• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2014

Қазақстаннан шыққан суретшілердің ресейлік көрмесі

314 рет
көрсетілді

Қостанай қаласындағы көркемсурет галереясында ерекше көрме өтті. Осыдан отыз жыл бұрын Арқалық педагогика институтының көркемсурет факультетін бітіріп, кейін Ресейде қызмет істеген бір топ суретшілер өз шығармаларын қостанайлықтар наза­рына ұсынды. Көрмені ұйымдастыруға институт түлек­тері мен сол кездегі оларға сабақ берген ұстаз­дар­дың бастамасы себеп болды. Көп жылдар кездес­пеген түлектер көрмеге өз шығармаларын қойып, дос­­тармен кездесу үшін Ресейдің Нижневартовск қа­ла­сынан, Башқұртстаннан, Қазақстанның әр шал­ғайынан Қостанайға келді. Галереяның екі залына бірдей ілінген әр жанрда жазылған шығармалардан, гобелендерден, мүсіндерден тарихи көрші екі елдің, орыс орманы мен қазақ даласының сипатын көр­гендей боласың. Институт түлектері арасында Ниж­­невартовскіден келген Рамазан Шайқұловтың, Ра­гиза Шайқұлованың, Юрий Бычковтың, Ерік Хұ­сайыновтың және башқұртстандық Виталий Ша­пова­ловтың шығармалары Ресейге танымал болып қалған. – Көрмеге қатысушы суретшілер негізінен Ресейдің Нижневартовск қаласынан келді. Олар сон­дағы университетте қызмет істейді және шығар­машылықпен айналысады. Өнер барда екі ел, екі халық арасындағы байланыс үзілмек емес. Біз­дің түлектер осы көрме арқылы көрші елдер ара­сындағы үзілмейтін алтын тін секілді рухани бай­ланыстың мәңгі жасайтынын дәлелдеп отыр. Олар­дың суреттерінен Сібірдің, хакас халқының руха­ни дүниесін, табиғатын көреміз. Біздің түлектер Ре­сейде тұрса да, олардың шығармашылығынан дала­ның, туған жердің бейнесін ұмытпағанын байқап қаласыз. Мысалы, Уфада тұратын Виталий Шаповалов шығармасында негізінен қошқар мүйізге көбірек сүйенеді. Бұл суретшінің туған жерге деген сағынышын қылқалам арқылы жеткізуі және тарих тереңіндегі түбіміздің бір екенін меңзейді, – дейді осы түлектерді тәрбиелеген белгілі өнертанушы Мария Жұмағұлова. Көрмені қостанайлықтар бірнеше күн тамаша­лады. Ал Арқалық педагогика институтынан қанат­танып ұшқан ресейлік суретшілер мен жергілікті қылқалам шеберлері шығармашылық кездесу өткізіп, өзара ой бөлісті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.