• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 01 Қыркүйек, 2022

Қазақстанда астық пен ұн экспортына қойылған шектеулер алынып тасталды

273 рет
көрсетілді

Қазақстанда ведомствоаралық комиссияның шешімімен астық пен ұн экспортына шектеу алынып, мал экспортына квота белгіленді, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің сайтына сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі орынбасары - Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғариннің төрағалығымен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысы өтті. Онда астық пен ұнды экспорттауға шектеулерді алып тастау және ірі қара мен ұсақ малды экспорттауға квота белгілеу жөнінде шешімдер қабылданды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда дәнді дақылдар жақсы жиналады деп күтілуде. Биыл 13 миллион тоннадан астам бидай жинау жоспарланған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12 пайызға артық. Ішкі тұтыну үшін шамамен 6,5 миллион тонна қажет. Мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП, Астық одағы, Астық өңдеушілер одағы өкілдерімен, «Шопан-Ата» ұлттық агро-қозғалысының басшысымен бидай мен меслинді, бидай ұнын экспорттауға сандық шектеулерді (квоталарды) алып тастаудың орындылығын жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша, сондай-ақ АШМ болжамы негізінде астық пен ұн экспорттауға шектеулерді 2022 жылдың 10 қыркүйегінен бастап алып тастау туралы шешім қабылданды. Еске сала кетейік, бұл шектеу Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2022 жылғы 8 шілде мен 30 қыркүйек аралығына енгізілген болатын.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне астық экспортына мониторинг жүргізу және астық пен ұн экспортын одан әрі реттеу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Сондай-ақ отырыс барысында аналық мал басын қоспағанда, ірі қара және ұсақ қара малды экспорттауға сандық шектеу (квоталар) белгілеу мақұлданды.

Статистикаға сүйенсек, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, ірі қара мал саны - 9,4 миллион бас, оның ішінде 4,5 миллион сиыр, 3,2 миллион төл бар.

Қошқар экспорттауға 60 мың бас немесе жалпы мал басының 9 пайызы, сондай-ақ 120 мың бас тоқты немесе жалпы мал басының 10 пайызы мөлшерінде квота белгілеу туралы шешім қабылданды.

2022 жылғы 21 қаңтар мен 21 шілде аралығында ірі қара және ұсақ малды экспорттауға тыйым салынған болатын.