• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Тамыз, 2022

«Баланы мектепке даярлайық!» акциясы аясында 42 мыңнан астам бала мектепке даярланды

551 рет
көрсетілді

«AMANAT» партиясында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясындағы «Баланы мектепке даярлайық!» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы қорытындыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі акцияның басты мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға балаларын 1 қыркүйекке дайындауға көмектесу.

Аталған акцияға партияның Орталық аппараты мен аймақтық филиалдарының қызметкерлері, партия депутаттары мен бастауыш партия ұйымдарының мүшелері қатысты.

Акция аясында ел бойынша 42 мыңнан астам бала мектеп формасымен, кеңсе тауарлары салынған рюкзактармен қамтылды.

«Баланы мектепке даярлайық!» қайырымдылық акциясы бүгін аяқталып отыр. Соның аясында барлық өңірдегі партия мүшелері балаларды жаңа оқу жылына дайындауға атсалысты. Аманаттықтар 23 мыңнан астам отбасының 42 мың оқушысын мектеп формасымен, оқулықтармен, рюкзактармен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті. Бұл Мемлекет басшысының  әлеуметтік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды қолдау жөніндегі бағыт-бағдарын жүзеге асыруға «AMANAT» партиясының қосқан үлесі. «Баланы мектепке  даярлайық!» акциясы бұл бір рет қана өткізілетін іс-шара емес. Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған партияның ауқымды жүйелі жұмысының бір бөлігі», деді Ерлан Қошанов.

Айта кетсек, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 13 мың адам жұмысқа орналасса, 37 мың отбасына АӘК ресімдеуге көмек көрсетіліп, 49 мың отбасына біржолғы әлеуметтік көмек төленгенді. Сондай-ақ 146 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

«AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында балалардың білім алуына лайықты жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыс атқаруда. Ол үшін 2022 жылдың соңына дейін 214,5 мың орындық 225 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа оқу жылының басында 37 мың орындық 81 жаңа мектеп ашылуға дайын.

«Баланы мектепке даярлайық!» акциясын ел аумағындағы барлық партиялықтар қолдады. Мәселен, Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаты Нәжімеден Губашов Мұнайлы ауданының 1000 оқушысына мектеп формасы жиынтығын, кеңсе тауарлары мен рюкзактарды табыс етті.

«Халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан балалардың оқуға бастар қадамы қуанышқа толы болуы үшін оларды мектепке даярлап, жан-жақты көмек көрсету ісінде әркім азаматтық белсенділік танытатынына сенімідімін. Салауатты, сәтті әрі бақытты өмір негізі балалық шақта қаланды. Балалардың дамуына қолдау көрсету – қоғамның басты мақсаты. Олар – гүлденген, тәуелсіз мемлекетті құрушылар», деді ол.

Қарағанды өңірінде бес бала тәрбиелеп отырған облыс орталығының тұрғыны Гүлнар Сейітомар партиялықтардың көмегін алған.

«Акция бастау алған сәтте бірден «AMANAT» партиясына көмек сұрап жүгіндім. Балаларымның барлығы мектеп оқушылары. Бұл қолдау мен үшін үлкен көмек болды. Себебі жаңа оқу жылы басталар тұста бәрі қымбаттап кетті», деді ол.

Шымкентте қалалық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Жадыра Таңатарова алты баланы жалғыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана, ІІ топтағы мүгедек Наргиза Артыққожаеваға барды.

«Партия көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп, бүлдіршіндердің өзін жайлы сезінуі, сабақтан қалмауы үшін тең жағдай жасауға тырысатыны қуантады», деді Наргиз Артыққожаева алғысын білдіріп.

Абай облысындағы жергілікті партиялықтар игі істен шет қалмай, акцияға белсенді түрде қатысты. Жақында облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының мүшесі Әсемқан Досқожанов май экстракциялайтын зауыт қызметкерлерінің балаларына мектеп формасын табыстады.

«Менің бес балам бар. Отбасымызда тек күйеуім ғана жұмыс істейді. Сондықтан партиядан көмек сұрадым. Өтінішім жерде қалған жоқ. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Балаларымызға спорттық киімдер, оқу құралдары бар сөмкелер сыйға тартылды. Мұндай көмекті көп отбасы көрді», деді Семей қаласының тұрғыны Қарлығаш Түсіпова.

Айта кетсек, «Баланы мектепке даярлайық!» қайырымдылық акциясы осымен 12 жыл қатарынан өткізіліп келеді.