• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2014

Қазақстан – маңызды саяси бастамалардың ұйымдастырушысы

331 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Тұрарбек АСАНОВПЕН әңгіме – Тұрарбек Мәжіл­ұлы, еліміз адамзат үшін құнды бастамалар көтеретін және сол бас­тамалары үлкен қол­дауға ие болатын бе­делді мемлекетке айналды. Осыған тоқ­талып өтсеңіз? – Қазақстан қай жа­ғынан алсақ та жан-жақ­ты нығайып келеді. Қа­лыптасудың қиын жолдарынан өттік. Саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар ойдағыдай жүр­гізілді. Егемен елдің негізгі қағидаттарын айқындап алуға қол жеткіздік. Көрші мемлекеттермен шекарамыз айқындалды. Бұл – тәуелсіздіктің басты қағидаттарының бірі. Өйткені, бұрын мемлекеттік шекара тек КСРО мен Қытай арасында ғана болған еді. Елбасының ауқымды жұмыстарының бірі – осы еліміздің шекарасын бекіту болды. Терең түсінген адамға ол ең бір қиын жұмыс екені анық. Қазақстан өзімен көршілес жатқан Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қыр­ғызстан және Түркіменстан ара­сын­дағы мемлекеттік шекарасын нақты айқындап, халықаралық құжаттар негізінде бекітіп алды. Шекараны бе­кі­ту – ел қауіпсіздігінің ең басты құралы. Алғашқы күннен бастап алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық байланыс жасап келеміз. Қазақ елі бүгінде әлемнің көптеген елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатты. Соның нәтижесінде Отанымызға инвес­тиция тартуға жол ашылды. Бұрын әлем жұртшылығы көбіне Кеңес өкіметін және Мәскеу қаласын ғана білетін. Президенттің жылдар бойы көрегендікпен жүргізіп келе жат­қан сыртқы саясатының арқасында Қазақ елін және қазақ халқын әлем жұрт­шылығы біле бастады. Бүгінгі таңда шетелдіктер Қазақ мемлекетін Пре­зи­дент Н.Назарбаев арқылы біледі. Шы­нымен де, біздер де өзге елдерді, біріншіден, оның ел басқарып отырған тұлғаларына қарап білеміз. Екіншіден, елдің тарихы, өнері мен мәдениеті, спорттағы жетістіктері арқылы білеміз... – Қазақстан маңызды саяси бас­тамалар да көтеріп келеді ғой... – Елімізді әлемге кеңінен таныту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Елбасымыз жаһандық мәселелер бойынша бас­тама көтерудің көшбасшысы болса, Қазақстан – маңызды саяси бастамалардың ұйымдастырушысы. Мысалы, әлемде бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Енді жер бетінде бейбітшілік орнату, адамзат баласын жаппай қырып-жоятын қарулардан бас тарту жолында күресіп келеді. Оны жақтаушылар қатары уақыт өткен сайын арта түсуде. Сонымен қатар, Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру тақырыбында көптеген халықаралық ірі жиындардың өтуіне ықпал етті. Саяси үнқатысу алаңдарын ұйымдастырып, ортақ келісімдерге қол жеткізу үшін еліміз қыруар істер атқарды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті, Ұйымның саммитін өткізді. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларын Астана төріне жинап, ортақ мәмілеге келтіру беделі зор сарабдал саясаткердің ғана қолынан келетін іс. Елімізді танытуда спортшылардың табысы да айтарлықтай. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» саңлақ­тары­мыз әлемдік додаларда және Оли­пиадаларда жеңімпаз атанып, аспанкөк Туымыз бен Әнұранымызды аспандатуда. Сондай-ақ, Қысқы Азия ойындары сияқты ірі спорттық жарыстарды абыройлы өткіздік, тәжірибе жинақтадық. Енді Студенттердің дүниежүзілік универсиадасын өткізгелі отырмыз. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу мәртебесіне ие болуымыз да мемлекетіміздің танымал бола түсуіне, әлемдік бедел жинауына қызмет жасайтыны сөзсіз. Осы көрмеге бес миллиондай адам келіп, жетістіктерімізді өз көздерімен көріп, тамашалайтын болады. Мәдениет пен өнердегі табыстарымызбен және тарихи құндылықтарымызбен, өнеркәсіп пен өндірістегі атқарылып жатқан жұмыстарымызбен танысады. – Еларалық ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстанның рөлі қандай? – Қазақ ежелден татулықты, ынтымақты сүйетін халық. Араздасып қалған адамдарды қайта достастырып жіберу қасиеті де ұлттық мінезімізде бар. Біздің еліміз де осындай ұстанымға сүйенеді. Елбасымыз әлемде бейбітшілік орнату бағытында көптеген істер атқарып жүр. Екі ел арасында дау-жанжал туындай қалса, олардың ортақ бітімгерлікке келуіне күш салады. Мәселен, 1980-жылдардың соңын­да Әзербайжан мен Ар­мения арасында Қарабақ жанжалы орын алды. Олардың ымыраға келіп, қақтығысты тоқтатуына біздің Президентіміз ат­салысты. Одан кейін Грузияда қақ­ты­ғыстар болған кезде де түйінді мәселені бейбіт жолмен шешуге ықпал етті. Сондай-ақ, Ауғанстанда бейбітшілік орнату ісіне араласты, оларға гуманитарлық көмек көрсетілді. Бүгінде көптеген ауғандық жас еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Соңғы жылдары түркітілдес мем­лекеттердің өзара жақындасуы жедел қарқынмен жүруде. Жаһандық даму кезінде саяси-экономикалық, мәдени байланыстардың маңызы зор. Сонымен бірге, бауырлас халықтардың ортақ құндылықтарын сақтап қалу қажет. Осы мақсатта 2006 жылы Анталияда өткен Түркітілдес мемлекеттердің 8-саммитінде Қа­зақ­стан Президенті Н.Ә.Назарбаев Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясын құру идеясын көтерді. Түркия Президенті Абдулла Гүлдің «Нұрсұлтан Назар­баев – түркітекті мемлекеттердің көш­бас­шысы» деген сөзі бар. Бұл біздің Елбасымызға көр­сетілген ерекше құр­мет деп білемін. – Қазақстан әлемде дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Ендігі мақсат – отыздыққа ену... – 1997 жылы Президент Назарбаев «Қазақстан-2030» Стратегиясын ұсынғанда, көп адамдар оны утопия деген. «Ол іске асатын мақсат па, жоқ па?» деп сене алмаған еді. Өйткені, ол кезде елдің де, халықтың да жағдайы онша жақсы емес болатын. Көптеген кәсіпорындар тоқтап қалған-ды. Зейнеткерлер зейнетақысын, бюджеттік мекеме қызметкерлері жалақысын ала алмай, қиналып жүрген кезең еді. Ішкі дағдарыстың әсерінен әлі шыға алмай жатқан елдің болашағы аталған бағдарламадағыдай ғажап болады дегенге шынымен де сенуің қиын-тұғын. Алайда, Елбасы осы мақсатқа жететінімізге халықты сендіре білді. Сөйтіп, 2012 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясында көзделген межені бағындырды. Негізгі көрсеткіштер бойынша жоспарлар орындалды. Енді алдымызға одан да биік мақсат қойып отырмыз. – Тұрарбек Мәжілұлы, еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға Парламент депутаттары қандай үлес қосуда? – Қазақстан парламентшілері елімізбен ынтымақтастық орнатқан елдердің жоғары заң шығарушы органдары мүшелерімен өзара кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасып отырады. Сонымен қатар, ТМД Парла­мен­т­аралық Ассамблеясымен, ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамблеясымен, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассам­блея­сы­мен, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ас­сам­блеясымен, Ұжымдық қауіпсіз­дік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясымен және басқа да халық­аралық парламенттік ұйымдармен белсенді қарым-қатынас жасап келеді. Осы ұйымдардың сессиясына қатысқан кезде, біздің депутаттар Қазақстанның мүддесін, Елбасымыздың ұстанған саясатын бірінші кезекке қояды. Ал парламентшілер басқосқан жиындарда негізінен жаһандық мәселелер талқыланады. Депутаттар, сондай-ақ, Қазақ­станның өзге елдермен жасасқан ке­лісімдерін, шарттары мен хаттамаларын заң түрінде бекіту жұмысында белсенділік танытуда. Оның барлығы ерекше маңызды құжаттар болып табылады. Соның ішінде елімізге инвестиция алып келетін жобалар да аз емес. Тәуелсіздік алған кезден бері қарай қанша келісімдер жасалған болса, соның барлығы заңмен ратификацияланды. Жалпы, еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға Парламент депутаттарының қосқан үлесі зор деп айтуға болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».