысы орасан мол болып, жастар жетекшісі үлкен қозғалыстың басында жүрді.
Өткен ғасырдың 50-жылдарында комсомол ұйымдары жастардың Қазақстанда қанат жайып, құрылып жатқан жаңа өндіріс орындарында, жаңа өмір құрылысына белсене араласуына бастамашы болып, жаңа дәстүрдің туын көтерді.
Кезінде, 50-60-жылдардағы Теміртау даңқы туралы қазіргі ұрпақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағымен танысу арқылы шынайы мағлұматтар алды.
Сол кезеңдерде Қазақстанда тың жерлерді игеруге, Теміртауда Қарағанды металлургиялық комбинатының іске қосылуына байланысты қоғамда елеулі серпіліс болып, жаңа өнеркәсіп орындары Қазақстанның көптеген өңірлерінде бой көтере бастады. Олардың құрылыстарына жастар көптеп шақырылды. Жастардың жаңа құрылыстарға құлшына араласуын ынталандыру мақсатында комсомол ұйымдары «Комсомолдық екпінді құрылыс» атты бүкілқазақстандық қозғалысын ұйымдастырып, жариялап, жастардың ұйымшылдығына жаңа мазмұн бітіріп, оларды еңбекке жұмылдыруға айрықша қоғамдық сипат берді. Бұл қозғалыс жылдан-жылға кеңінен өрістеп, жастар өміріне, олардың белсенділігінің артып, жаппай еңбекке жұмылуына елеулі үлес қосты. Комсомолдық екпінді құрылыстарға жастардың көптеп келуі бүкіл Қазақстанда жастардың дүниетанымына, олардың еңбек тәрбиесіне тиімді әсер етіп, жас өскіндердің азамат болып, өмірден өз орындарын табуына көмек көрсетті. Жаңадан іске қосылып жатқан өнеркәсіп орындарында жастардың кәсіптік-техникалық училищелерде оқып, мамандық алып, сол мамандықтарына сәйкес ашылып жатқан зауыт, фабрикаларға барып, тұрақтап жұмыс істеуге жастар айрықша құлықты болды. Бұл Қазақстан бойынша жастар өмірінің жаңа келбетін қалыптастырды.
Қазақстан комсомолының жетекшісі болған Сағындық Кенжебаев Қазақстанда комсомолдың рөлін партиялық басшылыққа сәйкес арттыру арқылы өзі де үлкен мектептен өтті. Сәкең – жастар ұйымының беделін көтеруге оның белсенді басшысы ретінде айрықша еңбек сіңірген комсомол жетекшілерінің бірі деп айтуымызға толық болатын тұлға.
Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында тың жерлерді игеруге байланысты Қазақстанға сырттан, басқа одақтас республикалардан көптеген жастар жіберілді. Олардың құрамы ұлттық жағынан да, әлеуметтік жағынан да сан алуан болды. Сонымен бірге сырттан келгендердің ішінде әртүрлі қылмыстарға байланысты түрмелерде отырған жастарды да босатып, оларды тың игеруге, тағы басқа өндіріске деп Қазақстанға көптеп жіберген жағдайлар да жеткілікті болғаны мәлім.
Олардың жаппай келуі Қазақстанда едәуір қиындықтар туғызды. Тек 1954-1964 жылдар аралығында біздің өңірлерге бір миллионға жуық адам тың игеруге келді. Келгендердің негізгі дені жастар еді. Бұл ең алдымен ұлттық мәдениет пен дәстүріміздің тынысын тарылтты. Қазақ тілінің аясы шектелді. Көптеген елді мекендерде қазақ тіліндегі мектептер жабылып қалды. Кейбір жерлерде содырлық, маскүнемдік, бұзақылық өріс алды. Қоғамға жат қылықтармен, ішімдікке салыну, зорлық, ұрлық, тентектік те көп орын алып тұрды. «Қазақстанға ауыл шаруашылығын, жаңа өндірісті көтеруге шын патриоттармен қатар, әртүрлі, қоғамға жат қылықтармен қалыптасқан адамдар да келіп жатыр. Олар патриоттық сезіммен еңбек етудің орнына жүрген жерлерінде қоғамға, мәдениетімізге жат қылықтар жасап, ұрыс, төбелес, ұрлық, зорлық, тағы басқа қылмысты өрістеткені жасырын емес. Біздің ұлттық мектептеріміз бен мәдениетіміз де қиындықтарға кездесіп жатты. Қазақстанға мейлінше шын мәнінде патриот, жергілікті жастармен бірге бір мақсатта еңбек еткісі келетін адамдардың келгені дұрыс болар еді», – деп Бүкілодақтық мінберде тың игеру науқанының көлеңкелі жақтарын да ашық айтқан республика басшыларының бірі, осы жастар жетекшісі Сағындық Кенжебаев болатын.
Мемлекеттік тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда кейбір өткен тарихымызға әлі де бұрынғы Кеңес одағында қалыптасқан көзқараспен қарап, соған баға беру мәселелерінде «шолақ» көзқарас кезеңін де басымыздан өткіздік. Оны айтып отырғанымыз, өкінішке қарай, Кеңес Одағының бүкіл саясатын жүргізген партия сол кездегі тарихтың бәрін тек өз дәуірінен ғана бастап, оған дейін ешнәрсе болмаған сияқты етіп көрсетуге тырысып баққаны сол билік құлағаннан кейін әйгіленді.
Біз тәуелсіз мемлекет болғанда ең алдымен елдік, ұлттық тарихымыздың тамыры тереңнен басталатынына екпін бердік. Сондай-ақ, Кеңес Одағы құрамында болған 74 жылда үстемдік еткен Коммунистік партияның идеологиясынан бас тарттық, алайда, ол кезеңде елдің игілігі үшін жасалған қажетті құндылықтар сақталды. Әрине, енді оларды тәуелсіз мемлекет талабына сай реформалау қажеттігі күн тәртібіне көтерілді. Кеңес Одағы кезінде мәселен, денсаулық сақтау, жалпыға бірдей орта білім беру жүйесі қалыптасты. Бұлар ешкім де жоққа шығармайтын тарихи шындық. Мұндай құндылықтар – өсу жолдарымыздың көріністері. Дүниежүзінде өркениетті елдерде қандай саяси жүйе болса да, ол кезеңде өткен оқиғалар мен материалдық игіліктер тарихтан өшіріліп тасталған емес. Олай болған жағдайда тарихтың өзіне әділетсіздік, қиянат болар еді. Кеңес Одағында осындай әділетсіздікті бастан кешірдік. Өткен тарихымызда, әсіресе, адам тағдырымен байланысты жағдайларға қиянат жасалғаны болашақ ұрпаққа ұмытылмас сабақ болуы керек. Ең бастысы, ондай жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз қажет.
Кеңес одағы кезінде бүкіл қоғамда, әсіресе, адамдардың дүниетанымын, олардың моральдық, рухани сана жағдайларын қалыптастыруда үлкен рөл атқарған партиядан кейінгі комсомол ұйымдарының жұмысын да тарих бетінен сызып тастау мүмкін емес. Сөз жоқ, комсомол – кешегі дәуір, бүгінгі, ертеңгі жастарға оны насихаттаудың қажеті жоқ шығар. Бірақ, оның кезінде, жастар өміріне оң ықпал еткені де рас. Комсомол қатарында болған миллиондаған жастар, бірнеше ұрпақ комсомолдың саяси-қоғамдық тәрбие, еңбек, есею мектебінен өтті. Олар ұрпақтар буынымен комсомол арқылы өтіп, басқа оң жұмыстарын айтпағанда, патриоттық, отансүйгіштік дүниетанымдары негізінен өте жоғары болды. Жастар санасында өз Отанының игілігіне еңбек ету, Отанын сүю, оны қорғау сияқты қасиетті ұғымдардың қалыптасуына комсомолдың ықпалы зор еді. Сондай кезеңдердің бірі – Ұлы Отан соғысынан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, ел тұрмысын оңалту кезеңдері де дамуымыздың маңызды жолдары болғаны да тарихи шындық. Енді оларға қайта анықтама беруге тырысу ешкімге де қажет емес.
Халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде тарих сахнасына шыққан әртүрлі лауазымды саясаткерлер, олардың барлығы біздің халқымыздың тарихында өз орны бар азаматтар.
Сағындық Жүнісұлы таяуда 90 жасқа келеді. Абыздық биікке көтерілген азамат ағаның жеке басына, өмірі мен еңбегіне байланысты лебіз білдіріп, алдыңғы толқын туралы сөз айтуды парызым санадым.
Ол да комсомол қатарында болып, еліміздің тағдырына, тарихына белсене араласып, халық әлеуетін көтеруге орасан зор еңбек сіңірді. Еліміздің ұжданды патриоты болды. Комсомол қоғамдық тәрбие мектебі болумен қатар, жүздеген, мыңдаған жастар үшін қоғамдық, мемлекеттік еңбек университеті болғанын да атап өту әділ әрі орынды.
Кезінде комсомол ұйымдарын басқарған талай азаматтар еліміздің сан алуан саласында өте нәтижелі, абыройлы қызмет ете алғаны да қоғамда танылған.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының кәсіби мамандық таңдауы, жастық шақтағы өмірі комсомолдан бастау алып, Теміртау қалалық комсомол ұйымын басқарғаны, Бүкілодақтық, Қазақстан комсомолы Орталық Комитеттерінің белсенді мүшесі болып, саяси шыңдалудан өткені әлемге аян.
Сағындық Жүнісұлы комсомолдан кейін партия қызметінде өзін білімді басшы етіп көрсете алды. Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы, сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Солтүстік Қазақстан өңірі бойынша Бюро Төрағасының бірінші орынбасары, республика жоғары және орта білім министрінің орынбасары қызметтерін біліктілікпен, абыроймен атқарды. Ол осы кезеңде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы және КОКП съездерінің делегаты болды.
Кейін ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысып, ғылым докторы, профессор дәрежесінде ұстаздық еңбек етіп келеді.
Тәуелсіз Қазақстан тұсында көрнекті қоғамдық көпшілік, ұстаздық еңбегімен бүгінгі өмір үрдісіне де белсене атсалысып жүргені үлгі болса керек.
Сағындық Жүнісұлы Қазақстан жастар қозғалысының ең жақсы дәстүрлеріне өзіндік үлесін қоса алған көрнекті жетекші болып, өзінен бұрынғы жетістіктерге өз ісімен жаңа мазмұн беріп, жалғастыра алды.
Қазақстан комсомолын 1921, республика комсомол ұйымының ресми құрылған жылынан бері, 1991 жылдың қазанына дейін, 70 жылда оның бірінші басшысы, яғни бірінші хатшысы болған азаматтар саны 32 екен.
1936 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы аталып, одақтас 15 республиканың қатарына кіргеннен кейінгі жерде, яғни, 1937-1991 жылдар аралығында Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші секретары лауазымында 20 азамат жетекшілік еткен болса, соның он біріншісі – Сағындық Кенжебаев.
Сағындық Кенжебаев алдыңғы буын ағалардың көзіндей білімі, сыры мол, әдебі зор, зерделі, ішкі, сыртқы мәдениеті бай, зиялы тұлға ретінде Қазақстан тарихын, Қазақстан қайраткерлерінің тарихын терең, тиянақты біледі. Ағамыздың зердесі мықты, ойы сергек, жүрісі ширақ. Осы күнге дейін қаламын қолынан тастамай Отан тарихы туралы, өзі көзкөрген замандастары туралы бүгінгі ұрпақпен ой бөлісіп отырады. Тәуелсіздік тұсындағы қоғамдық еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталды.
Тәуелсіз Қазақстанның игілігін көзімен көріп, жан-тәнімен қабылдап, шынайы ықыласымен тілектес болып отырған батагөй ағаның өмірі ұзақ болғай.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы
Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі.