• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2014

Украина: ақпараттар алуан түрлі

262 рет
көрсетілді

Украинадағы ең соңғы басты жаңалық – Донецк мен Луганск облыстарындағы референдум бойынша да екі жақтан барынша қарама-қайшы ақпараттар түсіп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, Украинаның оңтүстік-шығысында орналасқан осы екі облыс елдің орталық билігін мойындамай, Донецк Халық Республикасын жариялаған еді. Енді өздерінің сол шешімдерін референдум арқылы халықтың қолдауымен бекітті. Жексенбі күні осы референдумның дауыс беру процесі болды. «Еуроньюс» ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда, ресми Киев бұл акцияны сепаратизмнің көрінісі деп қабылдап, референдумның қорытын­дысын мойындаудан үзілді-кесілді бас тартатынын мәлімдеді. Украина президенті әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Сергей Пашинский дауыс беру қорытындысын әлемнің бірде-бір мемлекеті мойындамайды деген сенім білдіре отырып, оған қатысқан лауазымды тұлғалар жауапқа тартылады деп те мәлімдеген. «Бұл – референдум дегенге ешқандай қатысы жоқ дүние. Мұны террористер, бандиттер және кісі өлтіруші жауыздар өз қылмыстарын Луганск және Донецк облыстары тұрғындарының атын жамылып, жасыруға жасаған сәтсіз қадамдары деп ұғу керек», дей келіп, Пашинский миллиондаған халық тұратын территорияда нағыз референдум болу үшін оған бірнеше мың сайлау учаскелері мен сайлау комиссиялары ұйымдастырылуы керек деп санайтынын айтқан. Енді ресейлік ақпарат құралдарына сөз берейік. Мұндағы кейбір БАҚ-тардың арасында аздаған сәйкессіздіктер болғанымен, ресейлік негізгі ақпарат көздері Донецк мен Луганскідегі референдумның өте сәтті өткенін жазады. Мәселен, ресейлік «Газета ру» интернет газетінің хабарына қарағанда, «Донецк халықтық республикасы» деп аталатын ешкім танымаған құрылымның орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, «Донецкінің мемлекеттік дербестігін қолдап сайлаушылардың 89,7 пайызы дауыс берген» Славянск қаласындағы «өзін өзі қорғау өкілінің айтуынша, алдын ала есептеулерге қарағанда, тек 10 пайыз сайлаушылар ғана тәуелсіздікке қарсы, ал 90 пайызы жақтап дауыс берген», дейді «Газета ру». Сонымен қатар, орталық сайлау комиссиясының аты көрсетілмеген өкілінің айтуына қарағанда, алдын ала болжам бойынша референдумға Донецк облысы тұрғындарының 90 пайызы қатысыпты. Осы БАҚ Еуроодақ дипломатиялық қызметінің басшысы Кэтрон Эштонның баспасөз хатшысы Майя Кочиянчичтің мәлімдеуіне қарағанда, Еуроодақ бұл референдумды мойындамайтынын жазған. Ресейлік кейбір ақпарат құралдары, соның ішінде «Московский комсомолец» Донецкідегі дауыс берудің белсенділігін «Очередь, как на Мавзолей!» деп жазған. Осы басылым ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының президенті Ранко Кривокапичтің «Мұндай референдумсымақтарда халықтың еркін және әділетті дауыс беруі туралы ойлаудың өзі абсурд» деген сөзін, АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джен Псакидің оның қорытындысы ешқашан мойындалмайтындығы туралы мәлімдемесін, тіпті, Ресей Президенті В.Путиннің референдумды кейінге қалдыра тұру керектігі туралы айтқанын келтіре отырып, сайлаушылардың белсенділігі ауыз толтырып айтарлықтай екеніне тәнтілігін білдіреді. Түске дейін-ақ ОСК төрағасы Р.Лягиннің мәліметі бойынша, Донецк облысында сайлаушылардың – 30, Луганск облысында ОСК төрағасы А.Малыхиннің айтуына қарағанда, сайлаушылардың 65 пайызы дауыс беріп үлгерді, деп жазады басылым. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».