Республика бойынша Атырау мен Маңғыстау облыстарынан басқа өңірлердің бәрі жылыту маусымына көмірді пайдаланады. Аталған екі өңір газды қолданады. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстары да газбен қамтылған. Бірақ бұл өңірлерде де көмір тұтынатын бірнеше аудан бар. Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы әр отбасыға жылыту маусымында 5 тонна және одан да көп көмір қажет. Оңтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш төмен – қысқы маусымда әр отбасыға шамамен 2 тонна көмір жеткілікті. Алайда бұл өңірде халық көп болғандықтан, тұтыну көлемі де жоғары.
Демалыстағы дүрбелең
«Қаражыра» АҚ маркетинг жөніндегі директоры Әсет Сыдықовтың пікірінше, көмірді өткізу әрі халықты қатты отынмен қамту – ұжымдық мәселе. Бұл бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың мойнындағы жүк.
– Көмірмен қамту ісінде бірнеше факторды ескеру керек. Біріншіден, көмірді сақтау мерзімі шектеулі. Ол ұзақ тұрса тотығады, бүлінеді. Оны сақтаудың өз талаптары бар. Сондықтан оны дер кезінде әкелу маңызды. Екіншіден, көмір жылдың төрт-бес айына ғана керек. Бұл кезде кеніштер өнімділікті шамадан тыс арттыра алмайды. Мысалы, бір кеніш күніне қалыпты жағдайда коммуналдық-тұрмыстық бағытқа деп 100 тонна көмір өндіреді делік. Ал сұраныс көбейетін төрт-бес айда кеніш аталған өнімділікті одан әрі арттыра алмайды. Сол секілді «Қазақстан темір жолының» да бұл аралықта тасымалданатын көмірдің көлемін шамадан тыс арттыруға мүмкіндігі жоқ, – дейді Әсет Сыдықов.
Оның айтуынша, жағдайды реттеуге болады. Оның бірнеше тетігі бар.
– Жылу электр орталықтары жыл сайын мамыр-маусым айларында жөндеуге жабылады. Сөйтіп, шілдеден бастап көмір қабылдауға көшеді. Бұған халықтың сұранысы қосылады да, жүктеме артып кетеді. Сондықтан біз бірнеше жылу электр орталығымен келіссөз жүргізіп, өзара келісімге келдік. Ендігі жерде олар көмірді жөндеуге жабылмай тұрып немесе жөндеу уақытында қабылдап алады. Сонда орталықтар халық тарапынан туындайтын дүрбелеңге қосылмайды. Біздіңше, бұл қадам сұранысты реттеуге көмектеседі. Сонда әлеуметтік нысандарды көмірмен қамтуда да кідіріс болмайды. Мұндай қадам кеніштерге де, тасымалдаушыларға да тиімді. 1 қыркүйекке дейін көмірді бюджеттік мекемелердің қоймаларына сыйғанша тасымалдау керек. Ал қажетті көмірдің қалған көлемін қыркүйек-қазандағы халық тарапынан туындайтын сұранысты өтеген соң да тасымалдауға мүмкіндік бар. Міне, сонда дүрбелең де туындамас еді, – дейді «Қаражыра» АҚ маркетинг жөніндегі директоры.
Ұққанымыз, кеніштер де, тасымалдаушы компания да бірінші кезекте өз міндеттемелерін орындауға тырысады. Ал халықты көмірмен қамту қомақты келісімшарттардың қасында түк емес. Яғни осы істен табыс тауып отырған компаниялар үшін халықты қамту –екінші пландағы мәселе.
– Әдетте халық тарапынан көмірге деген сұраныс сенбі және жексенбі күндері артады. Себебі түсінікті. Үй иелері аптаның басқа күндерінде жұмыста болады да, тек демалыста ғана көмір қамына кіріседі. Осылайша, көмір сататын нүктелерге жаппай ағылады. Дүрбелең де осы екі күнде туындайды. Сондықтан біз арнайы мобильді қосымша ойлап шығардық. Оның көмегімен қай күні, қанша көлем көмір қажет екеніне алдына ала тапсырыс беруге болады. Сонда үй иелері сенбі мен жексенбіні күтпей-ақ жұмыс күндері де қажетті көмірді түсіріп ала алады. Сенбі-жексенбінің жүктемесін басқа күндерге бөліп тастау арқылы дүрбелеңнің алдын аламыз, – дейді Ә.Сыдықов.
Оның айтуынша, жазғы уақытта өндірілетін көмірдің сапасы қыста шығарылатынмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болады.
– Жазда ауа құрғақ болады әрі көмір ашық-жарықта өндіріледі. Ал қыркүйек-қарашада күн ерте батады да, көмір өндіру кешкі уақытта жалғасады. Бұл уақытта өндірілген көмір жылы болғанымен, ауа салқын. Сол себепті көмірден бу шығады. Жұмыс кезінде техникалардың және басқа да құрылғылардың жарығынан көлеңке пайда болады. Аталған көлеңке сол жерде жұмыс істеп жүрген мамандарды кей жағдайда шатастырып жатады. Сондықтан күзгі уақытта көмір алғандардың үйіне көмірдің ұсақтары да қоса келеді. Осыны да ескеру керек. Бұл бір. Екіншіден, халықты жазғы уақытта көмір алуға жұмылдыру үшін жергілікті атқарушы органдар қала құраушы кәсіпорындармен және бюджеттік сала кәсіпорындарымен бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Мысалы, бір кәсіпорында жер үйде тұратын 100 адам жұмыс істесе, оларға 500 тонна көмір керек. Компания өз қызметкерлеріне ақысыз 5-6 тонна көмір түсіріп беруі керек. Ақысын кәсіпорын өз қызметкерлерінің еңбекақысын бірнеше айға бөліп ұстап қалады да, жеткізуші тарапқа бір ғана төлеммен аудара салады. Сонда қызметкерлер көмірді бөліп төлеу тетігі арқылы алған болады әрі дүрбелең де сырт қалады, – дейді ол.
Ә.Сыдықовтың айтуынша, мұндай жаңашылдық осыдан төрт-бес жыл бұрын енгізілген. Соның нәтижесінде Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында көмірмен қамтуда кідіріс азайған. Әсіресе мұндай қадамды аталған екі өңірдегі теміржолшылар, тау-кен компаниялары мен өзге де өндіріс орындарының өкілдері, бюджеттік сала қызметкерлері тиімді пайдаланады екен. Осылайша, олар жазғы уақытта өндірілетін сапалы көмірге қол жеткізіп отыр. «Қаражыра» өкілі мұндай тәжірибені өзге де өңірлерде қолдануға болатынын жеткізді.
Мамырдағы майшелпек
Коммуналдық-тұрмыстық бағыттағы көмірдің бір бөлігі тауарлық биржа арқылы сатылатыны белгілі. Соның нәтижесінде өңірлік операторлар делдалсыз, өндірушінің өзінен тікелей өнім ала алады. Бірақ мұнда да азды-көпті мәселе бар.
– Өңірлік операторлар халықпен тікелей жұмыс істейді. Мамыр айынан көмір сату науқаны басталады. Біз жыл он екі ай жұмыс істеуге әзірміз. Бірақ өңірлік оператордың барлығында көмірге деген қолжетімділік жоқ. Әйтпесе, тауарлық биржа арқылы «Қаражыра» мен «Шұбаркөл» көмірі сатылады. Сапасы өте жақсы. Бірақ көлемі өте аз. Маусым айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен жиында кеніштер өндірілетін жалпы көлемнің 20 пайызын емес, 40 пайызын халыққа бағыттаса деген ұсыныс айттық. «Шұбаркөл көмір» осыған келіскен секілді еді. Бірақ іс жүзінде олай болмады. Қыркүйек-қазан айларында өндірілген көмір көлемінің 20 пайызы халыққа аздық етеді. Сондықтан аталған көрсеткішті арттырған абзал, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өңірлік оператор «KomirTau KZ» ЖШС-ның директоры Самат Нұрмағанов.
Оның айтуынша, көмір сатылымы мамырда басталғанымен, халық тарапынан белсенділік болмайды. Әйтпесе, өңірлік операторлар жұртшылықты тарту үшін дәл осы уақытта көмірдің бағасын арзандатуға тырысады.
– Солтүстік Қазақстан аграрлық өңір болғандықтан, біз агро-құрылымдарға арзандатылған баға ұсындық. Алыста тұратын шаруашылықтар осыны тиімді пайдаланды. Содан кейін әкімдікпен бірлесіп халықпен де жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алуларды да ерте аяқтауға жол ашылды. Біз конкурс жариялау үдерісін 1 тамызға дейін толық аяқтадық. Осылайша, бұдан соң барлық ынтаны тек халықпен жұмыс істеуге бұрамыз. Бұл қадам өз жемісін беріп келеді. Өңірде дүрбелең тыйылды, – дейді С.Нұрмағанов.
Осы орайда басын ашып алатын бір мәселе бар. Көмір өндірісі де, өткізілімі де толықтай бизнестің қолында. Бұл жерде министрліктің міндеті бизнес өкілдерінің жұмысын тиімді үйлестіру, яғни баға мен жеткізілімді қадағалау ғана. Сондықтан мемлекет бизнестің ойынына араласа алмайды.
Бағаға қатысты бірер сөз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, өңірлік операторлардың бағасы өзгермейді. Алайда нарықтық қатынас болғандықтан, өңірлік оператордан алынған көмір одан әрі басқа бағаға сатылады. Өйткені делдалдар іске кіріседі. Бұған министрлік те, жергілікті атқарушы органдар да кірісе алмайды. Оны реттейтін тетік жоқ. Бұл әркімнің өз аумағы саналады. Сондықтан сұраныс көбейген шақта делдалдарға ұрынбас үшін көмірді дүрбелең басталмай тұрып мейлінше ертерек сатып алған жөн.
– Өңірлік операторлардан көмір алуға келетіндер арасында кезегін сататындар да бар. Былтыр осындай жағдай орын алды. Мұны өз бетімізше реттедік. Әлеуметтік желілер арқылы халықтан тапсырыс қабылдап, өз көліктерімізбен күні-түні тасымалдадық. Әрине, көмір бір-екі күнге кешігіп жетеді. Есесіне келеңсіз жағдайлар орын алмайды, – дейді С.Нұрмағанов.