Ұлттық академиялық кітапханада ақын, публицист Ғали Ормановтың туғанына 115 жыл толуына орай «Алты Алаштан сөз оздырған» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Мәдени жиын барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ақынның шығармашылығына қатысты жаңалықтармен бөлісті.
«Жетісудағы Ешкіөлмес тауының баурайында дүниеге келіп, дүйім халықтың парасатты перзентіне айналған өнер иесінің рухани мұрасы – баршаға ортақ қазына. Ақынның лирикалық поэзиясы, отаншылдық рухтағы жырлары, көркем аудармадағы шеберлігі, жырау Жамбыл Жабаевтың шығармашылығындағы рөлі, журналистік жолы – жалпы қазақ руханиятына қосқан үлесінің қай-қайсысы да жеке-дара бөліп айтуға лайық ересен еңбек.
Биылғы мерейлі жыл аясында облыс әкімдігі Ғали Ормановтың Лев Толстойдан аударған «Анна Каренина» романының 2 томдығын басып шығаруға қолдау көрсетіп отыр. Бұл қазақ әдебиетіне, ақынның шығармашылық жолын насихаттауға қосқан азғантай үлес болмақ. Бүгінгі кеш осы ғибратты бастамалардың жалғасы деп білемін», деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетейік, рухани іс-шара Ғали Ормановтың шығармашылығымен кеңінен танысу және ғибратты ғұмырынан өнеге алу мақсатында ұйымдастырылды. Әдеби кешке елордалық зиялы қауым мен оқырмандар қатысты.