Журналистердің жылына бір рет басын қосып, арқа-жарқа күйге түсіретін шағын футболдан Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған дәстүрлі турнирдің жалауы биыл Астанада көтерілді. Онда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінен құралған 12 команда бақтарын сынады. Олардың қатарында қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінің командасы да өнер көрсетті. Жарыс 9-10 мамыр күндері «Астана- Арена» стадионында өтті.
Елордамен қоса, еліміздің өзге өңірлерінен келген әріптестер командасы жеребеге сәйкес ойындарын бастап кетті. Егеменқазақстандықтар турнирдің алғашқы күні екі кездесу өткізіп, соның бірі Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы командасын 2:0 есебімен ұтса, екінші матчта «Астана ақшамы» ойыншыларымен 2:2 есебімен тең түсті. Ал келесі күні жартылай финалға жолдама беретін кездесуде «Алматы» телеарнасымен 1:1 есебімен тең ойнады. Алайда, команда келесі айналымға шықпаса да өзге командалар сияқты бірде-бір ойында жеңілмей, турнирді жеңіліссіз аяқтады. Биылғы турнирде Ердәулет Құрмановтың «Алматы» телеарнасына соққан добы 20 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жарыстың ең үздік голы деп танылды.
Турнирдің алғашқы күні Шымкенттен келген «Оңтүстік Қазақстан» командасы жанкүйер жұртты желпіндірсе, «Қаз-спорт» телеарнасы атынан жарысқа қатысқан Дания Әбділованың өнеріне де спорт сүйер қауымның сүйіспеншілігі ерекше болды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, барынша дайындықпен келген командалар легінің тек кіл мықтылары ғана жүлделі орындарға таласты. Финалдық сында «Алматы ТВ» командасы мен «Хабар Алматы» қырандары тең ойын көрсетіп, жеңімпазды пенальти анықтады. Нәтижесінде «Алматы ТВ» жігіттері жеңіске жетіп, биылғы турнирдің жеңімпазы атанды. «Хабар-Алматы» екінші орынға талассыз жайғасса, «Оңтүстік Қазақстан» командасы үшінші тұғырға көтерілді.
Сонымен қатар, турнирде үздік ойын өрнегін көрсеткен футболшыларға түрлі номинациялар бойынша алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды. Атап айтқанда, «Ең үздік шабуылшы» деп «Оңтүстік Қазақстан» командасының капитаны Берік Уәли танылса, «Үздік қорғаушы» номинациясында Жасұлан Қасымберкебаевтың бағы жанды («Хабар Алматы»). «Үздік ойыншы» атағын Талғат Қожабаев («Алматы ТВ») еншілесе, «Үздік қақпашы» Нұрахмет Бектұрғанов («Хабар Астана») болды. «Үздік төреші» сыйлығы Дана Үсеноваға бұйырды.
– Астанада тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл турнир жоғары деңгейде өтті деп айтуға болады. Журналистердің турнирге белсене қатысулары жарыс көрігін қыздыра түсті, – дейді турнирдің бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші Дәулет Хамзин.
Турнирдің жабылу салтанатында Спорт және денешынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады, ал Сейдахмет Бердіқұловтың ұлы Заңғар осы игі шараны өткізуде біліктілік танытып жүрген агенттік басшылығы мен ұжымына өз ризашылығын жеткізді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.
Суретті түсірген Алмас МАНАП.