• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2014

Бассейн

455 рет
көрсетілді

Өскеменде халықаралық заманауи талаптарға сай жабық бассейн кешені жексенбі күні есігін айқара ашты. Салтанатты ашылу рәсіміне Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Гүлшара Әб­діқалықова бастаған үкіметтік делегация мен Парламент депутаттары қатысты. Суға жүзу бассейні бес блоктан тұрады. Ең негізгісінде аумағы 1050 шаршы метрді құрайтын алып бассейн бар. Көкпеңбек айдыны кішігірім көлдей болып көз тартып тұрған мұндай бассейн облыс орталығында тұңғыш рет пайдалануға беріліп отыр. Хауыз суының ең таяз тұсы 1,8 метр болса, терең жері 4 метрден асады. Зәулім де заманауи спорт нысаны суға жүзу, суға секіру, су добы, синхронды жүзу сынды су спортының барлық түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, нысанда көрермен мен жаттығу залдары, киім ауыс­тыру бөлмелері, гардероб, әкім­шілік қызметкерлері мен жат­тық­тырушыларға арналған бөлмелер, гардероб пен асхана бар. – Елбасымыз халық арасында бұқаралық спортты дамытуға, денешынықтыруға ден қоюшылар қатарын 30 пайыздан арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Спорт – денсаулық кепілі, көңіл-күйді шаттыққа бөлейтін өнер. Өскеменде соңғы жылдары ауқымды спорт кластері қалыптасқанына куә болып отырмыз. Жаңа бассейннің жанында жекпе-жек сарайы, жеңіл атлетика манежі орналасқан. Бұл – облыс орталығында спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға айтарлықтай жағдай жасалғанының көрінісі. Бүгін тұсауын кесіп отырған кешеннен келешекте үздік спорт сайыпқырандары шығатынына сенемін, – деді вице-премьер Г.Әбдіхалықова. Өңір басшысы Б.Сапарбаев Президент тапсырмасына сәйкес, жабық бассейн кешені жастардың, аймақ тұрғындарының саламатты өмір салтын қалыптастыруға сүбелі үлес қосатынын жеткізіп, бұ­қа­ралық спортпен айналысу­шылар қатарымен бірге кәсіп­қой спортшылар санын артты­ру бағытында да жұмыс жүргі­зі­ле­тінін атап өтті. Мәселен, өт­кен жылы өңірде 100-ден ас­там футбол алаңы салынды. Биыл 200 орындық спорт интер­­наты пайдалануға берілмек. Об­лыс әкімі аталған шараларға демеу­шілік танытып келе жат­қан «Қаз­цинк», «Қазақмыс», «Қаз­­атом­өнеркәсіп» сынды ком­па­нияларға ризашылығын білдірді. Аймақ басшысының айтуынша, «Туған жерге – тағзым» акциясы облыстың әлеуметтік мәселелерін шешуге көп көмегін тигізіп отыр. Акция қолға алынған алты жыл ішінде демеушілер қаржысы есе­бінен әлеуметтік нысандар салуға 23 миллиард теңге бөлінген. Кешеннің ашылу салтанатында бірқатар спорт ардагерлеріне бассейнде жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін абонементтік карточ­калар табыс етіліп, суда жүзу­шілердің сайысы өтті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН. Суреттерді түсірген Есімхан Орынбаев.