• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2014

Алыс аудан Айшықтары

258 рет
көрсетілді

Облыс орталығынан шалғай жатқан Ақжар ауданының тұр­ғындары «Қазақстан-2050» Стра­тегиясының талаптарын орындау жолында зор қажыр-қайратпен, үлкен ұйымшылдықпен еңбек етіп жатқанын осы жолғы іс­са­парымызда көз жеткізіп қайттық. Әкімдік қызметке кіріскеніне бір жылға таяп қалған Мұхит Тұрысбековпен екеуара әңгіме атқарылған жұмыстар төңірегінде өрбіп, одан әрі алдағы биік межелерді іске асыру жайына ойысты. Ол Елбасының әлеуметтік-экономикалық дамудың ең өткір мәселелеріне қатысты нақты міндеттер қоюына байланысты халықтың өмір сапасын, тұр­мысын көтеруге бағытталған кешенді шаралар түзілгенін, бас­ты назар атқарушы органдардың жұмыла еңбек етуіне аударылып отырғанын атап өтті. Мұхит Сексенбайұлының айтуынша, аудан экономикасындағы жалпы өнімнің 80 пайызын ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Осы сала елді мекендердің жақ­сарып, әлеуметтік инфра­құ­ры­лымдардың өркендеуі мен халық табысының артуына әсер ететін басты көрсеткіш саналады. Сол себепті, мемлекет тара­пы­нан көрсетіліп жатқан қолдау­ларды іскерлікпен әрі тиімді пай­далана отырып, жоғары көрсет­кіштерге жету жолдары тынбай қарастырылып келеді. – Былтыр 12 миллиард 963 миллион теңгенің ауыл­ша­руа­шылық өнімдері өндірілгенін ес­керсек, егіншілік пен ата кә­сіпке басымдық беру бас­ты бағ­дарымыз болып қала береді. Мем­лекет басшысының етті мал шаруашылығын дамыту тап­­сыр­­масын жүзеге асы­руға бағыт­­талған үкіметтік бағдар­лама­­ларға белсене қатысу нәти­же­сінде соңғы үш жылда мал шаруашылығында тұрақты өсім байқалып отыр. 12 шаруашылық 117 миллион теңгеге 1500-ге жуық ірі қара малын сатып алса, 514-ін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы, 864-ін өз қаражаттары есебінен игеру мүмкіндігіне ие болды. Бір қуантарлығы, мал ша­­руа­­шылығына республикалық бюд­жеттен берілетін субсидия мөл­­шері артып келеді. Өткен жылы тұқым жаңарту бойынша 42 шаруа қожалығы 2356 басқа 32,9 миллион теңге, жемазықты арзандату мақсатына 6,9 миллион теңге демеуқаржы алды. Жем-шөп әзірлеумен айналысушылар үшін бір гектарға 1,5 мың теңге суб­сидия бөлінсе, енді 9 мың теңгеге дейін көтерілді, дей келіп, М.Тұрысбеков дамыған 30 елдің қатарына қосылудың бірінші ке­зеңінде экономикамыздың дәс­­түрлі салаларының қарқын­ды өсімін қамтамасыз етіп, қуат­ты индустриялық өңдеуші сек­тор құру қағидатына орай жаңа кәсіпорындар мен шаруа­шы­лықтар ашу межеленіп отырғанына тоқталды. Биыл өнер­кәсіп саласы бойынша 200 мил­лион теңгенің 6 жобасы іске асы­рылады. «Ақжар Инвест» ЖШС сыртқы қаптауға арналған өр­нектастар мен габродиорит шығаруды діттесе, қиыршықтас өндіру мен өңдеу саласына 5 компания жұмылатын болады. «Керей жер», «Шаймерденов», «Бекболатов», «Нұрғожин» се­кілді шаруашылықтар мал фер­малары құрылысын салумен айналысады. «Жұмыспен қам­тудың жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы аясында Талшық ауы­лының жолдарын жөндеуге 20 миллион теңге, елді мекендерді абаттандыруға 16 миллион 565 мың теңге қарастырылған. Әрине, барды қанағат етуге, тоқмейілсуге әлі ерте. Елді мекендерді таза ауызсумен қамту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, жалақы мөлшерін көбейту, медицина мекемелерін жоғары білімді мамандармен толықтыру бағыттарында шешімін күткен мәселелер жетіп артылады. Ауданда орташа жалақы мөлшері 60 мың теңге төңірегінде ғана. Бұл облыстық көрсеткіштен көп төмен деген сөз. Оның көлемін 84 мың теңгеге жеткізу ұмтылысы құптарлық. Бірақ қандай ішкі-сыртқы резервтерге арқа сүйері белгісіз. Түйінін тапса, іске асырылатын шаруа екені түсінікті. Елбасы Қызылжар өңіріне келген бір жұмыс сапарында солтүстік облыстарда ірі астық компанияларымен жұмысты жолға қою керек, өйткені, оларда жұмыскерлер жылдың тек 5-6 айында ғана еңбек етеді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында орташа еңбекақы өңірлердегі ең төменгі деңгейде 56 мың теңге. Бұл мәселе жан-жақты талдау жасауды және шара қабылдауды қажет етеді. Облыста ауылшаруашылық өнімдеріне еңбекақы төлеу үлесі 2011 жылы 30 пайыз рентабельділіктің бар болғаны 5 пайызын құрады. Жекеменшік компаниялар ауылға мамандар жетіспейтіні туралы айтады, ал өздері тиісті еңбекақы төлемейді. Бұл мәселемен тек мемлекет айналысуда. Оған бизнестің де араласуы қажет, деп атап көрсеткен болатын. Осы өзекті мәселені талқылауға облыстық әкімдіктің бірнеше мәжілісі арналды. Тиімді шаралардың қабылдануы нәтижесінде жалақы берешегі азайып, орташа айлық еңбекақы өсімі біршама ұлғайды. Десек те, ең төменгі еңбекақы ауыл шаруашылығы саласында қалып отыр. Ең бастысы, лайықты деңгейдегі жалақының болуы және уақтылы қолға тиюі өте маңызды. Кедейшілік деңгейін азайтып, тұрақты жұмыс орындарын ашу да басты міндеттердің бірі. Қолданылған шаралардың арқасында былтыр 1197 адам жұмысқа орналастырылған. Десек те, 249 отбасының тұрмысы төмен санатқа жатқызылуы ойландырмай қоймайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар аз емес. Мүгедектерді оңалту бағдарламасына 27 адам ғана тартылған. «Ауылдағы кәсіп­керлікті және тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құру» бағыты бойынша азаматтарды оқыту, шағын несие беру, озық жобалар ұсыну жайы да қанағаттандыра бермейді. Жұмыс берушінің тапсырысы шеңберінде көшіп келу және оқыту арқылы жұмысқа орналасу жәрдеміне ірі кәсіпорындардың тартылуы көңіл көншітпейді. Өткен жылғыдай биылғы көктемгі, күзгі дала жұмыстары егіншілерге әжептәуір салмақ түсіргелі отырған сыңайлы. Аудандағы егіс алқаптарының 70 пайызы «Богби» фирмасына тиесілі. Монополист компания иелігінде сондай-ақ 13 ша­руашылық, 3 элеватор бар. Оның басшысы қамауға алынғаннан кейін елеулі қиындықтар туын­даған. Салық қарызы 200 миллион теңгеге жуықтаған. Мардымсыз жалақының бірнеше айлап кешіктірілуіне жұмысшылардың еттері үйреніп кеткен. Онда­ған мың гектар жерге дән сіңі­ріл­мегендіктен, ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталмағандықтан, арамшөп басып кеткен. Жер телімдері мен қымбат техникалар банктерге кепілге алынғандықтан, кәсіпорынның мүлкінен айыру шектеуі қойылған. Аймақ басшысы С.Ескендіровтің те­геурінді ықпалы арқасында былтыр «Солтүстік» компаниясына егінжайға 100 мың гектар алқап босатып берілген. Біздің аудан орталығынан кейін атбасын тіреген жеріміз Ленинград ауылдық округінде орналасқан кәсіптік-техникалық колледж болды. Директордың оқу-өндірістік мәселелер жөнін­дегі орынбасары Амангелді Кө­пеев бұрынғы лицейге колледж мәртебесі берілгелі материалдық-техникалық базаның нығайғанын жеткізді. Республикалық бюджеттен бөлінген 25 миллион теңгеге «Енисей-1200» комбайны, 5 тұқымсепкіш, «МТЗ-82» тракторы, интерактивті тақталар, компьютерлер, тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алынған. 1967 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан оқу орны бүгінде информатика операторы, тігінші, дәнекерлеуші, тас қалаушы, ағаш шебері, тракторшы, жүргізуші мамандарын дайындайды. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша 75-100 адам қабылданып, 60-70-тейі бітіріп шығады. Қазір оқып жатқаны – 152 адам. Оқу корпустарының, екі ­спорт залының, 75 орынға лайық­тал­ған жатақхананың талапқа сай жабдықталғаны байқалады. Жылыжайға көкөніс, 1000 гектар жерге бидай егіліп, олардан түскен қаржы ішкі қажеттілікке жұмсалады. 30 жыл жұмыс өтілі бар информатика пәнінің мұғалімі Гүлсан Тәкежанқызы оқушылардың оқуға деген талабын, ынтасын жоғары бағаласа, 12-ші топтың оқушысы Данияр Оразалин стипендия алатынын, болашақ жұмыс орны әзір екенін мақтанышпен жеткізді. 85 бала бір мезгіл тегін тамақтанады. 6 жылдан бері оқушыларды кәсіби шеберлікке баулып келе жатқан оқу-өндіріс шебері Рахат Әбіловтің шеберханасы мақтаулылар санатында. Бұрын аудан орталығы болған Ленинград ауылында да жан сүйсінетін игі істер кеңінен қанат жайған. Өнеркәсіп саласының негізгі ошағы Ленинград және Талшық округтеріндегі қиыршық тас өндіру мен оны өңдеу саласы саналады. 2013 жылы 247,5 мың текше метр қиыршық тас өңделіп, өнім көлемі 107,6 пайызға ұлғайған. Ленинград, Дәуіт, Қызылту секілді үш елді мекенді біріктіретін округте жұмыс істейтін 27 ЖШС мен 44 шаруа қожалығына тиесілі егістік алқабы – 58 мың гектар. Жолбастаушымыз аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Айбек Хоршаттың сөзіне қара­ғанда, үкіметтік бағдарламаға қатысушылар қатары өсе түскен. «Талпын Агро», «Керей» шаруа­шылықтары осындай қолдаудың арқасында шаруаларын ұршықша үйіріп, ондаған жұмыс орындарын ашқан. Иесіз қалған нысандар кәсіпкерлердің меншігіне беріліп, ішкі-сыртқы әсемдігімен көз тартатын сауда, мәдениет орындарына айналдырылған. Біз осында Бекайдар Жаңа­­­баев деген іскер кәсіпкермен та­ныс­тық. Ол агробанктің төрт қабыр­ғасы қалқиған ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, ауылдастарына кешенді сауда орталығын сыйлаған. Қаладағыдан еш кем емес. Ет, сүт, бакалея бөлімдері, наубайхана, ұялы телефон, аяқ-киім жөндейтін шеберхана тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бекайдардың «бауырым Айдар­хан екеуміз осымен төртінші ­сауда нүктесін пайдалануға беріп, 45 ауылдасымызға жұмыс тауып бердік. Тағы бір ескі нысанды қалпына келтіріп, жұмысшылар үшін баспана тұрғызбақпыз. Мал фермамызда 8 адам қа­зақтың ақбас сиырын, жылқы, қой өсірумен шұғылданады. Ет өнімдері тікелей өзіміздің сау­да орындарына жеткізіледі. Техника, жұмыс күші, жайылым жеткілікті», деген жүрекжарды сөздерін сатушы Қуантай Әбілова да растады. Біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалдым. Қазір нан-кәмпит бөлімінде сатушымын. Жалақымыз жақсы. Жолдасым екеуміз үш бала өсіріп отырмыз. 3 жылқы, 4 сиыр, 20-шақты қой ұстаймыз. Қаз, бройлер құсын семіртіп, сата­мыз. Ауылда шыбық басын сын­дырмайтындардың тірлігіне таңғаламын. Қоғамдық жұмысқа жұмсаса, еңбекақысы аз деп кергиді. Солардың қатарында алпамсадай жігіттердің жүргені ұят, дейді ол. Жуырда осы ауылда 16 пәтерлі тұрғын үй іске қосылып, бірінші кезекте жетім балалар мен жас отбасылар үлкен қуанышқа бөленді. Олардың жұмыс жайы да оңтайлы шешіліпті. Алайда, кварц құмын, қиыр­шық тас өңдейтін кәсіп­орын­дар­дың жауыннан кейінгі саңы­рауқұлақтай көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қой­май­ды. Осындайда мұндай сан қуа­лаушылықтан гөрі сапа мәселесін бірінші кезекке шыға­рудың, сауда-саттықтан гөрі озық тех­нологияларға негізделген қуат­ты зауыттар орнатудың уа­қы­ты жеткен жоқ па деген сауал еріксіз туындайды. Өйткені, же­кеменшік ұйымдардың дені шикізат сатудан пайда тауып, ал өңделген өтімді өнім шығаруға, ин­вестиция салуға асықпайтын тә­різді. Оның бір ұшығы Ре­сей­­­дің көршілес Омбы облы­с­­­ы­на теміржол қатынасының болмауы­на тірелетін сияқты. Төте жол­дың үзіліп қалуы салдарынан қоймаларда дайын өнімдердің жатып қалуы жиі кездеседі. «Данил» шаруа қожалығының директоры Руслан Ялдаров ты­ғыз шаруалармен облыс орта­лығына жүріп кеткендіктен, оның көмекшісі Оразбай Бай­ма­ғамбетовті сөзге тарттық. – 2006 жылы Ақжарқын ауы­лында жеке шаруашылық ретінде құрылып, бидай өсірумен айналыстық. Өзгелердің астығын тасымалдап, ақша табуға ар­лан­ған жоқпыз. «Алабота» кең­шары тарағанда екі ескі мал қорасы еншімізге тиді. Осылайша, қаражатты тірнектеп жинап жүріп, қотандағы 40-50 шопан ата түлігін көбейтудің жолын іздестірдік. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­цияның қаржылық қолдауымен Жезқазған жақтан бір мыңдай еділбай қойын сатып әкелдік. Былтыр асыл тұқымды қой шаруашылығы мәртебесін иелендік. Жолдардың ой-шұңқыр­лары тегістеліп, көлік инфра­құ­рылымының біраз жақсарып қалғаны аңғарылады. Ауданда ұзындығы 484 шақырым автомобиль жолы бар, оның 75 шақырымы республикалық маңызға ие. Жергілікті жолдарды ұстау, жөндеу жұмыстарына 100 миллион теңге жұмсалған. Ауылішілік жолдарды қалпына келтіру жайы да оңғарыла бастаған сияқты. Аумақтарды дамыту бағдарламасы арқылы Талшық пен Ленинград елді мекендерінің ішкі жолдары жөнделсе, «Жұмыспен қам­ту-­­2020» бағд­арламасы шең­бе­­рінде бұл мақсатқа 18 миллион теңге бөлінген. Сол сияқты «Ақбұлақ» бағ­дарламасы бойынша 23 елді мекеннің су құбырла­рын жаңалаудың жобалау-сме­талық құжаттамалары әзірленген. Үш ауылдың 500-ден астам үйлері орталық су жүйесіне қосылған. Мұның бәрін ауыл тұрғын­дарын әлеуметтік жағынан қор­ғауға бағытталған өмірлік маңызы бар шаралар ретінде қабылдасақ, күнгейі басым мәселелер ретімен шешілетініне сенгің келеді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы.