Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс өзге елдердің саяси бағыттарына біршама өзгеріс енгізді. Бұл өзгеріс екі Скандинавия елінің саяси ұстанымын да айналып өтпеді. Швеция мен Финляндия Ресейдің Украинаға 24 ақпанда басып кіруінен кейін ондаған жыл бойы ұстанып келген бейтарап саясатынан бас тартып, осы жылдың 18 мамырында НАТО-ға қосылуға ресми өтініш берді. Екі елдің мүшелігін қабылдауға қарсы болған Түркия мен Скандинавия елдерінің өкілдері келіссөздер негізінде ортақ пікірге келіп, үшжақты меморандумға қол қойылды.
28 маусымда өткен Мадрид саммитінде Түркия, Финляндия және Швеция қол қойған үшжақты меморандум аясында тұрақты бірлескен механизм құрылды. Өткен жұма күні оның алғашқы отырысы Финляндияның астанасы Хельсинкиде өтті.
Хельсинкиде өткен кездесуде Түркия, Швеция және Финляндия арасында екі елдің НАТО-ға мүшелік үдерістері туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Түркия қолдауымен Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуға өтінішін мақұлдайтынын тілге тиек етті.
НАТО саммиті аясында Түркия, Швеция және Финляндия арасындағы кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында Столтенберг «Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүшелігіне жол ашатын келісімге қол қойғанымызды қуана хабарлаймын. Мұндағы негізгі элементтердің бірі Түркия, Швеция және Финляндияның бірігіп, лаңкестікпен күресте жақынырақ жұмыс істейтін механизм құру болды. Біз барлық одақтастың қауіпсіздік мәселелерін ескеруіміз қажет. Әсіресе Түркияның терроризмге қатысты қауіпсіздік мәселелерін де назарға алуымыз керек», деді.
Екі Скандинавия елінің НАТО-ға мүшелігін бүгінге дейін 30 мүше елдің 23-і ресми қолдағанын айтып, «Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуына үлкен қолдау бар. Біз ресми мәлімдеме жасамаған елдермен мүмкіндігінше тезірек байланысып, табанды жұмысты жалғастыратын боламыз», деді Столтенберг. Сондай-ақ Столтенбергтің айтуынша, «Үш ел Түркияның қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылығын ескере отырып, қару-жарақ экспорты мен лаңкестікпен күресу туралы меморандумға қол қойды», деді ол.
Кездесу барысында тұрақты бірлескен үштіктің жұмыс қағидаттары айқындалып, үшжақты меморандумда жазылған міндеттемелердің орындалу барысы қаралып, алдағы уақытта атқарылатын нақты жұмыстарға тоқталды.
Үшжақты меморандумда Финляндия мен Швеция Түркияға терроризмнің барлық түрімен күресуде толық ынтымақтастық пен қолдау көрсетеді. Сонымен қатар Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне төнген барлық қауіпке, әсіресе PKK террор ұйымына қарсы бірге әрекет ететін болады. Келісімде PYD/YPG және ФЕТО-ны қолдамау жөніндегі міндеттемелер де қамтылған.
Кездесу барысында талқыланған мәселелер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін тараптар тиісті мекемелер арасындағы техникалық деңгейде ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты.
Финляндия сыртқы істер министрі Пекка Хаависто кездесудің нәтижелі болғанын білдіріп: «Бұл Мадрид саммитінен кейінгі бірінші кездесу болды. Мен қатыспадым, бірақ маған келіссөздер оң болғаны туралы хабарланды», деді. Ал Финляндия сыртқы істер министрлігінің тұрақты мемлекеттік хатшысы Юкка Саловаара келісімде көрсетілген ынтымақтастық механизмін құру жұмысына дереу кіріскендерін алға тартып: «Түркиямен көптеген мәселе бойынша ортақ пікірге келдік деп ойлаймыз», деді.
Швеция сыртқы істер министрлігі жасаған жазбаша мәлімдемесінде «Үш елдің өкілдері бүгінгі алғашқы ресми кездесуде Мадридте өткен НАТО саммитіне байланысты қол қойылған үшжақты келісімнің жүзеге асырылуын талқылады» деп жазды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Скандинавия елдерінің НАТО-ға мүше болуына тосқауыл қойған еді. Бұл шешіміне Финляндия мен Швецияның Анкара ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептейтін топтарға, оның ішінде Күрдістан жұмысшы партиясы мен оның Сириядағы филиалына қатысты ұстанымы себеп болған еді.