• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Тамыз, 2022

Қазақстанда 16 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

176 рет
көрсетілді

Қазір Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1762 жұмыс беруші бар. Оларда 397 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы қызметкерлер санының 97 пайызын құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде бірнеше санат бар. 596 рұқсат басшылар мен олардың орынбасарларына, 3137 рұқсат құрылымдық бөлімшелердің басшыларына берілген. Тартылған жұмыс күшінің негізгі бөлігін үшінші және төртінші санаттар – тиісінше 8037 және 1070 адам құрайды. Сондай-ақ маусымдық жұмысқа 1456 адам тартылса, корпоративтік ауысым аясында 1731 адам қамтылды», делінген хабарламада.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 16 027 шетелдік азамат жұмыс істейді.

Еңбек мигранттарының негізгі шыққан елдері Қытай – 3566 адам, Түркия – 1822 адам, Үндістан – 1724 адам, Өзбекстан – 1566 адам, Ұлыбритания – 1193 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін министрлік шетел жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.