Атырау облысына қарасты Жылыой ауданына Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі мұнайшы Хасан Алдақов есімі кеңінен танымал. Ол қан майданнан аман оралып, талай қазыналы кен орындарын ашуға белсене қатысқан азамат, бар саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған мұнайшы еді.
19 жасында әскерге алынған жас елге Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, яғни, 1945 жылдың қарашасында жетті. Ардагердің майдан жолына көз жүгіртсек, қатардағы жауынгерден Ленинград пен Карель майдандарында бөлімше командиріне дейін көтерілген. Ал 1945 жылы Омбы қаласында офицерлер курсын тәмамдаған.
Зұлмат жылдардан соң ел экономикасы тұралап қалса да, бейбіт өмірмен қауышқан елдің қуанышында шек болмады. Алайда, етігімен қан кешіп келген сарбаздарды, елде де жеңіл тұрмыс күтіп тұрмады. Жауыр арқалар тағы да ауыр еңбектен қайыса түсті. Майданның локомотиві болған Доссор мен Жылыойдың мұнайы соғыстан кейін де барша одақтас елдің экономикасын көтерді. Хасан Жауылбайұлы елге келген соң, атакәсібімен қайта табысты. Сөйтіп, бастапқыда екі жылдай «Ембімұнайгаз» бірлестігі Құлсары мұнай кәсіпшілігінде техник қызметін атқарды. 1948 жылы Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтына түсіп, оны 1953 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.
Сөйтіп, қолына дипломын алған жас маман теориялық білімін кен орындарында тәжірибемен ұштастыруға кірісті. Жылыой мен Мақат аудандарындағы кеніштерде алдымен бұрғышының көмекшісі, бұрғышы шебер, кейін инженер және бөлім бастығы болады. «Қазақстанмұнайбарлау» бұрғылау шебері қызметін атқарды. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінде Түбежек, Жетібай кеніштерін игеріп, тер төкті. Ал, 1965-1975 жылдары Өзен бұрғылау басқармасында учаске бастығы, инженерлік-технологиялық орталықта ауысым жетекшісі міндеттерін де атқарды.
Ұлы Отан соғысы мен бейбіт тірлікте алған марапаттары азаматтың айшықты тұлғасын одан әрі айқындай түсті. Хасан Алдақов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алған. Оның омырауында «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медальдары жарқырады. Байырғы майдангер, білікті мұнайшы 1981 жылдың қарашасында өмірден өтті. Есімі «Қазақстан мұнай энциклопедиясы» кітабына енді. Ұрпақтарының ендігі арманы – елім, жерім деп өткен әкелерінің есімін асқақтату.
Осы орайда, Хасан Алдақовтың атына өзінің туған жері Жылыой өңірінен көше берілуіне жергілікті мәслихат ықпал етсе, дейді олар.
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан».