• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2014

Сарыағаштың сакурасы

566 рет
көрсетілді

Сәуірдің соңына таман Сарыағашта сакура гүлдеді. Ал­ғаш рет. Алғаш мәрте көшеті қондырылған сакура. Жапон жерінде жеңі жеңіл желпеңді, етегі елпең желпейлі ақшыл көйлек киген талдырмаштардай құлпырар, қызғылт сәуле шашыратар құпиялы дүние. Сол сакураңыз сіздің Сарыағашыңызды жатсынбады. Бусана бүрлеп, қуана гүлдеп тұрыпты. Жапондарды жатсынар жөніңіз жоқ. Бірталай ғалымдарыңыз бен басқа да зерттеушілеріңіз қаза­ғы­ңыз бен жапоныңыздың түбі тек­тес деп дәлел-дәйектер кел­ті­ріп жүр. Әзіл-шынын аралас­тыр­­сақ, сакураңыздың түбірі Сары­аға­шы­ңыздың сақ дәуіріндегі сары­аға­шы тамырынан таралуы да бек бәлкім. Сіздің тілшіңіз сакурадан сыр тартып, Сарыағаш-Келес өңірінің тіршілік-тынысын біразырақ баян етпек ниетте. Әуелгі білмегіміз, әрине, кәсіпкерліктің, шағын және орта бизнестің жағдаяттары, сайып келгенде, индустриялық-инновациялық ізгі ізденістердің ахуалы ғой. Сарыағаштықтардың еңбексүй­гіш­тігі, жерге жақындығы, ди­қан­дығы мен бағбандығы бұрыннан-ақ белгілі. Далалы, таулы-қырлы жақтарының адамдары аса малсақ екені де аян-дүр. Алайда, ауылдары мен кенттеріндегі ала-құлалық та алаңдатар. Бау-бақшасы бұйралана, жүзімдіктері жайқала жайнап тұрар тұстар басымырақ. Сонымен қатар, суы тапшы, нуы жоқ, үй-жайлары қиқы-жиқы, топырағы тозған, арық-атыздары азған аймақтар да аз емес. Осы өңірдегі кәсіпкерлік турасында ойланғанда, есімізге ең алдымен Молдалы Қолдас мырзаңыз түседі. Бүгінде жасы жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне беттеген кісі. Ал, алпыстан аса бере «Курорт Барыс-2030» зауытын ашып, биз­несті бастағандардың бірегейі бол­ған. Сарыағаштағы алғашқы кәсіпкерліктің көзі бірталай бастамашылар үшін, әрине, шипалы су-тұғын. Молдалы мырзаңыз тоз-тозы шығып, тоналуға айналған сүт зауытын жөндеп, тартып алғысы келгендерді аңшы мылтығымен аспанға оқ атып жүріп, түре қуып, әзер дегенде аяғынан тұрғызған. Кейіннен осы «Курорт Барыс-2030» ЖШС суы емдік шипасы өте-мөте жоғары, табиғи сапасы сақталған өнім ретінде бағаланған. Одан бермен қарата жылдар жылжып, айлар аунап, қаншама су ақты. Енді Сарыағаш қаласында «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестің мәнісін түсініп-түйсінушілер көбейген. Аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімін басқаратын Ермек Сапарбаев бүй дейді: «Кәсіпкерлер орталығы бизнес­ке мемлекеттік қолдау мен мемлекеттік бағдарламалар жөнін­де нақтылы, кәсіби кеңес береді. Қажетті салалар бойынша оқулар ұйымдастырады. Сараптамалар мен жобалар жасайды. Рұқсат қағаздарын ресімдеп, бизнес-жоспарлар әзірлеуге, қаржы алудың жолдарын қарастыруға көмектеседі. Серік Әлібеков, Сейітжан Батыр­ханов, Нұрлан Әбдікәрімов сынды мамандарға келушілер де, оқып жүргендер де, шағын бизнесті бастап жатқандар да риза. Тек 2013 жылдың өзінде 913 адам, оның ішінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ­– 254, «Кәсіпкерлік негіздері» бойынша 624 адам оқып шықты, 35 жас салалық семинарларда шеберлік сыныптарынан өтті». Ермек мырзаның шаруасы шаш-етектен. Бізбен әңгімелескеннің өзінде жан-жағына алаңдаулы. Жаңа ғана индустриялық аймақ бойынша кезекті ақпаратты жоғары жаққа жөнелтіпті. Ол аймақ ауданның арнайы жер қорынан бөлінген 50 гектарды алып жатыр. 2012 жылғы мамыр айында жер телімі берілген. Техникалық-экономикалық негіз­де­месін жасау мен сараптамадан өткізуге жеті миллион теңге қаралған. Мемлекеттік сатып алу конкурсында «Казнурпроект» ЖШС жеңіп шығыпты. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында Мұрат Талман мырзаның «Сарыағашқұс» ЖШС, Жолдас Исақов мырза ди­рек­торлық ететін «Нурибал» ЖШС, Жақыпбек Рысжанов мырза басқаратын «Келесгидрострой» ЖШС, Мұрат Әбдібаев жетекшілік жа­сайтын «Бесқара» ЖШС, тағы басқалар тындырымды тірлік­тер атқаруда екен. Мәселен, «Бес­қараның» өзі Қабланбек ауылы аумағынан құны 570 миллион теңгелік құс фабрикасын салып жатыр. Ферманың, инкубатор мен азық цехының, әкімшілік ғимаратының құрылыстары аяқталу алдында. Мұрат мырза «БанкЦентрКредит» АҚ арқылы 350 миллион теңге несие алып, Германияға барып, арнайы құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп келген. Аудан әкімі Бұхарбай Парманов – сергек те сезімтал, жаңаша ойлайтын, тыным таппайтын, шаршап-шалдығуды білмейтін басшы. Жеті жыл орынбасар болғанда да негізінен экономика, инвес­тиция, инновация сынды шаруаларды иығына артып, ауырсынбай, өрге өршеленгенін өзі емес, өзгелер айтады. Біраздан бері Сарыағаш ауданының әкімі. Бі­реу білер, екеу білмес, осынау Оң­түстігіңіздің Сарыағаш-Келес ай­мағында 311 мыңға жуық халық тұрады. Аудан аумағында әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жағдайлары әрқилы, әртүрлі 154 елді мекен бар. Мінекиіңіз, осындай-осындай мәселелердің мәнісінен-ақ Сарыағаш-Келестің қандай басшысы да, қай қосшысы да саңлақ әрі сарамжал болмағы керек екендігін ойға саласыз. Ә дегенде біз әдетімізге бағып, ауданның аумақтық жалпы өнімінің өсімін сұрадық. Сөйтсек, бұл көрсеткіш биылғы бірінші тоқсанда 18 миллиард 660 мыңға жуықтап, 2013 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 39,5 пайызға артыпты. «Әп, бәрекелді!» дедік. Өнеркәсіп пен ауылшаруашылық өнімінің көлемі әлдеқайда өсе түсіпті. Негізгі капиталға бағытталған инвес­тиция былтырғы бірінші тоқсандағы 245,9 миллионнан 1 миллиард 847,2 миллион теңгеге дейін көбейген. Бюджеттік жобалар тізімін қара­саңыз, 2011-2015 жылдарға арнал­ған даму бағдарламасының құрылыс саласы бойынша 2014 жылғы индикаторларына көңіл қойсаңыз, шека­ра­дағы Сарыағаш-Келес өңірінің өң­дене береріне, көр­кейе түсеріне көз жеткізесіз. Әл­бетте, әзірше қиын­дықтар, күр­­делі һәм күрмеулі түйіндер же­тіп артылады. Аудандағы 154 ел­ді мекеннің 93-і ауызсумен қам­та­масыз етілмеген. 95 ауылға табиғи газ жеткізілмеген. Тіпті, әлі күнге дейін электр қуатымен ойдағыдай қам­тылмаған жерлер жоқ емес. Бір құптарлығы, аудан әкім­дігі бәр-бәріне нақ-нақ талдау жасап, мүмкіндікті түгел есеп­теп, қосымша жолдар қарас­ты­рып, қандай жұмыстың қа­шан, қай жылы, қай айларда атқа­ры­латынына дейін анықтап үл­гер­ген. Жоспарлап, жүйелеп қойған. Мәселен, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелерге дейін әрбір шақырымның сапасы, жарамдылығы мен жарамсыздығы, үлкенді-кішілі көпірлер мен өзге де өткелдердің хал-күйі – бәр-бәріне талдама жасалып, межелер белгіленген. Облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 503 шақырым болса, оның 393 шақырымы қана­ғаттанарлық, 109 шақырымы нашар. Аудандық деңгейдегі 227 ша­қы­рым жолдың 113 шақырымы мүлде қанағаттанғысыз. Біртілек ауылдық округіндегі 62 шақырым ішкі көшелердің 2 шақырымынан сәл ғана астамы асфальт, 44 ша­қырымы шала-пұла тас жол, 15 шақырымы топырақ жол. Сарыағаш-Келес аймағында 142 мектеп, 26 балабақша, 3 саз мектебі, 1 оқушылар үйі болса, 67 мектеп пен 8 балабақша ғана жаңа жобалы ғимаратта, ал 75 мектеп пен 18 балабақша және мектептен тыс 6 мекеме ыңғайластырылған, алайда, ыңғайсыздау үй-жайларда екен. Көрдіңіздер ме, алда қаншама қыруар жұмыстар күтулі?! Бұхарбай Парманов иннова­ция мен инвестиция бойынша атқарылатын жұмыстарға бұрын­ғы­дан бетер қарқын қоспаққа құл­шынған. Әрбір кәсіпкермен жеке-жеке жұмыс жүзеленді. Әр­қайсысының осы кезге дейінгі жеке тірліктерін өркендетудегі және ел дамуына үлес қосудағы «салмақтары» сараланды. Сапа көрсеткіштері мен келешек көкжиектері сарапталды. Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолындағы жаңаша бағдарлар байыпталды. Тың тыныс, жарқын қарқын, ұтымды ұмтылыс пайда бола бастады. – Мысалы, Серік Ағабеков бас­қа­ратын «Дuоs битум group» ЖШС тынысы мен тіршілігін алайық, – дейді аудан әкімі. – Дарбаза ауылында ғой. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен жал­пы құны 150 миллион теңгелік би­тум зауыты кешенін салып жатыр. Қазірдің өзінде тәулігіне жүз тон­на битум шығаратын алғашқы ке­зегі іске кіріскен. Сұйық және қою битум шығарады. Алты мың тон­налық екі қойма және екі мың тон­налық бір қойма құрылысы жү­ргізілуде. Екінші зауытының құ­рал-жабдықтарын толық жеткізіп, құрастыруда. Жыл соңына дейін кешен толық аяқталады. Шикізатты башқұрт бауырлардың Уфа шаһа­рынан әкеледі. Мұнайдың түкке жарамайды деп тасталған қалдығы ғой. Асфальтқа арналған битум үшін таптырмайтын нәрсе. Алдағы кезде Ауғанстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға экспортқа шығарамыз. Келісім жасалған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы үшін де осы біздің битум қажетке қатты жа­­рап жатыр. Битум зауыттары ті­келей теміржолдың бойында. Ин­­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы талаптарына жан-жақты жауап беретін «Кәусар Сарыағаш», «С.ДЕМ», «Жылға логистик», «Палинур», «Келесгидрострой» сияқты бір­қатар ЖШС-лар жемісті жолда келеді. Бұлардың бірі жергілікті ұлутастарды өңдеп, құрылыс материалдарын әзірлесе, екіншісі арнайы логистикалық орталыққа айналған, қоймалары сапалы дайындалған, үшін­шілері жылыжайлармен, төртін­шілері су электр стансаларын салу­мен айналысып жатыр. Қазірдің өзін­де екі электр станса іске қосылған. Тағы да үшеуін саламыз. Электр энер­гиясының 30-35 пайызын беймарал өндіреміз. Келешекте стансаларды жетеуге жеткізбек мақсаттамыз. Аудан басшысы Бұхарбай Пар­манов мырзаңыз Корея Респуб­ликасының Төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чухен мырзамен ізгілік һәм іскерлік тығыз байланыста екен. Елшінің өзі Сарыағаш-Келесті аралапты. Екі инвесторды алып келіпті. Парманов елшінің ықыласы түскен жерге екі шақырым жол салып берген, он шақырым арықты тазалатқан. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде көп жыл қызмет атқарған полковник Ержан Келесбай мырзаның «Ержан» шаруа қожалығы мен Кореяның «BIO SEMENA» ЖШС-ның бірлескен инвес­тициялық бағдарламасы жасалған. Сөзімізді Сарыағаштың сакурасынан бастағанбыз. Әнекиіңіз, сол сакураның көшетін әкеп қон­дыр­ған корей бауырларыңыз. Ал­пыс бес жастағы полковник Ержан Келесбайдың шаруа қожа­лығындағы алпыс гектар жерде қызғын тірлік қазір. Алпыс гектарыңыздың 15 гектары ─ көкөніс тұқымын өндіретін алаң. 33 гектары көкөніс дақылдарын өсіретін телімдер. Сәндік ағаштарға 17 гектары арналған. Осы он жеті гектарыңызда 500 түп сакура гүл­деді. Сондай-ақ, метосеквойяның 5 мың, корей қарағайының – 400, ката­льп дейтұғын сәндік ағаштың 5 мың түбі, бірнеше қалқан жапы­рақтылар түрлерінің жүздеген көшеттері желкілдей өсіп келеді. Көкөністерге келсеңіз, 10 гектар түрлі-түсті қырыққабат, 5 гектар корей бұрышы, тағы басқа да толып жатқан түрлері бар. Көбісінен тұқымдық өнім алынбақ. Көкөніс тұқымдары өте-мөте қымбат көрінеді. Қазірше бәрі де тәжірибе ретінде қолға алыныпты. Егер эксперимент сәтті болса, бірлескен кәсіп кеңге қанат жаймақшы екен. Жергілікті жұртқа да аса пайдалы. Бүгінде 80 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Маусымдық тірліктерге 200 кісі жұмылдырылмақшы. – Сарыағаш қаласын айтулы атына, курорттық атағына сай көр­кейту, көріктендіру – ең басты мақсатымыз, – дейді Парманов мырза. – Бюджеттен қаржы бөлдік. Жолдарымыздың бойларында жарлар мен жарлауыттар өте көп. Сондай тұстарды тегістеңкіреп, дизайндық жобалар жасап жатырмыз. Сіз ерекше назар аударып отырған сакура, сәтін салса, Сарыағаш қаласында да, өзге ауылдарда да шиемен шендесе тербеліп, тебіреніп тұрса дейміз. Білесіз ғой, курортымызда жылына 70 мың адам емделіп, демделеді. Солардың бәрі тек санаторийден, курорттан қайтпайды. Сарыағашқа да, кенттеріміз бен ауылдарымызға да сүйсіне қараса, қуана араласа, эстетикалық ләззат алса дейміз. Ол үшін экономиканы көтере береміз. Мал бордақылау, сою, өңдеу уақыт талабына сай болуы керек. Ақжарымыздың Шаршара (Сарқырама) деген жерінде ет өңдеу цехы бар. Шұжықтың он түрін шығарады. Иесі елу алты жастағы Нарымбай Асанов ағамыз. Кәсіпкерлікпен бұрыннан айналысады. «Алтынбұлақ» шекара заставасын, кеден бекеттерін, мешіттер мен мектептер салған, нағыз іскер де пат­риот тұлға. Темір-бетон, кірпіш, есік-терезе, газ және су құбыр­ла­рын шығаратын шағын зауыттары үйлесімді жұмыс істейді. Ұмытып барады екем, шипалы су, консерві кәсіпорындары да бар. Бәрі анау айтқандай алыптар емес, шағын әрі икемді. – Бұ Бұхарбай орынбасарлықтан әкім болғалы біраз жаңа тірліктерді жандандырды ғой, – дейді ардагер ақсақал, ұзақ жылдар ұстаздық еткен, мектеп директоры болған Рақымберді Оспанов. – Сырдария бойындағы Қалғансыр ауылына қарата жеті шақырымға құбырмен су шығарды. 500 гектар жерді қор­шатты. Суландырып жатыр. Елу бес гектарына қырыққабат пен шалғам, қияр, қызанақ егіп қойған. Қызанақ пен қырыққабат өнімі жиналып, сатылып жатыр. Күзге қарата жүз гектарға алма, жүз гектарға жүзім отырғызылады. Келешекте жаңа жер игеріп, суландыру көлемі 1500 гектарға жетпекші. Томат шығаратын зауыт салынбақшы. – Мені мақтап жатыр ғой Рақаң. Сар­ыағаш-Келесті көркейту үшін менің орнымда басқа біреу болса да, осы тірліктерді қолға алар еді, – дейді аудан әкімі. – Бұл жобаларды өз күшімізбен жүзелей алмаймыз, әлбетте. АҚШ-та тұратын қандас қазағымыз, түбі түркістандық Асқар Музакәрім мырза көмектесіп жатыр. Калифорния штатының шебер кәсіпкері екен. Бизнесінің не­гіз­гі бөлігі Америкада. «Менің мақ­сатым –тек байлықты еселей беру емес, еліме, қазағыма көмек­тессем, Сарыағаш-Келес сияқты ға­жап аймақтың кенжелеп, кейіндеп қалған жақтарын ілгеріге тартсам» деген шын сөзіне, шынайы пейіліне разылықпен қараудамыз. Асқар мырза француздармен бірге шарап зауытын салмақшы. Әлемдік деңгейдегі. Себебі, Сарыағаш пен Келес жүзімі ерекше. Бұл Асқар ағамызды іздеп табу да оңай болмады. Музакәрім мырза Ресейден үш маман әкелді. Семен Ганич, Иван Крылов, Виктор Лопунов деген азаматтар – пиғылдары түзу, өз іс­теріне өте шебер жандар. – Біздің Бұхарбайға салсаңыз, Сарыағаш-Келестегі бос жатқан жердің бәрі игеріледі, – дейді ау­дандық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы, өзі де кәсіпкер Мұстафа Сүлейменов жылы жымиып. – Көр­­діңіздер ғой, бізде әрбір үй­дің жанында дерлік – жылыжай. Бүкіл байтақ Қазақстандағы жылы­жайлардың жартысынан астамы, дәлірек айтсақ 52 пайызы біздің ауданымызда. Сарыағаш-Келесіңіздің көкөністерін Солтүстік, Орталық Қазақстан, Астана, Алматы «қанын» жерге тигізбей алып кетеді. Ресейіңіз бізге әбден-ақ дәнігіп кеткелі қашан. – Сарыағаштың өнімі өтпей қапты, шіріп кетіпті деген сөз ай­тыл­майтын болады, – деді Пар­манов. Сонсоң кешірім өтініп, жұмыстарының қат-қабат екенін айтып, асығып жөнелді. – Тынымсыз. Тындырымды. Сөзі мен ісінде алшақтық жоқ. Жара­тыл­сында жасандылық жоқ, – деді соңынан сүйсіне қараған Рақымберді ағамыз. – Азанғы алтыдан тұруды, жүгіруді әдетке айналдырдық. Әкімнің бастамасымен. Жүгіре бермейтін мына мен сияқтылар жедел жүрумен айналысамыз. Бұл әкім қарапайым адамдарға жақын. Әр ауылдың ақсақалдарымен, әжелерімен, орта буынмен, жастармен сөйлесті. Жал­пылай жинап та, жас ерекшелік­теріне қарай топ-тобымен бөлек отырыстар жасап та сырласты. Қиындықтарды жасырған жоқ. Жас теректер тізіле жайқалған жасыл алаң шетінде ақсақалдармен әңгімемізді жалғастырып, баяу аяңдаймыз. Оңтүстік өңіріне танымал байырғы ұстаз ағамызға әзілдеп: «Азанғы алтыдан жүреміз, жүгіреміз дедіңіз. Жылдамдықты қаншаға апарасыз?» дейміз. «Спидометріміз сыр беріп қояды, дәл өлшеу жоқ, бірақ сергектене шынығатынымыз рас», дейді Рақымберді Оспанов. Әзілге қалжың қосып. Жасыл алаңда жастар көбейген сайын жадырайсыз. Сәуір сайын Сарыағашта сакура гүлдейді. Мархабат БАЙҒҰТ, «Егемен Қазақстан». Суретте: Cарыағаш ауданы­ның әкімі Бұхарбай Парманов пен Корея Республикасының Тө­тен­ше және өкілетті елшісі Пэк Чухен.