Нұр-Сұлтанда өңірлерден келген тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Әр сенбі мен жексенбі сайын ұйымдастырылатын жәрмеңке 13 қарашаға дейін жалғасады. Елордада алғашқы болып Түркістан облысының шаруалары өз өнімдерін ұсынды.
Өңірден келген 70-тен аса ауыл шаруашылығы өндірушілері 535 тонна өз өнімдерін ұсынды.
«Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 113,5 тонна ет және ет өнімдерін, 165,5 тонна көкөніс, 23 тонна картоп, 72 тонна сүт өнімдерін, 69 тонна бақша өнімдерін, 34 тонна жеміс-жидек, 8 тонна бал, 31 тонна жеміс шырыны мен консервіленген өнімдерді, 11 тонна балық, 20 мың дана жұмыртқа және 2 тонна нан-тоқаш өнімдерін ұсынды. Өнімдер нарық бағасынан 15-20% төмен бағамен сатылды. Жәрмеңке концерттік бағдарламамен жалғасты», деді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов.
Биыл тұрғындардың өтініші бойынша ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу орны «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы жанындағы алаңнан «Барыс Арена» мұз сарайына қарама-қарсы аумаққа ауысты. Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаровтың айтуынша, жәрмеңкелер «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаңда, Тұран, 48 мекенжайында өтеді.
«Жалпы, апта сайынғы ауылшаруашылық жәрмеңкелері өз жұмысын осы жылдың 11 маусымында бастады. Оған Ақмола және Қарағанды облыстарының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тауар өндірушілері қатысты. Тек екі күннің ішінде жәрмеңкеде 100 тонна өнім сатылды. Сонымен қатар елордада екі аудан аумағында демалыс күндері жәрмеңкелер өткізіледі. Есіл ауданында Сауран көшесі, 7 мекенжайында ұйымдастырылады. Өткізу күндері – сенбі-жексенбі», деді Қ.Сапаров.
Алматы ауданында жәрмеңке Жүргенов көшесі, 27 мекенжайы бойынша өтеді. Бұл да сенбі-жексенбіде сатып алушыларды шақырады. Жәрмеңкеге азық-түлік тауарларын көтерме жеткізушілер, Қарағанды және Ақмола облыстарының жақын аудандарындағы шаруа қожалықтары, сондай-ақ «Шапағат» базарының көтерме саудамен айналысушылары қатысады.