• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2014

Ауқымды өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке жаңа қадам

608 рет
көрсетілді

Халықаралық қауіпсіздікті нығайту Қазақстан сыртқы саяса­тының аса маңызды басымдық­тары­ның бірі болып табылады. Аймақтық және жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету бойынша дәйекті жұмыс жасай отырып, әділетті және демократиялық әлем­дік тәртіпті орнатуға сүбелі үлес қоса отырып, Қазақстан Пре­зи­денті Н.Назарбаевтың бітім­гершілік бастамаларын ілгерілете отырып, Сыртқы істер министрлігі өзінің ең маңызды міндеттерінің бірі – Қазақстанның егемендігін, ау­мақ­тық тұтастығын, ұлттық қауіп­­сіздігін және қорғаныс қабі­ле­тін нығайтуды жүзеге асырып келеді. Осы бағыттағы маңызды жаңа қадам үстіміздегі жылғы 6 мамырда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде ядролық «бестік» өкілдері – АҚШ, Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбританияның Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың (ОАЯҚТШ) Хаттамасына қол қоюы болып табылды. Осы арқылы аталған аймақтың заң жүзінде құрылуына жаңа маңызды қадам жасалды, ал мойындалған бес ядролық держава Шарттың қатысушылары болып табылатын бес елге қарсы ядролық қаруды қолданбауға кепілдік берді. Бұл жәйт көпжақты дипло­ма­тияның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы ай­тарлықтай жетістігі болып табылады, сондай-ақ, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуда шын мәнінде аса зор маңызға ие. Ядролық қарусыздану және таратпау саласында халықаралық деңгейде мойындалған көшбасшы ретінде Қазақстан Хаттамаға қол қоюда маңызды рөл атқарды. Үстіміздегі жылғы наурыз айында Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік туралы саммитте сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздіктің жалғыз ғана кепілі болып табылатын жалпыға ортақ ядролық қарусыздануға шақырып, «Біз «ядролық бестік» мемлекеттерінің Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың қатысушы елдеріне қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ететін хаттамаға тез арада қол қоятындығына үміт артамыз», деп мәлімдеген еді. Біздің ведомство ядролық елдерден қауіпсіздіктің теріс кепілін (яғни, ядролық қаруды қолданбау және ядролық қаруды қолдану қаупін болдырмау туралы кепілдік) алу міндетін барлық Орталық Азия елдері атынан «ядролық державалармен» келіссөздер өткізу арқылы дәйектілікпен жүзеге асырып отырды. Әлемдегі көлемі жағынан төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту, Семей ядролық сынақ полигонын жабу және оның инфра­құрылымын жою, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, Мемлекет бас­шысының БҰҰ шеңберінде ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу бойынша Жалпыға ортақ декларация қабылдау туралы бастамалары, АТОМ жобасын жүзеге асыру, Қазақстанда МАГАТЭ-нің халықаралық төмен байытылған уран банкін орналастыру, сонымен қатар, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер өткізуде өз алаңымызды ұсыну – ядро­лық қаруды таратпау және ядро­лық қарусыздану мәсе­ле­сі­не еліміздің іс жүзінде қосқан үле­сінің толық емес тізімі, міне, осындай. Кең-байтақ Еуразия кон­ти­нентінің төрінде орналасқан аймақ – Орталық Азияда ядро­лық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың Хаттамасына қол қою ұлан-ғайыр геосаяси кеңістіктегі тұрақтылықты ны­ғайта түсетіні сөзсіз. Аймақ­тың тұрақсыздық аума­ғын­да орналасқанын және лаң­кес­тік ұйымдар тарапынан қауіп-қатерлерге ұшырауы ықти­малдығын ескерсек, бұл ерекше көкейкесті болып табылады. Оған қоса, Орталық Азия елдері мойындалған екі ядролық мемлекет Ресей мен Қытай арасында және де-факто ядролық қаруды иемденген – Пәкістан мен Үндістан мемлекеттерінің жанында орналасқан. Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру бар­лық бес Орталық Азия мем­ле­кет­терінің – Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанның аймақта қау­іпсіздік, тұрақтылық және бей­бітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылысындағы бірлескен сындарлы күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Бірлескен күш-жігерлерге қажетті саяси серпін 1997 жылы 28 ақпанда Алматыда өткен Ор­талық Азия мемлекеттері бас­шыларының саммиті кезінде берілді. Саммитте өңірде яд­ро­лық қарудан азат аймақ құру идеясын қолдауға шақырған Алматы Декларациясы қа­был­данған болатын. Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа 2006 жылы 8 қыркүйекте, яғни Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылы ядролық сынақ полигоны жабылған күні қол қойылуының нышандық мәні бар. 2009 жылы 21 наурызда Шарттың күшіне енуі Орталық Азияда ядросыз аймақ құру жолындағы маңызды қадам болып табылды. Шартқа сәйкес, ОАЯҚТШ-ға мүше-мемлекеттер өз аумақтарында ядролық қару және оның бөлшектері немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды өңдеу, сатып алу және оларды орналастыруға, сонымен қатар, ядролық сынақтар өткізуге, ОАЯҚТШ жерінде радиоактивті қалдықтарды орналастыруға тыйым салу туралы міндеттемелер алды. Шартқа қатысушы тараптар, сонымен бірге, өңір аумағын экологиялық қайта қалпына келтіру жұмыстарына атсалысу, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЕ) тығыз өзара ық­палдасу, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және оның қосымша Хаттамасына сәйкес аталған Агенттікпен қауіпсіздік кепілдіктерін қолдану туралы келісімге қол қою, сондай-ақ, ядролық материалдар мен құрал-жабдықтардың фи­зи­калық қорғанысы үшін іс-ша­ралар қолдану туралы мін­деттемелер алған. 2012 жылғы 12 маусымда Шарт шеңберінде Төраға қызметін иемденген және бар­лық бес Орталық Азия мем­лекеттері атынан «ядролық дер­жавалармен» ОАЯҚТШ шар­тына теріс кепілдер туралы Хаттамаға қол қою мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуге уәкілеттік алған Қазақстан соңғы екі жыл ішінде «ядролық бестік» өкілдерімен белсенді түрде пікір алмасып, келіссөздер жүргізді. Мақсат, оларға Хаттамаға қол қойғызу және қауіпсіздіктің теріс кепілдігін беру туралы міндеттеме алғызу болды. 2012-2014 жылдар ара­лы­ғында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «ядролық держава» және Шартқа мүше-мемлекеттер өкілдерімен екі­жақты және көпжақты пі­шінде әртүрлі деңгейлерде жиыр­ма­дан астам кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізді. Қазақстан тарапының ұсы­ныстары негізінде Шартқа мүше тараптардың қауіпсіздіктің теріс кепілдігін беру мәселесін шешуде «Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа мүше-мемлекеттердің Шартқа теріс кепілдік беруге қатысты көзқарастары» ат­ты бірлескен ұстанымды ай­қын­дайтын құжат келісілді. 2013 жылғы 9 қазанда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында «Ядролық бестік» елдерінің талдамалы мәлім­де­мелері бар хаттамаға қол қою туралы қағидатты уағдаластыққа қол жеткізілді. Үстіміздегі жыл­ғы 6 мамырда ядролық қаруы бар мемлекеттер оған қол қойып, Шартқа қатысушы ел­дерге қарсы ядролық қаруды қол­данбау және оны қолдану қаупін төндірмеу туралы өздеріне міндеттемелер алды. Талдамалы мәлімдемелерге келетін болсақ, ядролық мемлекеттер қауіпсіздіктің өздері берген теріс кепілдіктерінен белгілі бір шарттар көлемінде бас тартады. Мұндай мәлімдемелердің мәні мынада: ядролық мемлекеттер аймақтағы қатысушы-мемлекетке қарсы ядролық қару қолданбау туралы мін­деттемесінен оларға, олардың аумақтарына немесе тәуелді жерлеріне, қарулы күштеріне немесе олардың одақтастарына ядролық қаруы бар мемлекетпен бірге ықпалдасатын немесе одақтық келісімі бар мемлекет тарапынан шабуыл жасалған жағдайда бас тартады. «Ядролық бестік» елдерінің талдамалы мәлімдемелерін қолдану тәжірибесі ядролық қарудан азат аймақ құру туралы барлық шарттарға қол­данылып келді. Олар мыналар: Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт (Тлателоко шарты), Тынық мұхитының оңтүстік бөлігіндегі Ядросыз аймақ туралы шарт (Раротонг шарты), Оңтүстік-Шығыс Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт (Бангкок шарты), Африкада ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт (Пелиндаба шарты) және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт. Орталық Азиядағы барлық мемлекеттер – ОАЯҚТШ шар­тының мүшелері «ядролық бестік» елдерінің ОАЯҚТШ шар­тының Хаттамасына қол қоюда өздерінің ұлттық заңна­масына және қалыптасқан халық­аралық тәжірибеге сәй­кес тиісті мәлімдемелер жасау құқықтарын мойындады. Нью-Йоркте Шарттың Хат­тамасына қол қою рәсімі барысында айтылғанындай, тиісті мәлімдемелермен Хаттамаға қол қоюға келісу туралы шешім қабылдауда Шартқа мүше мемлекеттер құжаттың тез институттануы мен өңірлік және ха­лықаралық қауіпсіздікті нығай­тудың маңыздылығы түсінігіне сүйенді. ОАЯҚТШ шартына мүше мемлекеттерге қатысты ҚХР-дан басқа «ядролық бес­тік­тегі» елдердің әрқайсысы Шарт­тың әр бабы бойынша тиісті мәлімдемелер жасады. Хат­тамаға қандай да бір түсінік бермей-ақ қол қойған ҚХР-дің ұстанымын ерекше атаған жөн. ҚХР ядролық қаруға толық тыйым салу мен жою жағында екенін, сондай-ақ, ОАЯҚТШ шартына мүше елдердің өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұмтылысын толық қолдайтынын ашық айтты. Шартты жасаушы ретінде де, оның институттану мәселесін ілгерілетуде де БҰҰ-ның маңызды рөлін атап өту қажет. Сонымен, БҰҰ Бас Ассамблеясы Шартты қолдайтын бірқатар қарар қабылдады. Қарарларда Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақтың құрылуы ядролық таратпау режімін нығайтуда, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану бастамаларын қолдауда және радиоактивті заттардан зардап шеккен аумақтарды эко­логиялық сауықтыруда маңызды қадам болатыны атап көрсетілді. Сондай-ақ, халықаралық терроризммен күреске және яд­ролық материалдар мен тех­но­логиялардың мемлекеттік емес субъектілердің, ең алдымен, террористердің қолына түсуіне жол бермеуге үлкен үлес болып қосылатыны көлденең тартылды. Қазақстан ядролық ма­те­риалдардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бойынша маңызды жұмыстар жүргізумен қатар, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіне едәуір үлес қосуын жалғастыруда. «Семей ядролық полигонын жауып, қуаты бойынша төртінші ядролық арсеналдан бас тарт­қаннан кейін Қазақстан АҚШ және Ресеймен бірге поли­гон­ның инфрақұрылымын жойды. Бұрынғы ядролық сынақ кешенінің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жұмыстары жал­ғасуда. Елдің ядролық іс-қимылы МАГАТЭ-нің толық­тай кепілдігінде. Біз Төмен байытылған уранның халық­аралық банкін құру бойынша МАГАТЭ бастамасын қолдадық және оны өз аумағымызда орналастыру жөніндегі келіссөздерді аяқтап келеміз», деген болатын Қазақстан Президенті Гаагада өткен саммиттегі өзінің сөзінде. Шарт Хаттамасына еліміздің белсенді қатысуымен қол қой­ылуы еліміздің ядролық қару­сыздану ісіндегі дәйекті қадам­дары мен халықаралық аренада мемлекет беделі артуының жарқын көрінісі болып табылады. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бұрынғы Семей ядро­лық сынақ полигонына 2010 жылғы сәуірдегі сапары барысында: «Қазақстан ядролық қарусыздану саласында ерекше басымдығын көрсетіп келеді. 1991 жылы Президент Н.Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту туралы батыл шешім қабылдады. Бұл шынайы тәуелсіздікті жария етуде көреген қадам болды...», деп атап өте отырып, яд­ролық қарусыздану және таратпау саласындағы біздің іс-қимылымызды жоғары ба­ғалады. Ол барлық елдердің, әсіресе, ядролық державалардың басшыларын Қазақстаннан үлгі алуға шақырды. Біз жақында қол қойылған Хаттаманы барлық ядролық мемлекеттер 2015 жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Шолу конференция­сына дейін бекітеді деп сенеміз. Бұл аймақтың институттану үдерісін формальді аяқтауға мүмкіндік беріп, біздің Ядролық қаруды таратпау туралы шарт режімін нығайтуға қосқан ортақ үлкен үлесіміз болады және 2015 жылғы Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Шолу конференциясының сәтті өтуін айтарлықтай деңгейде қамтамасыз етеді. Қазақстан әрқашан ядро­лық қарусыз әлем мұратын ілге­рілетіп, осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған халық­аралық іс-шаралар мен бас­та­маларға белсенді қатысатын болады. Бұл Елбасымыздың сыртқы саясатының абсолютті басымдығы болып табылады. 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшелігіне сайланған жағдайда, Қазақстан ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелерін БҰҰ-ның осы маңызды органында белсенді ілгерілететін болады. Ерлан ЫДЫРЫСОВ, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі.