• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Тамыз, 2022

Достық ниетін білдірді

210 рет
көрсетілді

«Жетісу өңірінен Қытайға қарай бірқатар ауыл шаруашылығы өнімі экспортталады. Соған байланысты Қытай тарапы өз стандарттарына сай зертхананы қазіргідей тек Қытай жағында емес, шекараның Қазақстан жақ бетіне де салса, экспорттау барысындағы процедураларды біршама жеңілдетер еді». Бұл облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Қытайдың Алматыдағы Бас Консулы Цзян Вэймен кездесуде айтқан ұсынысы. Алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастық шеңбері кеңейе түспек.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ресми қонақтарды жылы қабылдаған өңір басшысы Бас консулдың кездесу туралы өтінішін ризашылықпен қа­был­дағанын және олардың ұсыныстарын тыңдауға әзір екенін жеткізген.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан мен Қытай арасын­дағы дипломатиялық байланыс­тар­дың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде жан-жақты қарым-қатынас тереңдей түсіп, эко­номикалық бағытта үлкен жұмыстар атқарылды. Бүгінде шұрайлы Жетісу жерімен шектесіп жатқан алып держава өлкелі өңірмен әлеуметтік-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі. Осыған орай бірнеше ұсыныс-тілегін білдіріп, алда атқарылар шаруаның жоспарын сызып кетті.

Мәселен, олар Жетісу облысы мен шекаралас Шыңжаң өлкесі арасында бауырластық байланыс орнатылса деген ниетте. Сонымен бірге мәдени-рухани бағытта да әріптестікке дайын. Оған қоса іскерлік қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, «Қорғас» аймағында ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысуға ықы­ласты. Бұл ретте туындаған мәсе­лелерді жедел шешуге ықпал ететін өңірлік деңгейде үйлестіру меха­низмін құру туралы тілегін жеткізді.

«Өйткені шекара аймағында жер­гілікті билік деңгейінде шешілетін мәселелер туындаған жағдайда тек орталық органдар арқылы жұмыс істеуге тура келеді және ол біршама уақытты алады. Сондықтан бізге іс барысында туындаған мәселелерді талқылап, шешуге жергілікті билікпен жұмыс істеген әлдеқайда тиімді болар еді», дейді Ц.Вэй.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде алдымен жалпы Жетісу өлке­сінің Қытаймен шека­ралас аймақ­тарының халық­аралық көлік дәлізі ретіндегі, экономикалық, турис­тік және басқа да бағыттардағы инвес­тициялық мүмкіндіктеріне тоқталды. Соның ішінде «Қорғас – Шығыс қақ­пасы» арнайы экономикалық аймағындағы, «Достық» бекетіндегі қолға алынатын жобалар жайында да қысқаша айтып өтті. Мәселен, АЭА аумағында қазір 600 гектардан астам жерге инженерлік инфрақұрылым тартылған. Бүгінде бірыңғай реестрде жобаларының жалпы сомасы 500 млрд теңге болатын 28 қатысушы тіркелген. 2016 жылға дейін соның 20 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Қытаймен арадағы сауда, экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа кейінгі жылдардағы індеттің өршуі біраз тежеу болды. Бірақ қос тарап та эпидемиологиялық жағдайдың реттелетіне сенім артады.

Екінші тараптың ұсынысына қатысты Бейбіт Исабаев Шың­жаң өлкесімен әріптестік қаты­настарды орнықтыруға қазақ­стандық тараптың да ықыласты екенін айтты. Ал «Қорғас» ХШЫО орталық органға қарай­тын болғандықтан, бұл мәсе­лені өзара ақылдаса отырып ше­шетінін жеткізді. Жетісулықтар рухани-мәдени байланыстарды орнықтыруға қарсы емес. Сол сияқты «Қорғас» аймағында аса ірі қытайлық инвестордың бастаған үлкен жобасы індеттің кесірінен үш жылдан бері тек 10 пайызы ғана ілгері жылжығанын тілге тиек етіп, Бас консулдан осы жобаның сәтті іске асырылуына ықпал етуді сұрады.

«Облыстың 2026 жылға дейін­гі инвестициялық портфелі жасақтал­ған. Оған жалпы сомасы 1 трлн тең­ге болатын, 8 мың жұмыс орнын құ­рай­тын 172 жоба енгізілген. Бірақ со­ның ішінде қытайлық ірі инвес­­торлар жоқ», дейді Б.Исабаев. Со­ны­мен қатар ірі компанияларды Же­тісу жеріндегі инвестициялық мүм­кін­діктерден хабардар ете жүруді сұрады.

Жалпы, Жетісу өңірі өз алды­на дербес аймақ ретінде қайта құры­луына қатысты бөлініс процедуралары жүріп жатыр. Қыркүйектен бас­тап жеке облыс ретінде әлеуметтік-эконо­микалық дамуға бағытталған іс-жос­парларға толық көлемде кіріс­пек. Сондықтан Қытай тарапынан айтылған мәселелерді облыс әкімі жан-жақты саралап, кездесуді ынтымақтастық нотасында тәмамдады.

 

Жетісу облысы